Парламент • 24 Желтоқсан, 2019

Жеке сот орындаушылар институтын жетілдіру қажет

640 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында «Ұлт жоспарының» 27-қадамын жүзеге асыру, жеке сот орындау­шылар институтын одан әрі дамыту мәселесі жан-жақты талқыланды.

Жеке сот орындаушылар институтын жетілдіру қажет

Алқалы жиында сөз тізгі­нін Парламент Мәжілісі Төр­аға­сының орынбасары Владимир Божко ұстады. Ол сот актілерін, оның ішінде сот шешімін орын­даудан жалтарғаны үшін жауап­кершілікті күшейту, атқару­шылық іс жүргізуге тиімді іс жүр­гізу, сот бақылауын нақты және уақтылы орындау қажеттігі 2010 жыл­дан 2020 жылға дейінгі ке­зеңге арналған Қазақстан Респуб­ли­касының құқықтық саясат Тұ­­жы­­рымдамасымен белгіленгенін атап өтті.

– Ұлт жоспарының 27-қада­мын­да қойылған тапсырмаларды орындау мақсатында депутаттар Атқарушылық іс жүр­гізу туралы заңға жеке сот орын­дау­шыларының құзыреті мен өкілет­тіктерін кеңейтетін түзетулер енгізді. Осы шаралардың бар­лы­ғы атқарушылық іс жүргізу­дің жай-күйіне оң әсер етті. Алай­да оң өзгерістерге қарамас­тан, тәжірибе жеке сот орындау­шы­ларының қызметінде шешілмеген проблемалар әлі де барын көрсетеді. ЖСО жұмысындағы кемшіліктер бойынша келіп түскен азаматтардың өтініштерін талдау кезінде өткен жылдармен салыстырғанда шағымдардың көп екені анықталды. Мысалы, Мәжіліс депутаттарына осы жылы 96 өтініш келіп түсті. Бұл – 2017 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Шағымдар сот актілерін уақтылы орындамау, дер кезінде хабарламау, алименттерді өндіріп алу және жеке сот орындаушылары тарапынан сөзбұйдаға салу мәселелері жөнінде болды, – деді вице-спикер.

Жалпы, сот актілерін орындау қызметін жетілдіру бойынша қабылданған шаралар және осы институтты одан әрі дамыту жөнінде депутаттарға Әділет министрі Марат Бекетаев баяндады. Оның айтуынша, туындаған мәселелерді шешудің бірінші кезеңі жеке сот орындау жүйесіне көшу болса, екінші кезеңінде Ұлт жоспарының 27-қадамы шеңберінде жеке сот орындаушылар институтының одан әрі дамуына жаңа серпін берді.

– Саладағы мәселелердің біраз бөлігі атқарушылық іс жүргізуді автоматтандыру арқылы шешіл­ді. Ол үшін атқарушылық іс жүр­гізу органдарының автоматтан­дырылған ақпараттық жүйесі құрылды. Автоматтандырудың бір артықшылығы – енді сот орындаушысы өзінің жеке виртуалды кабинеті арқылы барлық атқарушылық әрекеттерді жасай алады. Халыққа ыңғайлы болуы үшін жүйеде кассалық қызметтер мен «Қазпошта», «Kaspi Bank» терминалдары арқылы қарыз төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Аталған қызметті шамамен 100 млн теңге сомасына 4 мыңнан аса борышкер пайдаланды. Бұған қоса берешекті post.kz және kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болады. Бүгінде 69 мың борышкер 1 млрд теңгеден аса сомадағы қарызын осы қосымшалар арқылы төлеген. Халыққа бұл ың­ғайлы және уақытты үнемдеуге мүм­кіндік береді. Келешекте азаматтарға бұрынғыдай сот орын­даушыға төлем туралы түбір­текті көрсетудің еш қажеті бол­майды. Төлемді онлайн жүзе­ге асырғаннан кейін барлық шек­теулер, соның ішінде елден сырт­қа шығуға шектеу авто­мат­ты түрде шешіледі. Халық­қа, бо­рышкерлердің бірың­ғай тізімі­не және шығуға шектеу тізімі­не қолжетімділік қамта­масыз етілген. Өзара байланыс үшін ат­қарушылық іс жүр­гізу тарап­тарының кабинеті жұмыс істейді. Азаматтар мен заңды тұлғаларды олардың міндет­те­мелері туралы уақтылы әрі тиімді хабарландыру үшін «СМС-хабарлама» сервисі құ­рылды. Енді мобильді телефон нөмірлеріне істі қозғау және процессуалдық әрекеттер туралы СМС-тер келіп түседі. Демек хабарламаны уақтылы алып тұру үшін нөмірлер мен мобильді телефонның тіркеуден өтуі қажет екенін ескерген жөн, – деді министр.

Сонымен қатар Әділет минис­трлігі алименттерді өндіріп алу­ға ерекше көңіл бөледі. Келіп түс­кен шағымдардың жалпы са­нының жартысын осы санатта­ғы істер құрайды. Аталған бағытта министрлік, әкімдік және алиментті өндіріп алу мәселесі жөніндегі өзара ынтымақтастық туралы респуб­ликалық палата арасында үшжақ­ты меморан­думды бекіту жолы­мен жергілікті атқарушы орган­дармен өзара іс-қимыл атқарылуда. Мемо­рандумда және іске асыру бойынша жоспарда борыш­керлерді жұмыспен қамту мәсе­лесі қамтылған. Атқарылған жұ­мыс­тар аясында 816 борышкер жұ­мысқа орналастырылды. Проб­лемалы алименттер саны 25 мың­нан 14 мыңға дейін төмендеді.

Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау барысында депутат Балаим Кесебаева да алимент­тер­дің уақтылы төленбеуі мәселесін көтерді. Оның айту­ын­­ша, алимент бойынша құжат­тар саны жыл сайын өсуде. Мәсе­лен, республикалық ЖСО палата­сының мәліметі бойынша 2019 жылдың 9 айында 251 597 құжат орындауда болған. Оның 5 233 құжаты бойынша алименттер үш айдан аса төленбеген, ал 8 501 құжат бойынша берешектер мүл­дем өтелмеген. 2019 жылдың 9 айының қорытындысымен алимент бойынша берешек сома 5,5 млрд теңгені құраған.

– Бұл – жүздеген мың баланы ата-анасы тиісінше қамтамасыз етпей отыр деген сөз. Осылайша борышкерлердің үштен екісі алиментті анда-санда төлесе, қалғандары мүлдем төлемейді. Елбасы «Қазақстан-2050» стратегиясында ана мен баланы қорғауды жариялап, мемлекет жалғызілікті аналарды қолдап, алимент төлемегені үшін жазаны қатаңдатуы тиіс екенін атап өткен. Алайда бұл саладағы жағдайды талдау нәтижесі осы жылдар ішінде қабылданған шаралардың жеткіліксіз болғанын көрсетті. Алимент өндіру қашанда қордаланған проблемалардың бірі болып келеді. Бұл проблеманың шешімі табылмауы халықтың әлеуметтік осал топтарын, яғни аналарды тұрмыстық қиындықтарға соқтыратыны бізді қынжылтады, – деді депутат.

Парламент Мәжілісі Төр­ағасының орынбасары Владимир Божко жиынды қорытындылай келе, құжаттардың орындалу тиім­­ділігін арттыруға назар ау­дару қажет екенін, бұл шағым­дар­дың санын азайтып, жеке сот орын­даушылары арасында бәсекелестікті арттыратынын алға тартты.