2013 жылғы 19 наурыз, Астана, Үкімет Үйі
Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау қағидаларын бекіту туралы
«Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі С.АХМЕТОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 19 наурыздағы №261 қаулысымен бекітілген
Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Электр энергетикасы туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 38-6) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының энергия өндіруші ұйымдары үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отын қорының нормаларын айқындау тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) отынның орташа тәуліктік жұмсалуы – осы өңір үшін сыртқы ауаның ең аз есептік температурасы және жылу электр станциясының жабдықтарын барынша жүктеу жағдайларында энергия өндіруші ұйым электр және/немесе жылу энергиясын өндіру үшін тәулік ішінде тұтынатын отынның мөлшерлі жұмсалуы;
2) пайдаланылатын отын қорының нормасы (бұдан әрі – норма) – энергия өндіруші ұйымдар пайдаланатын отыр қорының тәуліктік есептегі ең аз мөлшері.
2. Энергия өндіруші ұйымдар үшін күзгі-қысқы кезеңде пайдаланылатын отыр қорының нормаларын айқындау тәртібі
3. Нормалар жылу электр станциялары мен қазандықтар бойынша айқындалады (бұдан әрі – энергия өндіруші ұйым).
4. Нормаларды айқындау кезінде:
1) отынның орташа тәуліктік жұмсалуы;
2) жеткізетін отынның энергия көзінен тиелу орнына дейінгі ара қашықтық есепке алынады.
5. Белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат және одан жоғары энергия өндіруші ұйым жыл сайын тиісті жылдың 1 маусымына дейін электр энергетикасы саласындағы уәкілетті органға өзінің меншікті жабдықтар құрамы үшін сыртқы ауаның ең аз есептік температурасы жағдайында отынның орташа тәуліктік жұмсалуын және энергия көзінен бастап жеткізілетін отынды тиеу орнына дейінгі қашықтықты келісу үшін ұсынады.
6. Белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат төмен энергия өндіруші ұйым жыл сайын тиісті жылдың 1 маусымына дейін жергілікті атқарушы органға өзінің меншікті жабдығының құрамы үшін сыртқы ауаның ең аз есептік температурасы жағдайында отынның орташа тәуліктік жұмсалуын және энергия көзінен бастап жеткізілетін отынды тиеу орнына дейінгі қашықтықты келісу үшін ұсынады.
7. Электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган жыл сайын тиісті жылдың 1 тамызына дейін белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат және одан жоғары энергия өндіруші әрбір ұйым үшін отынның орташа тәуліктік жұмсалуы мен энергия көзінен бастап жеткізілетін отынды тиеу орнына дейінгі қашықтықты келіседі.
8. Жергілікті атқарушы орган жыл сайын тиісті жылдың 1 тамызына дейін белгіленген қуаты 100 Гкал/сағат төмен энергия өндіруші әрбір ұйым үшін отынның орташа тәуліктік жұмсалуы мен энергия көздерінен бастап жеткізілетін отынды тиеу орнына дейінгі қашықтықты бекітеді.
9. Келісілген отынның орташа тәуліктік жұмсалуы мен отынды тиеу (өндіру) ауданынан бастап энергия өндіретін ұйым орналасқан жерге дейінгі қашықтық негізінде норма айқындалады.
10. Норма отынды жеткізу, отынды жеткізуде пайда болған шектеу себептерін жою үшін қажетті ең ұзақ мерзімді ескере отырып, шектеу кезінде күндер санымен, сондай-ақ жеткізілетін отынды тиеу ауданынан энергия өндіруші ұйым орналасқан жерге дейін теміржол көлігімен жеткізудің қалыптасқан уақытынан айқындалған температуралық кестенің және/немесе жоспарлы электр жүктемесінің сақталуын қамтамасыз етеді.