Басылым басшылары • 16 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Ораз ИСАЕВ (07.1926-08.1926)

729 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ораз Жанұзақұлы бұрынғы Орал облысының Iлбiшiн уезiне қарасты Қарасу болысында дүниеге келген. Сол  жердегi орыс-қазақ мектебiнде оқып, хат таныған. Еңбек жолын 1916 жылы ауыл әкiмшiлiгiнде хатшы болып бастайды. 1917 жылы Шалқар болысында земство басқармасының хатшысы және уездiк милиция хатшысы болып iстейдi.

Басылым басшылары - Ораз ИСАЕВ (07.1926-08.1926)

1919-1920 жылдары Iлбiшiн және Жымпиты уездерiнде құқық қорғау органдарында еңбек етедi; ТХО (ЧОН) жауынгерi, губ ТК (ЧК), ОГПУ уәкiлi, губерниялық қылмысты iстердi iздестiру органы бастығының орынбасары болады. 1921 жылы большевиктер партиясы қатарына өтедi. Орал губерниясында комсомол, кәсiподақ ұйымдарын құруға  атсалысқан.

1924-1925 жылдары РК(б)П Қазақстан өлкелiк  бақылау комиссиясының орынбасары, қазақ ОАК-нiң хатшысы, 1925-1929 жыл­дары БК(б)П Қазақстан өлкелiк комитетiнiң екiншi хатшысы, 1929 жылғы сәуiрден 1938 жылдың мамырына дейiн Қазақстан Халком кеңесiнiң төрағасы, КСРО БОАК және ОАК төралқасының мүшесi, өлкелiк партия комитетiнiң бюро мүшесi, КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты және КСРО Жоғарғы Кеңесi Төралқасының мүшесi болды.

Осы аралықтарда, яғни 1926 жылғы жаз айларында “Еңбекшi қазақ” газетiне де басшылық жасады. Бұл жөнiнде белгiлi ғалым Темiрбек Қожакеев “Егемен Қазақстанның” 1994 жылғы 17 желтоқсанда шыққан “Газеттiң алғашқы керуенбасылары” деген мақаласында былай деп жазады: “1926 жылғы шiлденiң 13-i мен тамыздың 30-ы аралығында газет редакторы О.Исаев болды. Бұл тұста ол қаз­крайкомның ұйымдастыру бөлiмiн басқаратын. Кейiн он жылдай Халық Комиссарлар Кеңесiне төрағалық еткен iскер де беделдi қызметкер болған”.

Ораз Исаев 1938 жылы жалған жаламен тұтқын­далып, саяси қуғын-сүргiннiң құрбаны болды.