Руханият • 17 Желтоқсан, 2019

Тұрар тұлғасы өскелең ұрпаққа өнеге

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкенттегі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінде көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өтті.

Тұрар тұлғасы өскелең ұрпаққа өнеге

Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өткен «Қазақ елінің ұмытылмас тұлғалары» атты конференцияда атақты ғалым, қоғам және мемлекет қайраткерінің өмірі мен саяси қызметі, республиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайын қалыптастыру және дамыту барысындағы еңбектері таныстырылды.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларында айтылған мұраттармен үндес шараға елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерден ғалымдар мен тарихшылар, ел дамуына үлес қосқан мәртебелі қонақтар қатысты. Сондай-ақ, конференцияға ұлы тұлғаның мәскеулік немересі Владимир Рысқұлов пен Алматы қаласы мен Түлкібас ауданында тұратын ұрпақтары келді. Тарихқа тағзым жасаған шара Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды.

Салтанатты жиында сөз алған ғалымдар Тұрар Рысқұловтың қысқа ғана ғұмыры мен жарық жұлдыздай жарқын өмірін, тәуелсіз Қазақстанға қалдырған баға жетпес байлығын, нағыз патриотизм мен болашақ ұрпақ үшін жанқиярлық күрестің үлгісі болған азаматтығы хақында баяндама жасады. Қазақстанның дамуымен қатар Орталық Азия республикаларының, Ресей Федерациясының және Моңғолияның экономикалық өсуіне, қарыштап дамуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

«Ғылыми конференцияның мақсаты – Тұрар Рысқұловтың бейнесіне тағы да бір тоқталу болды. Оның бастамасымен елімізде Түркістан-Сібір яғни Түркісіб теміржолы салынған. Сондай-ақ қуатты өндірістік орталықтар Қарағанды қаласының көмір өндіру және металлургия кешені, Шығыс және Оңтүстік Қазақстанның түсті металлургиясы, Батыс Қазақстанның мұнай-газ саласы өндіріске енгізілді. Қазақстан мен Орта Азия аумағында бүкілодақтық маңызы бар ірі ұлттық қорықтар құрылды»,- деді ОҚМУ ректоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы Дария Қожамжарова.     

Шымкент