Министр алдымен еліміздегі 76 нысанда геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгеніне, оның нәтижесіне сәйкес республиканың барлық өңірінде пайдалы қазбалардың перспективалық орындары анықталғанына тоқталды. М.Мырзағалиевтің айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар жұмыстарының нәтижесінде биыл алғаш рет 17 кен орны мемлекеттік балансқа қойылды. Оның ішінде 11-і қатты пайдалы қазбалар орны және 6-уы көмірсутек шикізаты. Инвестиция көлемі 170 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Министрлік 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік геологиялық барлау бағдарламасын әзірлеуге кірісті. Құжатты 2020 жылдың бірінші жартысында бекіту жоспарланып отыр.
Ведомство басшысы осы жылдағы өндірістік шығарындылардың көлемі былтырғы көрсеткіштің деңгейінде қалатынын жеткізді. Атап айтқанда, ауаға таралатын зиянды қалдық шамамен 2,5 млн тонна және жерге төгілетіні 1,1 млн тонна көлемінде болатынын ескертті. 2015-2018 жылдар аралығында ауаға тараған шығарындылар лимиті 200 мың тоннаға, яғни 7 пайызға азайды. Биыл министрліктің бастамасымен 5 ірі компаниямен қоршаған ортаны қорғау саласында бірлесіп жұмыс істеу туралы меморандумға қол қойылды. Осы құжаттың негізінде «Арселор Миттал Теміртау» және «Қазцинк» 2024 жылға дейін қалдық көлемін 20-30 пайызға қысқартады.
Қалдықтарды басқару бойынша М.Мырзағалиев атап өткендей, қазір еліміздегі 3,5 мыңнан астам полигонда 120 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық жиналған. Жылына 4 млн тонна тұрмыстық қатты қалдық шығарылады. 2016 жылы енгізілген өндірушілердің кеңейтілген міндеттемесі арқылы қатты қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 5 есе өсті. Бұл бағытта жұмысты жолға қойған кәсіпорындардың саны 110-нан 170-ке дейін артқан. Ғарыштық бақылау арқылы биыл 9 мыңнан астам заңсыз қоқыс алаңы анықталды. Оның 28 пайызы, нақты айтқанда 316 мың тонна қоқыс залалсыздандырылды. Министрлікте қалдықтарды басқару туралы мемлекеттік бағдарламаның тұжырымдамасы әзірленіп жатыр.
Су ресурстарын басқару бағытында сумен жабдықтау жүйесін, гидротехникалық құрылыстарды салу және қайта құруға байланысты 12 жоба жүзеге асырылды. Жамбыл, Павлодар, Қызылорда және Қарағанды облыстарында 4 жоба аяқталуға жақын. Нәтижесінде 18 елді мекенді және жалпы саны 14,7 мың адамды құрайтын 3 елді мекенді сумен жабдықтау жүйелерін жақсарту жоспарланған. 2020 жылы құны 8,4 млрд теңге болатын 12 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Ведомство 2020-2030 жылдарға арналған суды басқарудың мемлекеттік бағдарламасын және су саласын цифрландыру тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстарын бастады. Оны келесі жылы бекіту көзделген.
Орман шаруашылығы бойынша спикер Қазақстанда биыл 74 мың га алқапта 628 орман өрті тіркелгенін айтты. 57 мың га алқапта орманды өшіру жұмыстары жүргізілді. Бұл жоспарлы межемен сәйкес келіпті. 4,6 мың га алқапта елорданың жасыл аймағын құру бойынша жұмыс атқарылды.
Бас шаһардың жасыл белдеуіне ұқсас Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда және Түркістанның облыс орталықтарының айналасында осындай жоба қолға алынды. 2030 жылға қарай аймақ орталықтарының айналасындағы көгалдандыру индексі 68 мың га құрайды.
– Еліміздегі сексеуіл ормандарының сақталуына жеке тоқталғым келеді. Әлемде сексеуіл өсірудің негізгі ауданы Қазақстан аумағында шоғырланған. Сол себепті оны сақтау үшін келесі шараларды қолданамыз. Атап айтқанда, ағаш кесудің барлық түріне мораторий 2023 жылға дейін ұзартылды. 2017 жылдан бастап республиканың сауда орындарында сексеуіл сатуға тыйым салынғаны мәлім. Қазіргі уақытта сексеуілге ұлттық бренд мәртебесін беру мәселесі пысықталуда, – деді М.Мырзағалиев.
Мемлекеттік орман қоры аумағынан тыс өсетін өсімдіктер әлемі саласындағы құқықтық қатынастарды реттеу мақсатында 2020 жылы «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасын әзірлеу жоспарлануда.