Бұл туралы есепті жылды қортындылаған жиында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Жандос Жұмабаев мәлімдеді. Атап айтқанда, жыл басынан бері 81 пара алу оқиғасы әшкереленіп, қызмет бабын асыра пайдаланудың 11 дерегі анықталған. Нәтижесінде жекелеген тұлғаға қатысты 63 қылмыстық іс ашылып, 43 адам сотталған. Жауапқа тартылған қызметкерлер арасында 6 облыстық деңгейдегі басшы, 5 орта санаттағы лауазымды тұлға бар. Бүгінге дейін 87 іс сотқа жіберіліпті.
Сондай-ақ шенеуніктер тарапынан шағын және орта бизнес нысандарына қысым жасау азаймай отырған көрінеді. Дәл осындай мазмұндағы 17 шағым қабылданып, 13 лауазым иесі жауапкершілікке тартылған. 35 кәсіпкердің құқы қорғалды.
Ал облыстағы сыбайлас жемқорлық деректері жиі байқалатын қызметтердің көшін әкімдік қызметкерлері бастап тұр екен. Өткен 11 айда шенеуніктердің пара алуына қатысты 26 оқиға анықталған. Жер қатынастары бөлімінің қызметкерлері де әкімдік өкілдерінен қалыспапты, 11 айда 12 дерек тіркелген. Ішкі істер органдары мен құрылыс саласында да пара алудың ондаған мысалы байқалса, әлеуметтік қорғау қызметінің 8 өкілі жемқорлыққа қатысты айыпталып отыр.