Руханият • 20 Желтоқсан, 2019

Күлкі керуені № 28

3590 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 28

*Шетел әзілі

Сары «Сайтан»

Тұрабектің айлықты ақша демей жұмыс істегеніне тура он жыл болыпты. Е, езуіңнен май ағызатын ет комбинатында жалақы санап жын ұрып па? Ебін тапсаңыз, ақша дегеніңіз күн сайын қалтаңызға өзі келіп сүңгиді. Тұрабек тумысынан икемді. Сондықтан да сыйлы. Әйелі өзгенің әйеліндей қысылып көрген емес, өйткені күйеуінің табысы да, шабысы да ырғағынан жаңылмады. Балалары да баршылықтың ортасында. Кей-кейде жұмыстан соң үйіне тартпай, басқаның төрінде қонақ болып, шалжиып жататыны бар. Себебі, онда да Тұрабекті табысы тайғанамайтын мейман ретінде көретін.

...Е, қайран, келмеске кеткен күндер-ай… Көзден ұшты ғой. Небәрі бармақпен басып өлтіруге болатын сары сайтандай жабайы араның кесірінен басындағы бақтан айырылды. Не ревизор емес, не ОБХСС-тың штатында жоқ, не домалақ арызды дөңгелете алмайтын жәй ғана жаман ара Тұрабектің тағдырының маңдайын тасқа соқты. Соққанда да сойқан соқты. Қойшы, бәрін ретімен айтайын.

Тұрабектің жұмыс күндерінің бірі-тін. Ертеңмен не азық үнемдей алмайтын, не соны жұмсай алмайтын артта қалған бір колхоздан сүйегін санауға болатын арық-тұрақ қой әкелінді. Ол сорпа боп та, палау боп та жарытпайды. Қоғамдық тамақтандыру орыны бәлені қабылдасын. Сосын сүлдесін сүйреткен сиырлар түсті. Әшейінде жанары жалын атып тұратын Тұрабектің көзінің шоғы бүгін сөніп қалыпты. Ал кешке қарай семіздіктен терісі сөгілгелі тұрған өгізшілер келгенде Тұрабек орнында биледі. Тышқанға тап бергісі келген мысықтай жасанды.

Жігіттерін жұмсап, жұмсақ жерін бөліп алды. Саусағыңды жалататын, тіліңді қоса жұтқызатын семіз ет өзіне емес, баласын үйлендіріп той жасағалы жүрген көршісіне де жетеді. Ол да құрметті адам. Тұрабек қанша ет әкеп берсе де саудаласпайды ғой сабаз. Тұрабек тіршілікке кірісті. Үйреншікті үлесін тіліп-кесіп беліне орады... Қарнын қампитты, жотасын күжірейтті. Үсті-басына түгелдей ет жапсырып болған соң әуелі мәйкісін, сосын көйлегін киіп, желбегейін жамылды, сөйтіп есіктің алдында есінеп отырған пенсиядағы қартпен есендесіп өте шықты да, қалың топтың қатарына қосылды.

Ауладан алыс ұзамай-ақ сойқан басталды. Оң бүйірі осқылап әкетіп барады. Сипап көрді, секіріп көрді, болмаған соң жұдырықтап та көрді, тоқтайтын емес. Жынды адамдай орнында секіріп, өзін-өзі тоқпақтаған Тұрабекті көрген жұрт таң-тамашалап қалды. Болмады... Шешінуге тура келді. Ол шешінген сайын тойға жиналғандай тоқтамай келіп жатқан жұрт нөпірі толастамады.

— Өлген жерім осы шығар, — деп мәйкісіне дейін лақтырды.

Бүкіл денесіне жапсырылған қызыл етті көрген жұрт ештеңені түсінбей жағасын ұстады. Біреуі: «Ойбай, мына байқұс өзін-өзі тілгілеп тастапты-ау…» — дейді жаны ашып.

Біреу суға жүгірді, біреу “жедел жәрдем”  шақыруға кетті.

Дәрігерлер де жетті-ау! Тұрабекті ары-бері қозғап қолын көтере бергенде, қолтығының астынан қоңыр дауыспен әндете ызыңдап, дәп-дәу жабайы ара ұшып шықты. Ұшып шықты да ұза-а-ап кетті.

Тұрабектің тағдырын тас-талқан еткені сол: ол бұдан былай ет комбинатының есігін қайтып ашпады.

 

Марат ШАРИПОВ