Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Тірлігі берекелі өңір – Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 30 пайызға өсті

367 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Жыл соңы есеп-қисаппен, яғни он екі ай бойғы еңбек қорытындыланып, алдағы уақытқа жаңа жоспарлар жасалуымен ерекшеленетіні мәлім. Бұл орайда Түркістан облысында ауыз толтыра айтарлық жұмыстар атқарылып, жыл оң өзгерістерге толы болды. Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, атқа­рыл­ған жұмыстардың қорытындысын баяндаған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аймақта өндіріс саласы 5,5 пайызға, ауыл шаруашылығы мен инвестиция 25 пайызға, тұрғын үй құрылысы 30 пайызға өскенін атап өтті. Ал келесі 2020 жылдың қазан айына Түркістан қаласының ресми таныстырылым рәсімі жос­пар­ланып отыр.

Тірлігі берекелі өңір – Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы 30 пайызға өсті

Индустриялық аймағы көп өңір

Жалпы биылғы он бір айда облыста 450,3 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі өткен жылдың сәйкес кезеңінде 105,5 % болған. Ал өндірілген өнеркәсіп өнім көлемінің 43,8% үлесін құрайтын тау-кен өндіру саласында өндірілген өнімі көлемі 197,4 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі (үлесі 49,2%) өнімінің нақты көлем индексі – 102,2% немесе өнім көлемі 221,6 млрд теңге болып отыр. Облыс экономикасын дамытуға 331,5 млрд теңге инвестиция бағытталған немесе 2018 жылдың тиісті кезеңінен 25,1%-ға артқан. Кәсіпкерлік еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқаратыны мәлім. Бұл орайда өңірде жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2019 жылғы 1 желтоқсанға 141,5 мың бірлікті немесе 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 113,4%-ды құрады. Ең алдымен, ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, са­лық базасын құрай, жергілікті бюджетті нығай­татын кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патер­налистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнестің дамуында өңірде жұмыс істеп келе жатқан индустриялық аймақтардың атқарар рөлі ерекше. Айта кетелік, еліміздегі индустриялық аймағы көп өңірдің бірі – Түркістан облысы. «Turkistan» индустриялық аймақтарды басқарушы компаниясы» серіктестігі мәлімет­тері бойынша бүгінде Түркістан облысында 9 индустриялық аймақ бар. Өңірдегі аудан, қалаларды қосқанда жалпы аумағы 445 гектарды құрайды. Одан бөлек 310 гектарға жуық жер резервте тұр. Қазіргі таңда аумағы 273 гектар болатын Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Шардара, Түлкібас, Қазығұрт және Мақтаарал аудандарындағы 7 индустриялық аймақтың инфрақұрылымы жасалған. Бұдан бөлек аумағы 172 гектарды алып жатқан Бәйдібек және Ордабасы ауданындағы «Бадам» индустриялық аймағында инфрақұрылым жүргізіліп жатыр.

Өңірдегі индустриялық аймақтарда 40,9 млрд теңге болатын 58 жоба жүзеге асады деп жос­парланған. Онда 3600-ден астам адам жұ­мыспен қамтылмақ. Айта кетелік, 2019 жылдың ІІІ тоқсанында экономикалық тұрғыдан белсенді халық саны 796,9 мың адам болса, жұмыссыздар саны – 40,4 мың, жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1%-ды құрады. Индустриялық аймақтардағы 58 жобаның 27-сі толық іске асқан. Өндіріс орындарында 1362 адам жұмыспен қамтылыпты. Жалпы барлық индустриялық аймақтың инженерлік инфра­құ­рылымына қазынадан 7,2 млрд теңге қарастырылған. Таратып айтар болсақ, 2013 жылы құрылған «Түркістан» индустриялық аймағы алғашында 40 гектар болса, қала әкімінің шешімімен тағы да 310 гектарға ұлғайды. Мұнда 20 жоба жүзеге асып, 1091 адам жұмыспен қамтылған. Оның қатарында ламинат өндіретін «GrandMiks» ЖК, шыныжелім арматура мен темір-бетон шығаратын «Мирас Даму ЛТД» ЖШС, жабын плитасы мен тауарлы-бетон өндіретін «Айбек ЛТД» ЖШС және сол сияқты құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар зауыт жұмыс істеп тұр. Одан бөлек рухани астанада жиһаз, былғары өнімдері де нарыққа шыққан. Жүзеге асып отырған 7 жоба бойынша 330 жұмыс орны ашылған. Ал өңірдегі жер көлемі ең ірі аймақ Созақ ауда­нын­дағы индустриялық аймақта 1144 млн теңге­ні құрайтын 5 жоба жүзеге асып, 279 адам жұ­мыс­қа тартылмақ. Аумағы 35 гектар болатын «Шардара» индустриялық аймағында 1125 млн теңгені құрайтын 3 жоба жүзеге асып отыр. Ин­дус­трия­лық аймақтың бір артықшылығы, мұнда электр энергиясы арзан, ауызсу және суармалы жер бар. «Мақтаарал» индустриялық аймағында 1330 млн теңгені құрайтын 5 жоба жүзеге асуда. «Қазығұрт» индустриялық аймағы 40 гектар жерді алып жатыр. Мұнда 186 жұмыс орны бар 6 жоба іске асырылуда. Ал индустриялық аймақты дамыту кезінде негі­зінен өнеркәсіпке, жаңа технологияларға, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған өндірістер желісін кеңейтуге басымдық берілген Кентауда 261 адамды жұмыспен қамтитын 10 жоба жүзеге аспақ. Жалпы аумағы 115 гектар болатын «Бадам» индустрия­лық аймағында 8 жоба аясында 1189 адамды жұмыспен қамту көзделген. «Бадам» – инно­вациялық техно­ло­гияларға сер­пі­ліс жасап жатқан бірден-бір индустриялық аймақ. Қазір онда әртүрлі құрылыс материалдарын өндіретін зауыттардан бөлек, трактор шы­ғаратын кәсіпорын және 1600 тонналық мұздат­қыш қоймасымен бірге бау-бақша алқабы бар.

Өңірде құрылыс жұмыстары да биыл ерекше қарқын алды. Әсіресе облыс орталығы Түркістанда құрылыс жұмыстары бәсеңдеген емес. Жалпы жыл басынан бергі 11 айда өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 129,9 млрд теңге болған немесе өткен жылдың тиісті кезеңіне 116,4% артқан. Құрылыс қарқынына Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың да әсер еткенін айта кетелік. Ел тұрғындарының татулығы мен бірлігінің бір көрінісі іспетті болған Арыстағы жағдайдан кейін қаланы қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жалпы облыста тұрғын үй құрылысын дамытуға 52,4 млрд теңге инвестиция бағытталған немесе өткен жылдың сәйкес кезеңінен 56,9% артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 495 мың шаршы метрді құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 32,1% өсті.

 Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артты

Түркістан өңірінің қай ауданын алсақ та өзіндік табиғи ерекшелігі бар, берекелі аймақ. Халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсеке­лес­тік­ке қабілетті өңірде биылғы 11 айда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 593,2 млрд теңгені құрады, яғни өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,4%-ға артты. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 346,7 млрд. теңгені (103,5%),  мал шаруашылығы  –  243,6 млрд теңгені құрады (103,3%). Салаға тартылған инвестиция 27,9 млрд теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан. Ауыл шаруашылығы дақыл­да­рының егіс көлемі өткен жылға қарағанда 13,3 мың гектарға артып, 827 мың гектарға жетті. Егістікті әртараптандыру жұмыстары бо­йынша мал азықтық дақылдар 11 мың гек­тарға ұл­ғайып, жалпы көлемі 201 мың гек­тар­ға жетті. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев агро­өнеркәсіп кешені алдына, алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен қайта өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдері экспортын 2,5 есеге арт­тыру міндетін қойған болатын. Осы бағытта биыл Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқа­рылды. Мәселен, агроқұрылымдар масақты дақылдардың түсімділігін 20 центнерге жеткізіп, 462 мың тонна астық бастырды. Өткен жылмен салыстырғанда өнімділік әр гектардан 5,2 центнерге өсіп, қамбаға 125 мың тонна қызыл дән артық құйылды. Көкөніс бақшаларынан 3 млн тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Жүгерінің түсімділігі артып, гектарына 47,3 центнерден өнім берді. Соның арқасында 218 мың тонна өнім алынды. Мақта түсімділігі 27 центнерге ұлғайып, 347 мың тонна «ақ алтын» жиналды. Мақта теріміне 339 комбайн жұмылдырылып, шитті мақтаның 75 па­йызы комбайнмен терілді. Ауа райының қолайлы болуына байланысты және шаруалардың еселі еңбегінің арқасында бір жарым жылдық мал азығы дайындалып, жемшөп қоры 4 млн тоннаға жеткізілді. Салаға озық технологияларды енгізудің нәтижесінде еңбек өнімділігі артты. Мәселен, жаңбырлатып, тамшылатып суару әдісі жаңадан 7 мың гектарға енгізіліп, жалпы көлемі 16,8 мың гектарға жетті», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Республикадағы жылыжайлардың 80 пайызы Түркістан облысында екені мәлім. Сондай-ақ өңірде жаңадан 673 гектарға қарқынды бау егіліп, барлығын қосқанда аумағы 3,4 мың гектарға өскен. Нәтижесінде 190 мың тонна жеміс-жидек пен жүзім өндірілді, бұл республикадағы үлестің 57 пайызына тең. 2019 жылдың 1 желтоқсанына облыстағы шаруашылықтардың барлық санаттарындағы ірі қара мал саны – 960,1 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне – 104, 2%, қой мен ешкі – 4 217,7 мың немесе 101, 7%, жылқы – 317,8 мың немесе 109%, түйе  –  28,7 мың басты немесе 107,5% құрады. Басқарма басшысының айтуынша, шетелден 3910 асыл тұқымды ірі қара ұрғашы мал сатып алынып, өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қолда бар 403 мың ұрғашы малдың 136 мыңы немесе 34 пайызы тұқымдық түрлендіруге қатысып, бұл бойынша берілген тапсырма 103 пайызға артық орындалған. Сыйымдылығы 8 мың бас болатын 5 жаңа мал бордақылау алаңы ашылып, осындай алаңдардың жалпы сыйымдылығы 164 мың басқа жеткен. Бұдан бөлек ірі қара мал ұстайтын 8 жаңа отбасылық сүт фермасы ашылып, 2 тауарлы-сүт фермасы кеңейтілді. Облыстың барлық шаруашылық санаттарында 200,6 мың тонна – ет (тірідей салмақта), 672,9 мың тонна – сүт, 173,9 млн дана жұмыртқа өндірілді.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да артып келеді. Мысалы, өсімдік шаруашылығында барлығы 394 мың тонна, мал шаруашылығында 28 мың тонна өнім шетелдерге шығарылып, экспорт көлемі 157,3 млн АҚШ долларын құраған. «Атап айтқанда, 15,2 мың тонна ірі қара мал, 3,7 мың тонна қой еті Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжан елдеріне экспортталды. Ал 394 мың тонна көкөніс, бақша өнімдері Ресей, Беларусь, Латвия, Литва, Германия, Украина мемлекеттеріне жөнелтілді. Бұдан бөлек, балық шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдаудың нәтижесінде барлығы 2 390 тонна балық өнімдері Германия, Литва, Ресей, Өзбекстан және Чехияға экспортталды. Алдағы кезеңде Қытай еліне түйе сүтінің өнімдерін экспорттау жоспарланып отыр»,  дейді басқарма басшысы. Жалпы 2019 жылдың қаңтар-қазан айларында Түркістан облысының сыртқы сауда айналымының көлемі 279,6 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 15,6%-ға артқан. Оның ішінде экспорт, тиісінше – 203,4 млн АҚШ долларын немесе 9,1%-ға артқан, импорт – 76,2 млн АҚШ долларын немесе 137,7%-ды құрады.

 695 жоба іске асырылуда

Өңірде облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бас­тамасымен ауыл шаруашылығы саласында 18 бағытты қамтитын жалпы құны 89,4 млрд теңге болатын 695 жоба іске асырылуда. Қазіргі таңда құны 31,3 млрд теңгені құрайтын 590 жоба пайдалануға беріліп, 2 287 жаңа жұмыс орны ашылған. Оның ішінде бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу жобасы мен құны 3,1 млрд теңге болатын 107 жоба жүзеге асырылып, 39 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Алдағы уақытта әрбір ауылдық округте 10 жобадан жүзеге асыру жоспары түзілген. Сондай-ақ «Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында Түркістан қаласы аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру жобасы жүзеге асырыла бастады. Бұл орайда жалпы құны 70 млрд теңге болатын 8 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Соның нәтижесінде қосымша 30 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, 2 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылады. Биылдың өзінде 4 ірі инвестициялық жобаны іске асырудың алғашқы кезеңдері басталған. Аталған ірі жобаларды іске асыру үшін қала аумағындағы алқаптар заманауи технология­лармен ылғалдандырылып, жасыл белдеу жүйесі қалыптастырылмақ. Осылайша Түркістан қаласының климат ылғалдығын жақсартып, облыс орталығында халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, жайлы жағдай жасау бағытында игі істер қолға алынуда.

Түркістан облысы табиғи өсімі жоғарылы­ғы­мен де ерекшеленеді. Өңірде 2019 жылдың 1 қарашасындағы мәлімет бойынша, облыс хал­қының саны 2 013,9 мың адамды құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 2,1%-ға артты. Ал 2019 жылғы ІІ тоқсанда облыс халқының бір айда орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табысы 52 446 теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17,1%-ға, нақты ақшалай табыс 11,5%-ға өскен. Өңірде әлеуметтік нысандар қатары артумен бірге құрал-жабдықтар да жаңартылуда. Бұл орайда мемлекеттік қолдау көлемі де артқанын айта кетелік. Нақтырақ айтсақ, денсаулық сақ­тау саласы бойынша 2019 жылы бюджет есе­бінен 9 нысанның құрылысына 6,1 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджет есе­бінен 5,0 млрд теңге, облыстық бюджет есебінен 1,1 млрд теңге және медицина меке­ме­лерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында 7,6 млрд теңге, қарас­ты­рыл­ды. Нақтылай кетсек, өңірдегі 747 мемле­кет­тік мекеменің 31-і аурухана, 716-сы амбула­тор­лы-емханалық мекеме, медициналық пункт, фельд­шерлік-амбулаториялық пункт. Ал балалар­ды мектепке дейінгі біліммен қамту деңгейі 1 жас­тан 6 жасқа дейін – 93,5%, 3 жастан 6 жасқа дейін 97,9%-ды құрап отыр. Жалпы облыс бойынша 899 орта білім беру мектептерінде 467,7 мың оқушы білім алуда. Барлық мектептер байланыс және интернет жүйелеріне қосылған және 2 675 интерактивті тақталар орнатылған.

 

Түркістан облысы