Руханият • 16 Желтоқсан, 2019

Азаттық жолындағы тарихи қадам

3353 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Адамзат дамуының ұлы табыстарының бірі саналатын мемлекет әр халықтың өмірінде тағдыршешті рөл атқарды. Мемле­кеттік билікті дұрыс қалыптастырған жағдайда ол қоғамның бірігуі мен дамуына әсер етеді. Қоғамдағы ішкі қайшылықтардың алдын алады және сыртқы қауіптерден қорғайды. Ал өзінің негізі – халықтан алыстап, оның бақылауынан тыс саяси күшке айналса, қоғамның дамуына кедергі келтіреді. Адамзат тарихынан осындай қарама-қайшылыққа толы оқиғалар туралы мысалдар келтіруге болады. Тарихи тәжірибе қоғам дамуының белгілі бір кезеңінде объективті қажеттілік ретінде мемлекет пайда болатынын және ұлт тарихында прогрессивті рөл атқаруы тиіс екенін деректер дәлелдейді.

Азаттық жолындағы тарихи қадам

Әрбір халық үшін өз мемлекетін құру арман болып табылады. Мемлекеттің өмір сүруіне қауіп төнген жағдайда, оны сақтау немесе қайта жаңғыруы үшін күреске шығады. Мұндай драмалық оқиғалар қазақ халқының тарихында бірнеше рет орын алды. XV ғасырдың ортасында қалыптасқан Қазақ хандығы түріндегі орталықтандырылған мемлекет үш ғасырдан кейін қазақ қоғамының саяси өмірінен ығыстырылып Ұлы дала халқы алдымен Ресей, одан кейін Кеңес империясының құрамына кірді. Бірақ өз мемлекетін жаңғырту идеясы әрқашан халық үшін жол сілтер шамшырақ болды.

Бір өкініштісі, Абылай хан, Кене­сары және «Алаш» қозғалысы қайрат­кер­лерінің қажырлы күш-жігеріне қара­мастан, қазақтардың жоғалтқан мем­ле­кеттілігін XX ғасырдың 90-жылдарына дейін қайта жаңғырту мүмкін болмады. Аталған кезеңде құрамында басқалармен қатар Қазақстан болған Кеңес Одағы бір мезгілде шиеленіскен дағдарыстарға тап болды. Содан Одақтың ыдырауы басталды. Қазақстанда алаңдаушылық жағдай қалыптасты. Қоғамдық бірлестіктер мен түрлі бағыттағы саяси партиялар пайда бола бастады. Олардың кейбіреулері ашық немесе бүркемеленген ұлтшыл және шовинистік пиғылда болды. Тұрмыс жағдайларының күрт нашарлауынан қатардағы азаматтардың саяси белсенділігі артты.

Осындай жағдайда елдегі саяси жағ­дай­ды тұрақтандыруда сайлау жүйе­сі­не енгізілген өзгерістер елеулі рөл атқарды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары 1989 жылғы 22 қыркүйекте 1978 жылғы Конституцияға 270 депутаттың 90-ы қоғам­дық ұйымдардан, Ғылым ака­де­миясынан, шығармашылық одақтардан сайлануы тиіс деген ережені енгізді. Бұл аз болса да, нақты демократия үшін күрес­тегі жеңіс болды.

Бұған дейін депутаттыққа кандидат­тар­ды түрлі деңгейдегі партия комитеттері анықтайтын еді. Олар сайлау комиссияларына партиялық қысым әдістерін пайда­лана отырып, кандидаттарының Жо­ғарғы Кеңеске сайлануын қамтамасыз ете­тін.

Жаңа тәсілде Жоғарғы Кеңестегі осы 90 орынға партия органдарының ара­ла­суынсыз сайланған адамдар келді. Соңғы 90 депутаттың өткір және еркін пікір­таластарға белсенді қатысуымен «Қазақ КСР-нің Мемле­кеттік еге­мен­дігі туралы декларация (1990 ж.)», «Қазақстан Республикасының Мем­­ле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Кон­ст­и­т­­у­­циялық Заң (1991 ж.), Қазақстан Рес­пуб­ликасының Конституциясы (1993 ж.) сияқты аса маңызды заң актілері қабылданды. Конституцияға енгізілген осы түзетулер қоғамдық өмірді нақты демократияландырудың бастамасы болды. Олардың арқасында жаппай түрлі бағыттағы саяси белсенділік құқықтық арнаға бейімделді. Сайлау науқаны пар­тия­­лық диктаттан тыс жағдайда жүрді.

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңы және 90-жылдарының басында Кеңес Ода­ғы­ның жос­парлы экономикасы дағда­рыс­тың шыңына жетті. Дағдарыстық мәселелерді бұрынғы әкім­шілік-командалық әдістермен шешу мүмкін емес еді. Бұл факторлар одақ­тық орталық пен одақтас республика­лар арасындағы қарым-қатынасты шие­лені­стірді. Қалыптасқан жағдай одақтас рес­пуб­ликаларға үлкен еркіндік беруді қажет етті. Осыларды ескермеген одақ­тық орталық КСРО-ның құлдырауын тоқта­туға тырысып бақты. Осындай жағ­дай­да, 1990 жылғы 24 сәуірдегі заңмен Қазақстанда Республика Президенті қызме­ті белгіленді. Сол күні Жоғарғы Кеңес бірауыздан Н.Ә.Назарбаевты Прези­дент етіп сайлады.

Бұл мемлекеттік биліктің кеңестік жүйесіне тән құбылыс емес еді. Социа­лис­тік мемлекеттің жеке-дара басшысы қызметі мемлекеттік құрылыстың ле­нин­дік теориясында да, оның жетпіс жыл­­дық тарихында да қарастырылмаған бола­тын. Бірақ қоғамдық-саяси және әл­еуметтік-экономикалық белгісіздік жағ­дайында партия органдарының нұс­қауы бойынша ғана жұмыс істеуге үй­ренг­ен Кеңес өкіметінің күрделі құры­лымданған органдарының жүйесі жинақ­тал­ған және пайда болған қоғамдық проблемаларды шешуге дәрменсіз болды.

Осылардың арасында одақтық ор­ган­­дар­мен қарым-қатынас құру мәсе­л­елері аса өткір тұрды. Оларды шешу үшін рес­пуб­­ликаның өкілетті және беделді өкілі қажет болды. Бұл міндетті 1991 жылдың 1 жел­тоқсанында бүкіл­ха­лықтық сайлауда сайланған Қа­зақ­станның Тұң­ғыш Президенті атқарды. Прези­дент елді қиын жағдайдан шығарып, оның тұрақты дамуы үшін жағдай жасаушы, дағдарысты реттеуші-менеджерге айналды. Қазіргі Қазақстан тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы міндетті тамаша орын­да­ғанын көрсетеді.

Президент қызметінің белгіленуі мемл­е­к­еттік билікті «кеңессіздендіру» үде­рі­сін бастады. Бұрын тек қана Жоғарғы Ке­ңес­те шешілген көптеген мәселе енді Прези­дент­тің қатысуымен немесе ұсынысы бойын­ша қаралды. Үкімет пен басқа да мем­ле­кеттік органдардың қыз­ме­ті оларды сайлаған Жоғарғы Кеңесте ғана емес, Президент тарапынан да бақы­лан­ды.

Бірақ КСРО құрамындағы одақтас респуб­лика ретінде Қазақстанның саяси-құқықтық мәртебесі сақталды. Бұл ретте 1977 жылғы КСРО Конституциясы мен 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы рес­публиканы егеменді мемлекет деп бел­гі­ле­ге­німен, бұл іс жүзінде ешқашан болмаған еді. Барлық ішкі мәселелер одақ­тық орган­дарм­ен және партия коми­теттерімен нұсқау немесе келісім бо­йынша шешілді. Мемлекеттің басты бел­гі­сі, оны басқа саяси ұйымдардан принципті түрде ерек­ше­лейтін – еге­мен­дік конституциялық түрде сөз жүзінде жарияланды және одақ­тас республикаларға беріл­меді.

Осыдан «республикадағы басқару орган­да­рының жиынтығын мемлекет деп атауға бола ма?» деген сұрақ туындайды. Нақты айтқанда, бұл сол кездегі құдіретті КОКП-ның атқарушы және күш құрылымы деуге болады.

Сондықтан 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың басы барлық Кеңес республикалары өздерінің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдай бас­таған кездері «егемендік шеруі» ре­тін­де тарихта қалды. 1990 жылдың 25 қаза­нында Мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылдаған Қазақстан да бұл үрдістен тыс қалған жоқ.

Декларация жобасын талқылау ке­зін­де пікірталасқа қатысушылардың пікір­лері бөлінді. Кейбіреулер Қазақстан өзі­нің егемендігі туралы мәлімдеген бас­қа одақтас республикалардан артта қалғанын негіздеп, оны тез арада қабылдау қажеттігін қол­да­ды.

Негізінен заңгер-ғалымдардан тұ­ра­­тын келесі топ, соның ішінде осы жол­дардың авторы да Мемлекеттік тәуел­сіз­дік туралы декларацияны қабылдауға қарсылық танытпай, бірақ жобаның мазмұны сәтсіз деп таныды. Олардың пікірінше, бұл маңызды саяси құжат жаңа, бірақ әлі құрылмаған Фе­де­рация – Егеменді Республикалар Одағы құ­ра­мын­дағы Қазақстанның бола­ша­ғына ба­ғыт­талғанын ескертті.

Сонымен қатар сол кезде әлі қол қойыл­маған Одақтық шарт шеңберімен шек­те­ле­ті­ндігі, республиканың егемендік құ­қы­ғын қорғау республиканың мемле­кет­тік ор­ган­дарына жүктелгенін көрсетті. Жоба­ның осы және басқа да ережелерін бір топ ғалымдар мәтінді қайта жазуды немесе онымен бірге мемлекеттік тәуел­сіз­дік туралы заң жобасын дайындауды ұсынды. Бірақ көпшілік дауыс­пен бұл ұсыныс қабылданбады және кемші­ліктері бар Декларация қабылданды.

Бұл құжаттың өмірі қысқа болатынын болжай отырып, 1991 жылдың тамызына қарай біз, заң ғылымдарының кандидаты Т.С.Донақов – қазіргі Жоғары Сот Кеңесінің төрағасы және мен, сол кез­де­гі Қазақ КСР Ғылым ака­де­миясының Философия және құқық институты директорының орынбасары «Қазақстан Республикасының мем­лекет­тік тәуелсіздігі туралы» заң жоба­сын дайындауға қатытық. Бірақ Жоғарғы Кеңестің депутаты С.Сартаевтың барлық күш-жігеріне қарамастан Жоғарғы Кеңес заң жобасын қарауға қабылдамады. Тек 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақ­­стан Республикасының Жоғарғы Кеңе­сі «Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы» тағ­дыршешті Конституциялық Заңды қабыл­дады. Сол күні қазақ халқының өз мем­ле­кет­тілігін жаңғырту туралы көп­ға­сыр­лық арма­ны орындалды.

Бұл заңмен қазақ тарихындағы жаңа дәуір басталды. Осы заңның рухы, идеясы, құқық­тық ережелері 1995 жылғы Қазақс­тан Республикасының Конс­ти­ту­ция­­сын қабылдауға негізі болды және осы заңның арқасында оның саяси, гума­ни­тарлық мәні мен жасампаздық әлеуеті сақталуда.

 

Еркеш НҰРПЕЙІСОВ,

Мемлекет тарихы институының жетекші ғылыми қызметкері, заң ғылымдарының кандидаты, доцент