Қоғам • 20 Желтоқсан, 2019

Әділ шешім – сот абыройы

1171 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сот шешімдерінің мүлтіксіз орындалуы елімізде заңдылықтың қа­таң сақта­ла­тын­дығын көрсетеді. Дегенмен кей жағдайларда сот­тың шығарған шешімдерін сот орындаушысы заңнамада көр­се­тілген мерзімде орындай алмайды. Сот шешімі шыққанмен, ол орын­далмайынша азаматтың немесе заңды тұлғаның құқық­тары қал­пына келтірілді, әділдік орнатылды деп айта алмай­­мыз. Осы орайда сот шешімдерінің сапасын арттыру қажет­ті­гін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жол­­дауын­да атап көрсеткен болатын.

Әділ шешім – сот абыройы

«Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы мызғы­мас сипатқа ие. Дегенмен сот шешім­­дерін мұқият талдау жұ­мы­­сын жолға қойып, бірыңғай сот тәжірибесін орнықтыру қажет. Азаматтарымыз жария-құ­қық­тық дауларда билік орган­дарының шешімдері мен әре­кет­­теріне қатысты шағым тү­сі­ру кезінде көп жағдайда тең­сіз­дік ахуалында қалып жатады. Олар­дың мүмкіндіктерін мем­ле­кеттік аппараттың ре­сур­­с­та­ры­­мен салыстыруға кел­­мейді. Сон­дықтан осындай тең­сіз­дік­тер­ді болдырмау мақ­са­тын­да дау­ларды шешудің ерекше те­тігі ретінде әкімшілік әділет құ­ры­лы­мын енгізу қажет», де­лін­ген Президент Жолдауында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы заң­на­ма­дағы барлық қарама-қайшы­лық­тар мен дүдәмал тұс­тар азаматтардың мүдделерін ес­кере отырып, түсіндірілуі тиіс еке­нін де ескертті. Бұл орайда тиісті органдар қандай жұмыстар атқа­руда? Сот шешімдерінің сапасы мен орындалуына, жүзеге асы­рылып жатқан жобаларға қа­тыс­ты тиісті орындармен хабарласып, бірқатар мәліметтер алу ба­рысында осы сұраққа жауап із­деген едік.

Түркістан облыстық сотының төра­ға­сы Т.Баратбековтің өкі­мі­мен сот алқа­лары судьяларының, аудандық және оған теңестірілген сот­тар судья­ла­рының сот акті­ле­рі сапасын тексеру мақ­­са­тын­­да жұмыс тобы құрыл­ған. Сон­­дай-ақ Президент Жол­да­у­ын­­да көтерілген сот шешімінің түсініксіздігі жөніндегі мәселеге қатысты бағыттағы жұмыстарды жан­дандыру мақсатында, Қа­зақ­с­тан Республикасы сот­тарының сот актілерін рәсім­деу жөніндегі әдісте­ме­лік ұсы­ным­ға сәйкес, облыс соттары судьяларының өнді­рісінде қаралып аяқтал­ған істер бойынша қабылдаған сот акті­лерінің сапасына тексеру жүр­гі­зуге тапсырма беріліпті. Осы ара­да айта кетелік, облыстық сот мәліметтеріне қарағанда, сот ак­ті­­лерінің түсінікті жазылуы мен олар­дың орындалуына көңіл ауда­ры­латын «Сапалы нәтиже» жобасы аясында осы жылдың 10 айында азаматтық істер бойынша барлығы 18 880 сот актісі шығарылып, олардың 10 515-і бойынша шешім, қылмыстық істер бойынша барлығы 1978 сот актісі шығарылып, олар­дың 1553-і бойынша үкім, ал әкім­шілік істер бойынша бар­лы­ғы 20509 қаулы шыққан. 12 195 азаматтық, 1312 қылмыстық және 21678 әкімшілік істер бо­йынша сот актілері жаңа фор­матта шы­ға­­рыл­ған. 7440 аза­мат­тық, 1630 қыл­мыстық, 20 187 әкім­ші­лік іске қатысты шешімдер мен үкім­дер­ге түсініктеме берілген.

Соттардың мәртебесін көте­ре­тін жобалар шеңберінде де ауқымды істер атқарылуда. Мыса­лы, Жетісай, Сайрам, Түлкібас, Сары­ағаш аудандық соттарында биыл­ғы сәуір-мамыр айларында құры­лып, іске асырыла бастаған «Түнгі сот» жобасына сәйкес 2547 істің 50-і виртуалды түрде қаралған. Ал өңірдегі 6 аудан-қалада іске асырылып отырған «Отбасылық сот» қанатқақты жобасы шеңберінде қаралған 1925 істің
308-і медиация тәртібімен, 8 іс парт­иси­пативтік рәсім тәртібімен шешілген және 50 іс бітімгер­ші­лікпен аяқталған. Медиация қыз­метімен тікелей байланыс­ты «Та­туласу сотқа дейін, сотта» жо­­басы аясында облыста 151 та­ту­­ластыру кабинеті, 7 татулас­ты­ру орталығы ашылған және осы бағытта облыстық, аудандық соттарда 20 татуластырушы судья қызмет атқаруда. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәти­же­сін­де
14 755 іс медиативтік тәр­тіп­пен аяқ­тал­ған. Олардың 165-і бітім­гершілікпен, 938-і медиа­ция тәртібімен, ал 65 іс парти­си­­па­тивтік рәсім тәртібімен аяқ­та­­лып­ты. Сондай-ақ электронды жүйе­лер­ді кеңінен қолданып, қағаз айналымын барынша азайтуды көздейтін «Е-сот» жоба­сы аясында облыстағы 60 ауылдық округ­­терде, учаскелік тірек пункт­­терінде «виртуалды каби­нет­тер» орнатылған. Жалпы, осы қанатқақты жоба іске асыры­ла бастағалы, облыс соттары 396 істі жергілікті соттар мен ауыл­дық округтердегі «виртуалды каби­неттермен» бейне-конфе­ренц­байланыс арқылы, ал 755 істі азаматтардың смартфондарына орнатылған арнайы бағ­дарлама көмегімен, яғни сотқа қаты­сушының мобильдік телефонына бейне­бай­ланысқа шыға отырып қараған.

Ал Түркістан облысы Әділет департа­мен­тінің басшысы Мұхит Тұрғараевтың мәлімдеуінше, қазіргі таңда облыс бо­йынша 10 мемлекеттік сот орындаушы және 100 жеке сот орындаушы жұ­мыс істеуде. Олардың орында­уын­да
171 679 атқару құжаты бар. Оның ішінде мемлекеттік сот орындаушыларында – 1 291, ал жеке сот орындаушыларында 170 388 атқару құжаты орындау­да болған. Жыл басынан келіп түскен атқару құжаттарының ішінен 52751-і (30,7%) аяқталған, 32833 (62,2%) атқару құжаты нақ­ты орындалған. Департамент мәліметтеріне қарағанда, алиме­нт өндіру санаты бойынша 3989 атқа­ру құжаты аяқталған, 15 666 атқару құжаты орындалу үстінде. Жал­пы 433 борышкер әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Борыш­кердің қылмыстық жауап­кер­шілігін қарау үшін ішкі істер органдарына сот орындаушы­ла­ры­мен 110 ұсыныс жолданыпты. Борышкерлердің мүлкін тәркі­леу бойынша жалпы орын­дауда – 56 атқарушылық өн­ді­­рісі болған, оның ішінен аяқ­тал­ғаны – 48 құжат (85,7%). Мем­лекет пайдасы­на өндірілген атқа­рушылық санк­ция бойынша
7 611 810 теңге өндірілген. Мәлі­мет­тер­ге жү­­гінсек, мемлекет пайдасына сома өндіру санаты бойынша жалпы орындау көрсеткіші 51%-ды, ал нақты орындау көр­сет­кіші 26,7%-ы құраған. Нақты орын­дау көрсеткіші төмен болу себебі борышкерлердің дүние мүліктері болмауынан екен. «Борышкерді сот актісін орын­дату шараларының бірі – «ат­қа­рушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәрте­бе­сі туралы» заңның 34 бабы­на сәйкес лицензияларды, рұқсат­тар­ды және құқықтарды беру және оларды қолданылуы сала­сын­дағы уақытша шектеулер қою болып табылады, сол тұрғыда шық­қан ұйғарымдар қазіргі уақыт­та, яғни борышкерлердің жүр­гі­зушілік куәліктері сот шешімі орындалғанға дейін тоқтатылмауда. Облыс аумағында бо­рышкерлердің жүргізуші куә­лік­тері қазіргі уақытта уа­қыт­ша тоқтатылған, алайда жүр­гі­зушілік куәліктерін алып қою Полиция департаментінің құ­з­­­ырында. Ал куәлікті алып қою механизмі әлі күнге дейін бір жүйеге қойылмаған. Осы меха­низм­ді бір жолға қою керек деп санаймын. Борышкерлердің сот актісінде немесе тіркеуде тұрған мекенжайында болмаған жағ­дай­да, сот орындаушысымен борыш­керге іздеу жариялау жө­нінде ұсыныс сотқа жолда­на­ды. Облыстың миграция бө­лім­­дерімен қазіргі уақытта бо­рыш­­керлерге іздеу ісі арналмай қыс­қартылып жатыр. Бұл да өзек­ті мәселелердің бірі»,  дейді Түркістан облысы Әділет депар­та­­ментінің басшысы Мұхит Тұр­ға­раев.

Әділет департаментінің және облыс­тық жеке сот орын­дау­шы­ла­рының жұ­мыс­тарын оңтай­лан­дыру мақсатында үшжақты меморандум түзіліп, онда Әділет министрі және Жеке сот орын­дау­­шылар республикалық палатасы, Түркістан облысы әкімі үшжақты қол қойы­лып ауқымды жұмыс атқару көз­де­луде. Депар­та­мент басшысының айту­ынша, апта сайын видеоконференц­бай­­ланыс арқылы барлық аудан­ның жеке сот орындаушыла­ры­мен жиналыс өткізіліп, құжат­тардың орындалу барысы ба­қылау­ға алынған. Жалпы, «әділдік» сөзінің синонимі «заңды­лық» деп есептейтін сала маман­дары әділ шешімнің сот абыро­йын көтеретінін және барлық жұ­мыс­тар азаматтардың құқық­та­рын қор­ғап, қауіпсіздігін күшей­ту ба­ғытында атқарылып жат­қа­нын айтуда.

 

Түркістан облысы