Руханият • 18 Желтоқсан, 2019

Көкшеде айтыс өтті жалын атқан

608 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшетауда Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеевтің 95 жылдығына арналған  «Менің дауысым – бұқараның өз үні» атты тақырыпта республикалық ақындар айтысы болып өтті.

Көкшеде айтыс өтті жалын атқан

Айтыс десе делебесі қозбайтын қазақ кемде-кем болар. Атадан балаға мирас болған осы бір ақсүйек өнерге деген халықтың ықыласы ежелден ерекше.

Әдетте, сөз бастау оңай емес. Алғашқы жұп болып ортаға шыққан аршалылық Құрмет Құралхан мен ақтөбелік Нартай Тілеуқұл. Қарсыласының әуселесін «ә» дегеннен-ақ баса білген Нартай айтыс өнерінде біршама ысылған ақын екендігін бірден аңғартты. Біздің өңірдегі талантты жастардың бірі Құрмет те осал емес еді. Жыл басында халықаралық деңгейде өткен додада топ жарған Құрметтен халық өресі биік өнер күткен. Дей тұрсақ та, керағар пікір, ойдың қайталануы, ұйқастың солғындығы байқалып тұрды. Осылайша, бұл жолы Құрмет өз бабында емес екендігін аңғартып алды.

Алматылық ару Аяулым Жұмабекқызы мен  қызылжарлық Жұмабек Рахым қыз бен жігіт айтысының әдемі көрінісін паш етті. Әсіресе, Аяулымның сахнада өзін-өзі ұстауы, тосылмастан табан астында суырып салып сөзбен безбендеуі, қарсыласының «қыңыр» сұрағына әдептен озбай әдемі қалжыңмен  ой тастауы көрерменін өзіне тәнті ете түсті. Ал, Жұмабек ақынның домбыра шертуі, мақамы, дауысы  жақсы болғанымен, бұл жолы сөзден тосылды. Өкініштісі, жас ақындардың арасында сөзге тоқтау, ден қоя білу мәселесі кемшін. Бұл сын тек қана осы жұпқа ғана қатысты емес. «Әр нәрсенің өз дәмі бар» демекші, тапқырлықпен берген жауапты қайта-қайта қаузаудың да өзі артық. Бұл айтыста Жұмабек те осыны ескермеген.  Алматылық ақын қыз  қарсыласының  «тоқалым бол» деп ұсыныс білдірген сөзіне, табан астында:

«Жұмабек еркелеткен ару  қызын, Жұмабекке тоқалдыққа бере алмайды» деп жауап қайтара білуін тапқырлыққа баладық. Үшінші жұпта Көкен Шәкеев атындағы ақындар мектебінің шәкірті Думан Самат пен Нұр-Сұлтан қаласынан топқа түскен Ардакерей Кәпұлы айтысты. Көкен Шәкеевтің 95 жылдығына арналған жыр додасында атақты абыз атындағы мектептің атынан, оның әржағында Көкше дейтін қалың елдің намысын қорғап шыққан Думанға халықтың ықыласы һәм үміті зор еді.

Төртінші жұпта қостанайлық Тоба Өтепбай мен Көкше өңіріне есімі жыға таныс Нұрислам Әбділ бақ сынасты. Нұрислам өз сөзінде қоғамды жайлаған жемқорлық мәселесін тілге тиек етсе, ақын Тоба оның сөзін іліп әкетіп, бұл тақырыпты тереңінен қозғай білді. Қостанайлық ақын асықпай-аптықпай, өз ойын әдемі мәнермен жеткізе біледі екен. Халық та оны ден қоя тыңдап, қошамет көрсетіп отырды. Нұрислам мен Тобаның айтысы аға мен інінің арасындағы сыйластыққа құралған көрініс десек артық болмас.

Соңғы жұпта сөз таластырған ерейментаулық Ерлан Дәулет пен қызылжарлық Жарқын Жұпархан. Бұл екі ақын да сөз өнерін жақсы меңгерген, өз ісінің кәсіби шеберлері десек жаңылмаспыз.  Себебі, Ерлан мен Жарқын талай рет республикалық додаларда жүлделі орындардан көрініп жүрген тарланбоздар. Өлең сөзде бір-біріне дес бермеген олар халықтың дем берген қошеметіне арқалана түсті.

Қазылар алқасының шешімімен ақтық сынға Нартай Тілеуқұл, Аяулым Жұмабек, Ерлан Дәулет, Думан Самат жолдама алды.  Шаппа-шап айтыста  суырыпсалма өнерін паш еткен ақындар халықтың қошаметіне бөленді. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабатын», демекші, айтыс қорытындысы бойынша Бас жүлде Ерлан Дәулетұлына бұйырып, ол Көкшетау қаласы әкімінің арнайы дипломымен және бағалы сыйлығымен марапатталды.  Жүлделі бірінші орынды ақтөбелік Нартай Тілеуқұл иеленсе, екінші орынмен алматылық Аяулым Жұмабек марапатталды. Үшінші орыннан көкшетаулық жас ақын Думан Самат көрінді. Айтысқа қатысқан барлық қатысушылар ұйымдастыру алқасының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.