Қоғам • 14 Желтоқсан, 2019

Алматыдағы «Ана тілі» аруы» – «Жігіт сұлтаны» байқауында танысқан жастар үйленеді

621 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Он тоғыз жылдан бері республикалық «Ана тілі» ұлт газеті Алматыда және еліміздің басқа да аймақтарында «Ана тілі» аруы» байқауын өткізіп келеді. Жастардың көркі мен қабілетін сарапқа салатын  бұл байқаудың Алматы қаласы студенттерінің рухани, мәдени өмірінде орны бөлек.

Алматыдағы «Ана тілі» аруы» – «Жігіт сұлтаны» байқауында танысқан жастар үйленеді

Соңғы он жылда «Ана тілі» аруы» – «Жігіт сұлтаны» байқауы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Студенттер сенатының» ұйымдастыруымен өткізіліп жүр.

Биылғы байқауға университеттің 200-ден аса студенті қатысып, 16 факультеттің ішінен 9 факультеттің жеті аруы мен жеті сұлтаны оза шауып, ақтық мәреге жетті.

Ақтық сында ұлттың киімдеріміздің сән-салтанатына малынған жеті жұп қаздай тізіліп шыққанда жастар қазақтың тарихы мен мәдениетіне бас иіп, өзіңнің ұлы даланың иесі екеніңді сезініп, кеуделерін мақтаныш кернеді.

Ару қыздардың мәнді де мағыналы өлең жолдары замандастарын сүйсінтіп, риясыз қошеметке бөледі. Мәселен, биыл «Ана тілі» аруы» атанған филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Орынгүл Алмат:

«Тарақ батпас асылы бұрымына,

Көне бермес өзгенің ырығына.

Орынгүлмін! Нәзікпін, қырық жігіт,

Көзі тоймай қарағаны қылығына…

Тұрам әр кез арымның асқарында,

Жүрегімде орын жоқ басқа мұңға.

Мен – қазақтың қызымын, көз сал, әлем,

Даналығы – нәзіктік астарында!

Даралығы – нәзіктік астарында!» - деп қыздың нәзіктігінің астарында батырлық та, даналық та жатқанын тілге тиек етті.

Байқаудың ең қызығы және көңілге жылылық ұялатқан тұсы – «Ана тілі» аруы» байқауында танысқан, достығы махаббатқа ұласқан жігіт сүйіктісіне ұсыныс жасап, қыздың келісімін алып, сақина салды. Екі жастың бір-бірін танып-білуіне ықпал етіп, табыстырып жатса бұл да байқаудың бір ерекшелігі болар.

Жастардың білімін саралаған сайыстың Әділ қазылар алқасына «Ана тілі» газетінің қызметкері Бағдагүл Балаубаева төрайым болса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі актер Асылбек Боранбаев, СТВ телеарнасының тележүргізушісі Махаббат Нұрымбет, «Dana Habi» сән үйінің директоры Дана Нәби, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тәрбие департаментінің директоры Жұлдыз Есімова, «Goltsman» модельдік агенттігінің директоры Катрин Гольцман, театр және кино актері Сәттар Ерубаев, кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев сынды өз саласының саңлақтары төрелік етті.

Жоғарыда атап өткендей, «Ана тілі» аруы – 2019» байқауының бас жүлдесін филология және әлем тілдері факультетінің 3-курс студенті Орынгүл ­Алмат иеленді. «Жігіт сұлтаны – 2019» байқауының бас жүлдесіне физика-техникалық факультеттің 2-курс студенті Шәмшет Барақов лайықты деп танылды. Бас жүлде иегерлеріне Дубайға жолдама берілді.

 

АЛМАТЫ