100 • 20 Желтоқсан, 2019

Елдіктің биік мінбері – Egemen Qazaqstannyń» ғасырлық тойына орай редакциямызға көптеген құттықтау хат келіп түсті

195 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ел басына күн туған, ер тағдыры сынға түскен уақыттың өзінде де ұлттың үнін жеткізуге, жақсылықтың жаршысы болуға тырысқан басылымды мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдері, шет мемлекеттердің елшілері мен ақпарат құралдары, ұлттық компаниялар мен серіктес кәсіпорындар құттықтады.

Елдіктің биік мінбері – Egemen Qazaqstannyń» ғасырлық тойына орай редакциямызға  көптеген құттықтау хат келіп түсті

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов «Ғасырлық тарихында халқының көкейіндегісін көздеген белді басылым қалың оқырманына қуатты үнін арнай беретініне сенімдімін. «Егемен Қазақстан» қашанда елдіктің туын көтеріп, тәуелсіздіктің тұғырын берік ете берсін», деп құттықтайды.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұр­ғымбаев ел газетінің мерей­тойымен құттықтап, полиция имиджін көтеруге, тәртіп сақ­шыларының еңбектері мен ерлік­терін көрсетуге атсалысып келе жатқан газет басшылығы мен тіл­шілеріне алғыс айтады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев «Осы газет арқылы ұлттық және мемлекеттік маңызды мәселелердің талай ше­шімін тапқанына куә болып жүрміз», деп лебізін жолдаған.

Ал Қорғаныс министрі Нұр­лан Ермекбаев «Сіздерге төл әскері­міздің беделін арттыруға, халық­тың оң көзқарасын қа­лып­тастыруға қосып жүрген үлес­теріңіз үшін алғысымды білді­ремін» деп құттықтау хатын жол­­­даған.

«Басылымның бүгінгі ұжымы алдыңғы толқын аға буынның өнегелі ісін, шығармашылық жо­лын лайықты жалғастырып келеді», деп Жоғарғы сот Тө­р­а­ға­сы Жақып Асанов бас басы­лым­ның бүгінгі келбетіне риза­шы­лығын білдірген.

Ал Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Даниал Ахметов:

«Егемен Қазақстан» шырайлы өлке Шығыс Қазақстан облысының жағымды жаңалық­тары мен өзекті мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөледі. Президент Қасым-Жомарт Ке­мел­­ұлы Тоқаевтың өңі­ріміздегі  газет тілшісі Азамат Қасым кө­тер­­ген Күр­шім­дегі көпір мәсе­лесін назарына алып, Үкіметке тапсырма беруі де ба­сылымның қоғамдағы беде­лін анық аңғартса керек», деп атап өткен Д. Ахметов өңір жұрт­шылығының атынан қа­лам ұстаған қауымға ел игілігі жо­лындағы еселі еңбекте толағай та­быс тілейді.

Ғасыр жасаған ел газетінің ұжы­мына құт­тықтау лебізін жол­даған Ақтөбе об­­лысының әкімі Оңдасын Оразалин басы­лымның иісі қазақтың жаппай сауаттанып, мәдениеті мен әдебиетінің еңсе тіктеуі жолында орасан зор еңбек еткеніне тоқталған. «Заман ыңғайына қа­рай бірнеше рет атауы өзгерсе де, не­гізгі бағыт – елге қызмет етуден айнымаған басылым Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесі бекіп, аяққа нық тұруы үшін де есепсіз қыз­мет етті.

Қазақстанның бір ғасырлық жылнамасын хатқа түсіріп, соң­ғы отыз жыл­ға жуық уақыт ішін­де Мемлекет бас­шысының, Үкі­меттің саясатын сауат­­­ты жүр­гізіп келе жатқан аға газет ақтө­белік оқырмандар арасында да зор беделге ие» дей келе облыс әкімі «Еге­мен Қазақстанның» тойы – күллі оқырманның, барша қазақ­стандықтың тойы екендігін атап өтеді.

Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов құттықтау хатында тағ­ылымды тарихы­ «Ұшқыннан» бастау алған бүгін­гі «Егемен Қазақстан» газеті Алаш арыс­­тары мен ұлт зиялы­лары қазығын қақ­қан ұлт бас­пасөзінің ұстаханасы екенін жаз­ған. «Егеменнен» ақылды ой, келісті тіл, руханиятты, парасат­ты көресіз. Басылымнан ба­рың­ды көріп қуа­насың, ел табысына шаттанасың, ұлт жетістігіне марқаясың, өрнектелген өмір­дің рухани қазынасына кенелесің! Өйткені дара жолы бар «Еге­мен Қазақ­стан» – ары мен намы­сын, рухы мен қай­ратын, ел­дің егемендігін еңселеуге, тә­уелсіз­діктің тұғырлана тү­суі­­не арнап келеді», дейді Жам­был облысының әкімі А. Мырзах­метов.

«Қай кезең болса да, уақыт­тың талабына сай еліміздің то­лымды өзгерістерін жариялап, мем­леке­тіміздің жылнамасын жазу­ға сүбелі үлес қосып келеді. Халық­тың көзайымына айналған басы­лым­ның жаңа жобаларының қата­ры кө­бейе берсін» дейді құттықтау хатында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев.

Ал облыс әкімі Құмар Ақса­қалов екі ғасырдың куәгері «Еге­мен Қазақстан» – ел шежі­ресі екенін айтқан. «Ол талай «тар жол, тайғақ кешулерден» өтіп, өзі­нің бүгінгі мерейлі белесіне абы­­роймен көтерілді. Бұл басы­лымда біздің жерлестеріміз Сма­ғұл Сәдуақасов, Ғабит Мүсірепов сияқты қарымды қа­ламгерлердің қолтаңбасы жатыр. Бұл – сол­түс­тікқазақстандықтар үшін үл­кен мәртебе», деп жазған Қ.Ақ­сақалов.

Ал Қарағанды облысының әкімі құттықтау хатында қараған­дылықтардың газетте жазылатын сараптама материал­дарды мұқият оқитынын атап өткен. «Әлемдік ақпарат на­ры­ғындағы бәсе­келес ортада «Егемен Қазақстан» өзінің ла­йықты орнын ала білді. Газет­тің әр санын елеңдей күтетін ой­лы оқыр­мандар қатарында өндірісі өркен­деген, ұлт ру­ханиятының ұясы, байтақ еліміздің бел омырт­қасы саналатын Қарағанды об­лы­сының тұрғындары да бар. Ендеше, сараптамалық сипаттағы маңызды ма­қа­лаларымен жұрт жүрегін баураған «Еге­меннің» ертеңі жарқын екендігі анық», дейді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасым­бек.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов «Елдің сөзін сөйлеп, тілегін арқалаған, ұлттың маңдайына біткен қан­шама кесек тұлғалар осынау қастерлі ұяда қалам ұштап, қа­нат­­тарын қомдады. Сайып келгенде, мұның бәрі келешек үшін құн жетпес үлгі-өнеге. Қа­зақтың нөмірі бірінші газеті әлі талай ұрпақтың сырласы боларына қылаудай күмән келтірмеймін», деп басылымның ғұмырлы бо­луына, бүгінгі ұжымның шығар­машылықтың шыңына шырқай беруіне тілектестігін білдірген.

Ел астанасы болған жылдары «Еңбек­ші қазақ» атауымен Қызылордада жарық көрген басылым төрт жыл бойы Алаш жұртына Сыр өңірінен тарап тұрды. Осы дерекке тоқталған Қызылорда об­лы­сының әкімі Қуа­нышбек Ысқақов құттықтау хатында былай дейді: «Қазақтың қабырғалы қайраткерлері қыз­мет істеген басылымның «Алаштың анасы» атанған Сыр жұрты үшін де орны ерекше. Тәуелсіздіктен кейін қай­та түлеген «Егемен Қазақстанның» тақырып ауқымы кеңи түсті».

«Облыс халқы, Жайық жұрты сіз­дердің елімізде ұлтаралық жарасым мен дінаралық татулық-түсінікті нығайту, халқымыз бен ел экономикасының бә­се­кеге қа­білеттілігін арттыру жолын­дағы қажырлы еңбектеріңіздің әр кез нә­тижелі, жемісті болуына ті­лектес», деп Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Жайық жұртының атынан еге­мендіктерді құттықтайды.

«Бүгінгі таңда газет беттерінде өмі­ріміздің барлық қырлары, қазіргі күннің өзекті міндеттерін шешу, сыртқы және ішкі саясатты жүзеге асыру, демо­кратия­лық құқықтық мемлекет пен ашық аза­маттық қоғам құру бойынша орасан зор және маңызды ақ­парат көрініс табады», деп Ақ­мола облысының әкімі Ермек Мар­жықпаев құттықтау хатын жол­даған.

Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев «Егемен Қазақстан» – елдіктің белгілерінің бірі, ұлт­тық ру­ханияттың атрибут­тары қата­рында қастерленетін халық­тық қазынамыз», деп атап өт­кен. «Басылым бетінде тәуелсіз Қазақ­­стан­ның экономикалық өр­кендеу, өрлеу же­тістігімен бір­ге, мұнайлы Атыраудың да тыныс-тіршілігі ұдайы көрініс тауып келеді. Елдегі жасампаз іс­тер мен реформалар жемісі де «Егемен Қазақстанның» назарынан түскен емес», деп газеттің бүгінгі болмысына шы­найы бағасын береді.

«Бүгінгі таңда «Егемен Қазақ­стан» басылымы оқырман жан дүниесін, тол­ғамды ой тиегін ағыт­қан сарабдал мақалалармен, мір­дің оғындай өткір, сыни дү­ниелермен байытып келе­ді. Қо­ғамдағы ең өзекті мәселелерді қоз­­ғап, сірескен сең көмбесін сө­гуге сеп­тесетін сарабдал газет еліміздің саяси-әлеуметтік өмі­рінде аса маңызды рөл­ге ие», деп құттықтайды Маңғыстау облы­сының әкімі Серікбай Трұмов.

Павлодар облысының әкі­мі Болат Бақауов «Егемен Қазақстан» газеті – рухани жаң­­ғыруға бет алған халқы­мыз­дың шамшырағы іспетті», дей келе, «Бір ғасыр де­регінде ел үшін аса қажет басылым екенін дәлел­деген газеттің айтар сөзі салмақты, ойы сарабдал келетіні ақиқат» деп газеттің бүгінгі болмысына жоғары бағасын береді.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Ел өміріндегі маңызды жаңа­лықты жариялап, астарлы ақпарат жазу­дағы қа­ламдарыңыз қарымды болсын», деп құттықтайды.

«Ел-жұртымыздың бірлігін бекемдеп, берекесін еселеуді, ын­тымағын ны­ғайтып, ырысын молайтуды мақсат тұт­қан ең­бектеріңіз әрдайым жемісті бол­­сын», деп Қазақстанның Тұң­ғыш Пре­зиденті – Елбасы кітапханасының директоры Әмір­хан Рахымжанов құттық­тайды.

Құттықтаулар легін Сыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сы­байлас жемқорлыққа қарсы қызмет) А. Шпекбаев пен Мемлекеттік қызмет істері агент­тігінің Төрағасы Анар Жа­йыл­ға­нова жалғастырған.

АҚШ-тың Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Уильям Мозер бас басылымның қазіргідей өтпелі әрі қиын ке­зеңде жаһандық медиа на­рық­қа бейімделуді жалғастырып, Қа­зақстан халқының мүддесі үшін жұ­мыс істейтін сапалы жур­налистикаға жетелейтініне сенім білдірген. «Жүз жыл бойы газет ретінде өмір сүру – зор мәр­тебе, ал қазіргідей смартфондар дәуірінде әлемдік көшке ілесу – шынайы жетістік. Сіздердің оқырмандарыңызға әр тарапты, шынайы ақпарат беруге тал­пыныстарыңызға, «Нью-Йорк Таймс» секілді халықаралық медиа­мен ынтымақтас­тықта­ры­ңызға сәттілік тілеймін», деп құттық­тайды АҚШ ел­шісі.

Корея Республикасының Қа­зақ­стан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Ким Дэсик «Мен Қазақстан халқының бойынан заманауи мемлекеттің ірге­тасын қалау барысында қалыптасқан сенім­ділікті байқадым. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен жаңа Үкімет халықтың сенімі мен ру­хынан қуат алған жаңа көзқарас пен сая­сат арқылы ұлттық бірлік пен да­му­ға бастайтынына сенімім мол» деп, бас басылымның мерей­тойы­мен құттық­тайды.

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Тө­тен­ше және өкі­летті елшісі бол­ған Иманғали Тасмағамбетов «Асаудай тулаған замана тол­­қын­дарында уақыт құді­реті­мен «Ұшқыннан» кейін «Ең­бек туы», «Еңбекшіл қа­зақ», «Ең­бек­ші қазақ», кейіннен «Социал­ды Қазақ­стан», «Социа­листік Қазақстан» болып атауы өзгергенімен, рес­публикалық басылымның бұл негізгі алтын арқауы өзгерген жоқ», деп еліміздің төл басы­лымының ғасырлық торқалы тойымен құт­тықтап, тамыр тарт­қан үрдістің баян­ды болуына тілектестігін білдірген.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­паниясының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев газет ұжымын арнайы құттықтады. «Газет – қоғамның айнасы! «Egemen Qazaqstan» газеті осы маңызды мис­сиясын абыройлы атқарып келеді. Қазақстанның ақпарат ай­дынында өзіндік орны, қол­таңбасы бар  «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілері қоғамдағы бар­лық құбылыстар мен оқиға­ларға өзіндік бағаларын айқын пози­циясы арқылы білдіріп ке­леді. Мұнай-газ секторы туралы да сараптамалық терең ма­териалдардың әр кез жарыққа шығатыны бізді қуантады, де­лінген құттықтау хатта.

Сондай-ақ Қырғыз Респуб­ликасының «Эркин ТОО» газетінің бас редакторы Дыйкан­бек Керимбаев, «Кыргыз Туусу» бас­па үйінің директоры Эрнис Балбаков, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин, БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану инсти­тутының директоры Ақан Би­жанов, ҚазҰАУ ректоры, ҰҒА вице-президенті Тілектес Ес­полов, «Алматы ақшамы» газе­тінің және «Дом печати» ЖШС-нің ұжымы құттықтайды.