Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2019

Еліміздің жүз жылдық жылнамасы болған аға газеттің мерейлі межесі құтты болсын! - Дархан Қыдырәлі

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1919 жылы Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бұл қазіргі Egemen Qazaqstan газеті, деп жазды «Egemen Qazaqstan республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында.

Еліміздің жүз жылдық жылнамасы болған аға газеттің мерейлі межесі құтты болсын! - Дархан Қыдырәлі

«Осыдан 100 жыл бұрын, дәлірек айтқанда 1919 жылдың 17 желтоқсанында Алаштың сол тұстағы астанасы Орынбор шаhарында «Ұшқын« деген газет дүниеге келді.

Алғашқы саны берен ақын Бернияз Күлеевтің:
"...Алтын Алтай, Еділ, Жайық, Сарыарқа –

Сауыт киіп, садақ тартқан ер бар ма;
Ару азып, ер үркек боп, жер тозып,
Жауға жаға жырттырмаған ел бар ма?
Алты алаштың қызыл туын қолыңа ал,

Ертеде еркін өткен күнін ойыңа ал.
Елді жерден, ерді еріктен айырған,

Дұшпаныңды табан тіреп жолыңа ал..." деп басталатын отты жырымен, айрықша арнауымен жарық басылым артынша "Еңбекші қазақ" боп өзгеріп, қазаққа "қазақ" атын қайтаруға үлес қосты.

Қазақтың қабырғалы қайраткерлері мен қарымды қаламгерлері қызмет атқарған газет тоқсаныншы жылы «Азаттық. Теңдік« деген ұран мен «Егеменді Қазақстан« деген атауды таңдап алып, елімізге егемендікті сүйіншіледі. Осылайша елдікке қызмет еткен ел газеті Egemen Qazaqstan бүгін 100 жасқа толып отыр!», деп жазды  Дархан Қыдырәлі. 

Биыл Egemen Qazaqstan газеті өзінің 100 жылдығын кең көлемде республика аумағында атап өтті.

«Биыл Абай елінен, Алаш қаласынан басталған бас басылымның ғасырлық тойы Орынборда тәмамдалды. Алматы мен елордада, жер-жерде көптеген шаралар ұйымдастырылып, өткенге тағзым еттік. Осы шараларға атсалысқан, қолдау көрсеткен, тілекші болған барша достарға алғыс айтамын! Тәңір жарылқасын! Еліміздің жүз жылдық жылнамасы болған аға газеттің мерейлі межесі құтты болсын! Жаңа ғасырға қадам басқан Егеменнің жолы ұзақ болып, елімізбен бірге жасай берсін!», - деді «Egemen Qazaqstan республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Facebook-тегі парақшасында.