Қазақстан • 17 Желтоқсан, 2019

Бүгін – «Ұшқыннан» бастау алып, ұлттың үнпарағы болған «Egemen Qazaqstan»-ның алғашқы саны жарық көрген күн

640 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бұл – қазақ руханияты мен баспасөзі үшін айтулы күн. Осыдан тұп-тура бір ғасыр бұрын жалпыұлттық басылым – «Egemen Qazaqstan» республикалық газеті өмірге жол тартты. Дәлірек айтсақ, 1919 жылдың 17 желтоқсанында Орынбор қаласында «Ұшқын» газетінің алғашқы саны жарық көрді, деп жазды ҚазАқпарат агенттігі.

Бүгін – «Ұшқыннан» бастау алып, ұлттың үнпарағы болған «Egemen Qazaqstan»-ның алғашқы саны жарық көрген күн

Алаш аманатын абыроймен арқалап, болашаққа бет бұрған ұлт үнпарағы «Egemen Qazaqstan»-ның ғасыр биігіндегі ғибратты тойы – мұқым қазаққа ортақ мереке, айтулы сәт екені ақиқат. «Ұшқыннан» от алып, кемел келешекке батыл қадам басқан ел газетінің рух мұзартынан үздіксіз үн қатып келе жатқанына – 100 жыл! Тұтас ғасыр ұлт шежіресін тасқа қашаған қарашаңырақ басылымның дәуір тынысын бедерлеудегі тарихы да, тағылымы да теңдессіз. Қазақтың маңдайалды тұлғалары еңбек еткен газет ұлтымыз үшін қастерлі.

Бас басылымның алғашқы редакторы – Халел Есенбаев

Ұлт басылымының алғашқы редакторы Халел Есенбаев болды. Қазіргі «Egemen Qazaqstan»-ның («Ұшқын») алғашқы редакторын анықтап табуда кезiнде осы басылымда еңбек еткен белгiлi журналист Тiлекқабыл Боранғалиұлы көп iздендi. Ол өзiнiң 1997 жылы 22 ақпан күнгi газетiмiзде жарияланған «Ұшқынның» редакторы болдым...» деген мақаласында Халел Есенбаев туралы тың деректер келтiредi. Орал архивiнен алынған ол құжатта Х.Есенбаевтың өз қолымен толтырылған анкета жауаптары мен 1919 жылдың қазан айында өткен Кирревком мәжiлiсiнен хаттама да бар. Автор жиналыс қаулысынан үзiндi келтiре отырып, «Ұшқын» газетiн басқару үшiн бес адамнан (Халел Есенбаев, Ешмұхамед Бегалиев, Тәмимдар Сафиев, Әмiрғали Меңешев, Бернияз Күлеев) алқа мүшесi сайланғанын жазады. Әйтсе де, ең басты дәлел Х.Есенбаевтың 1923 жылы өзi толтырған анкета жауаптары болса керек. Онда былай деп жазылған: «Работал чл. редколлегии орг. Букгубисполкома «Киргизская правда», «Дурустук жолы», журнала «Мугалим» («Учитель»), редактором органа Киркрай Ревкома «Ушкун» («Искра») – в 1918 и 1919 годах, орг. Букгубкома «Энбек» («Труд»), перевел на киргизский язык Конституцию РСФСР и т.п».

«Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік»

Газетті редакциялық алқа шығарды. «Еңбек туы» төрт бет болып, 9-12 мың таралыммен аптасына үш қайтара шығады делінген еді. Алайда іс жүзінде газет өте сирек шықты. 1920 жылдың қараша, желтоқсан айларында оның үш нөмірі ғана жарық көрді. Ал газеттің 4,5,6 сандары 1921 жылдың алғашқы айларында шықты. Сонымен, «Еңбек туының» да ғұмыры ұзақ болмады. Екі жылдан астам уақыт жарық көріп, 1923 қаңтарда шығуын тоқтатқан соң «Еңбекшіл қазақ» деген атпен басылды. Октябрь революциясының төрт жылдық мерекесі күні – 1921 жылғы 7 қарашада Орынборда РКП(б) Қырғыз (қазақ) Орталық атқару комитетінің органы «Еңбекшіл қазақтың» бірінші саны шықты. Құрамында Сәкен Сейфуллин (редактор), Сәбит Мұқанов, Аманғали Сегізбаев және басқалар болған редакция алқасы құрылды. Газет редакторы Сәкен Сейфуллин, сондай-ақ Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, басқа да қалам қайраткерлері басылымда ұлт мәселесін батыл көтеріп отырды. Сәкен газеттің 1923 жылғы 64-ші санындағы «Ахмет Байтұрсынұлы елуге толды» деген мақаласында ұлт көсемінің тарихтағы рөлі туралы алғаш рет ой қозғайды. «Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қазақтың ұлттық намысын жыртып, ұлттық арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді» деп түйіндейді. С.Сейфуллин газетке «Манап Шамиль», Міржақып Дулатов «Мадияр», Бейімбет Майлин «Шаңқан» деген бүркеншік есімдермен жазып тұрған. Сәкен Сейфуллин, жоғарыда атап өткеніміздей, ұлтымыздың атауы «қырғыз» болып бұрмаланбай, «қазақ» есімінің қайтарылуына үлкен еңбек сіңірген тұлға. Бұған газеттің 1923 жылғы 15 ақпандағы санында жарияланған «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деген мақаласы куә. Онда Сәкен «Қазақстанның Орталық хүкіметі «киргиз» деген есімді жойып, «қазақ» деген есімді қолдануға жарлық (декрет) шығару керек», – дейді. Иә, осындай ауыртпалықтарды бастан кешкен газеттің атауы да бірнеше рет өзгертілді. «Ұшқыннан» кейін «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» атауымен жарыққа шықты. Еліміз егемендік алған тұста аты «Егеменді Қазақстан», 1993 жылы «Егемен Қазақстан» болып өзгерді. Ал 2018 жылдың наурыз айынан бастап газет атауы латын әліпбиімен «Egemen Qazaqstan» болып жарық көріп келеді.

«Егеменнің» тарихы – бүтін дәуірдің ғасырлық тарихы

Газеттің аты өзгергенімен, мақсаты өзгермегені анық. Республиканың астаналары ауысқан сайын ұлттың бас басылымының шығатын орны да Орынбор, Қызылорда, Алматы болып ауысып жатты. Бүгінде «Egemen Qazaqstan» редакциясы елордада орнығып, өзіне жүктелген аманатты абыроймен арқалап келеді. Мемлекетімізде болып жатқан саяси, мәдени және экономикалық жаңалықтар аптасына 5 рет «Egemen Qazaqstan»-да жарық көреді. Газеттің ғасырлық мерейтойын ел болып атап өту Алаш арыстарының табаны тиген Семей жерінен бастау алды. Әрі қарай да түрлі іс-шаралар өткізілді. Ол көзіқарақты оқырманның есінде. «Egemen Qazaqstan» газеті тек еліміздің бас басылымы ғана емес, халықтың жүз жылда жүріп өткен жолы мен ұлтымыздың жүз жылдық жылнамасы. Ендеше, бір ғасырды артқа тастап, ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, үніне үн қосып келе жатқан басылымның мерейтойы құтты болсын!