Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2019

Таразда Шерхан Мұртаза атындағы орталық ашылды

890 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова және Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері бүгін пайдалануға берілген «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі «Руханият және тарихтану» орталығына келді. Министрге және өнер тұлғаларына аталған отралықтың директоры Сауран Қалиев жаңа ашылған нысанның бүгінгі тынысы мен болашақ жоспарын баяндады. 

Таразда Шерхан Мұртаза атындағы орталық ашылды

«Руханият және тарихтану» орталығы Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза атымен аталады. Аталған орталықта бүгінде Жамбыл өңіріне қатысты рухани құндылықтар, тарихи танымдар, салт-дәстүр, жоралғыларымыздың бәрі көрініс тапқан. Алдағы уақытта орталықта жергілікті айтыскерлер мен жазба ақындарды, жалпы қаламгерлерді  қолдау бойынша шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады. Аталған орталыққа Шерхан Мұртазаның есімін беру ұсынылып, бұл ұсыныс Республикалық ономастикалық комиссиядан қолдау тапты. Бүгінгі таңда Үкімет қаулысының жобасы дайындалуда екен. Бұл орайда шығыстық сәулет үлгісінде салынған ғимараттың кіреберісінде Шерхан Мұртазаның горельеф мүсіні орнатылған. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Нысанның бірінші қабатында үлкен және кіші мәжіліс залдары бар. Мұнда зиялы қауым өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдары, қоғам белсенділері, облыс тұрғындары мен қонақтары бас қосатын болады.

Сондай-ақ бірінші қабатта жаңа ашылған амфитеатрда өз өнерін халық назарына ұсынатын өнерпаздардың грим бөлмелері де орналасқан. Ал, орталықтың екінші қабатындағы үлкен холда Шерхан Мұртазаның шығармашылығына арналып композиция жасалған. Композицияның астында әйгілі қаламгер отырған екі кресло мен журнал столы қойылған. Холдың екі жақ қабырғаларындағы көрме сөрелерінде жазушының көзі тірісінде облыстық кітапханаға сыйға тартқан заттары көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда жазушы пайдаланған жазу машинкасы, сувенирлік қаламы, иіссу құтысы, кілемшесі, шапаны, мантиясы, портфелі, тіпті жеке «Киев» фотоаппараты, түрлі марапаттары, куәліктері және өзге де жеке басына қатысты құжаттары қойылған. Орталық «Тарихтану және Шерхантану» атты екі бөлімнен тұрады. «Тарихтану» бөлімі негізінен Жамбыл өңіріндегі ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі өткен тарихымызды зерттеп, зерделеп, архив құжаттары және тарихи жазба дереккөздері арқылы нақты фактілерді жинақтаса, «Шерхантану» бөлімі әдебиетті, тарихты,  этнографияны, аңыз-әңгімелерді, жыр-дастандарды және ақын-жыраулардың еңбектерін жүйелі түрде зерделеп, ақын, жазушы, айтыскер, сазгер, тарихшы және өлкетанушылардың еңбектерінен алтын қор қалыптастыруды қолға алады. Бұл бөлімде салт-дәстүр, халық ауыз әдебиеті және әдеби шығармалар, дәстүрлі музыка, шерхантану шығармашылық зерттеу бөлмелері біріктірілген. Мұнда келешекте Шерхан Мұртазаның мұралары туралы ақпараттар топтастырылып, брошюра дайындау, бейнероликтер әзірлеу де жоспарда бар.

1