Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2019

Латын графикасына көшіру жұмыстарын ғылыми тұрғыдан зерделеу қажет

220 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі қазақ тілін жаңғыртуға байланысты айтқан ойлары бойынша  Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен  жиын өтті.

Латын графикасына көшіру жұмыстарын ғылыми тұрғыдан  зерделеу қажет

Президенттің тіл реформасына байланысты  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіндегі ойларынан өрістейтін бастамаларды жүзеге асырудың бағыттары мен міндеттері айқындалды. Тіл саясаты саласы мамандары мен ғалымдар ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов «Өздеріңізге белгілі, Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К. Тоқаев ағымдағы жылғы 20 желтоқсанда  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 2-отырысында қазақ тілін жаңғыртуға қатысты тапсырма берді. Бұған дейін де латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге қатысты берген тапсырмасы бойынша жұмыстар атқарылған болатын. Бұл істе бізден мұқияттылықты талап етеді. Әсіресе, мамандар, филолог ғалымдарымызға осы бір маңызды қадамда аса жауапкершілікпен қарауды тапсырды.  Латын негізді қазақ әліпбиіне көшуді нақты зерделеп, ғылыми негізделіп барып жүзеге асыру қажет» деп ғылымдарды сөзге тартты.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»  ұлттық ғылыми-практикалық орталығы  Орфография басқармасының басшысы Гүлфар Мамырбек

«Ал қазақ қоғамында тілдік реформа болды ма? Әрине болды, әліпби ауыстыру негізінде 3 рет тілдік реформа жүргізілді. Оның ең біріншісін, жазуды оңтайландыру және халықты жаппай сауаттандыру ісін жеңілдету бағытындағы алғашқы реформаны А.Байтұрсынұлы жасады. А.Байтұрсынұлы жасаған тілдік реформа қандай болды?  Қаншама ғасыр бойы өзгеріссіз қолданылып келе жатқан араб әліпбиіндегі қазақ тілі үшін қажетсіз деп танылған  артық 12-13 таңбаны алып тастады. Екіншіден ортатүркі жазу дәстүріне тән элементтер мен түркі қосымшаларынан қазақ жазу жүйесін толықтай тазалады. Үшінші түпнұсқамен жазылып жүрген араб, парсы сөздерін қолданыстан шығарып, қазақ тілінің айтылымына икемделген нұсқасын орнықтырды. Төртінші ұлттық жазу жүйесіне негізделген ең алғашқы емле ережелерін қалыптастырды. Бұл ХХ ғасырдың басындағы ең сәтті әрі тиімді жасалған тілдік реформа болды» деп ойын түйіндеді. 

Әсіресе тіл мамандарының ғылыми тұжырымдары маңызды.  Назарбаев Университетінің, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық, Қазақ бизнес және технология университеттерінің, Еуразия гуманитарлық институтының ғалымдары мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғалымдарының  қазақ тілінің латын әліпбиіне көшіру кезеңіндегі тілдік реформаның орны мен маңызы, тілдің ішкі әлеуеті мен экстралингвистикалық факторлардың әсері, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін оңтайландыру, тілдегі ықшамдалу үдерісі сияқты маңызды мәселелер сөз болады. Сондай-ақ жиын барысында  халықаралық тәжірибелер, атап айтқанда, түркі, ағылшын, орыс тілдеріндегі реформалар барысы туралы әлемдік тәжірибелерге тоқталды.