Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мүшелері еліміздегі барлық өңірлердің, оның ішінде аудан орталықтары мен шалғай ауылдардың тұрғындарымен кездескенін атап өтті. Барлығы 500-ден аса кездесу өткізілді, азаматтардан 70 ұсыныс келіп түсті, 2500 сұрақ бойынша жауап және түсінік берілді.
«Бұл кездесулердің басты міндеті жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясатты және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту бойынша қабылданып жатқан бағдарламаларды түсіндіру болды. Қазақстандықтарды көбіне-көп әлеуметтік мәселелер – жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау мәселелері толғандырады. Біз, әрине барлық қойылған сұрақтарға жазбаша түрде де, ауызша да толық жауап бердік» деді Б. Сапарбаев.
Тұрғындардың табысын арттыру
Вице-премьер 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 42500 теңгені құрайтынын атап өтті. Бүгінгі таңда мұндай жалақыны 1,3 млн-ға жуық адам алады. Сонымен қатар биыл 1,5 млн мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің еңбекақысы көтерілді. Елбасының тапсырмасы бойынша кәсіпорындардың басшылары да өздерінің төмен жалақы алатын жұмыскерлерінің еңбекақысын 32%-ға көтерді. Осылайша 2019 жылы төмен жалақы алатын 1,2 млн қазақстандықтың еңбекақылары өсті.
Борыш жүктемесін азайту шараларымен 565 мыңға жуық қазақстандық қамтылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 115 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар барлық қазақстандықтардың айыппұлдары мен өсімпұлдарын есептен шығару бойынша тапсырма берілді. Осы шарамен 1,2 млн-ға жуық адам қамтылды, олардың 33,6 млрд теңге сомасына айыппұлдары мен өсімпұлдары кешірілді.
Алдағы жылы 500 мың мұғалімнің жалақысы 25%-ға артады, 215 мың дәрігер мен мейірбикенің жалақысы тиісінше 30% және 20%-ға көбейеді. 34 мың мәдениет, өнер және мұрағат қызметкерлерінің, сондай-ақ 25 мың әлеуметтік қызметкердің жалақысы 30%-ға артады.
2019 жылы атаулы әлеуметтік көмекпен 1,6 млн қазақстандық қамтылды, оның ішінде 1,1 млн – балалар. Ел бюджетінен 245 млрд теңге бөлінді. «Сонымен қатар Үкіметке берілген тапсырма жергілікті билік органдарымен пысықталды, олар қосымша қолдау шараларын көрсететін болды. Соның нәтижесінде, 2,2 млн-ға жуық қазақстандық 128 млрд теңге сомасына қосымша әлеуметтік қолдаумен қамтылды» деді вице-премьер. Бұдан басқа, табысын жасырумен, масылдықтың артуымен, т. б. байланысты АӘК қате есептеу мәселелері шешілді. Үкімет заң жобасын әзірледі, оны бүгінде Парламент мақұлдады. «Бұл жердегі ең басты мәселе – көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар төленеді, бұл ретте мұндай отбасылардың табыстары ескерілмейді. АӘК бұрын қалай төленсе, солай сақталады. Жаңа көмек түрі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет» деді Б. Сапарбаев.
Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету
Үш жылдан бері Қазақстанда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Оның басты мақсаты – еңбекке орналасуда қазақстандықтарға көмек көрсету. Яғни, оқыту, белгілі бір мамандықтар бойынша дағдыларды игеру, гранттар мен төмен пайызбен шағын несиелер ұсыну қарастырылған.
Биыл «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуда қолдау және кәсіпкерлікті дамыту шараларымен 623 мың адам қамтылды, оның ішінде 416 мың адам еңбекке орналастырылды, 131 мың адам оқытылды, 46 мың грант пен шағын несие берілді, оңтүстіктен солтүстікке 9 мың адам көшірілді. Биыл 11 айда бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 176 млрд теңге бағытталды.
Келесі жылдан бастап «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасында өзгерістер күтілуде. Мәселен, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша жүргізіледі, «Алғашқы жұмыс орны» және «Ұрпақтар келісімшарты» атты жаңа тетіктер енгізіледі.
Әлеуметтік топтарды қолдаудағы жаңашылдықтар
«Жалпы, еліміздің бюджетіндегі әлеуметтік шығындардың үлесі жыл сайын артып келеді. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2018 жылы бұл үлес 43% болды, 2019 жылы – 45%, 2020 жылы – 50%. Бұл біздің ел басшылығының саяси бағыты әлеуметтік сипатта екенін, яғни халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғанын білдіреді» деді Б.Сапарбаев.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында көп балалы және аз қамтамасыз етілген отбасыларға микрокредит беру шарттарын жеңілдету жоспарланған. Атап айтқанда, мөлшерлемені жылдық 6%-дан 4%-ға дейін төмендету, микрокредит беру мерзімін 5 жылдан 7 жылға дейін ұлғайту күтілуде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда 690 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Олардың 400 мыңы еңбекке жарамды. Мүгедек жандарды әлеуметтік қорғау аясында биыл бюджеттен жәрдемақы төлеуге және техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге 400 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспар қабылданды және орындалып жатыр.
Сонымен қатар оңалту мәселелеріне ерекше назар аударылады. 2020 жылы Нұр-Сұлтан, Көкшетау және Алматы қалаларында оңалту орталықтарының құрылысы басталады. МЖӘ аясында және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен оңалту орталықтарының желісін дамыту мәселесі пысықталып жатыр. Қанатқақты режімде мүгедек азаматтарға оңалту құралдары мен қызметтерін дербес таңдауға мүмкіндік беретін Әлеуметтік қызметтер порталы жұмыс істейді.
2019 жылы денсаулық сақтау саласында не істелді?
2020-2025 жылдарға арналған Денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп, бекітілді, оның басты міндеті – көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту. «Ол үшін бізге жақсы медициналық кадрларды даярлап, медициналық қызметкерлердің статусын арттыру қажет, медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтауды жақсартып, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру керек» деді вице-премьер.
Сонымен қатар халықтың денсаулығы туралы Кодекс жобасы әзірленіп, Парламент Мәжілісінің қарауында жатыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге әзірлік бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. «Бүгінде біз дайынбыз. Қазақстандықтардың мәліметтерін өзектілендірдік, мәртебесін анықтап, есепке алдық, қолданыстағы ақпараттық жүйелерді кіріктірдік» деді Б. Сапарбаев.
Білім беру саласында жоспарланған реформалар
Үкімет 2020-2025 жылдарға арналған Білім беру мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын әзірлеп бекітті, онда 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100% қамту шаралары, апатты және үш ауысымдық мектептер мәселелерін шешу, жеке инвесторларды тартумен МЖӘ жобаларын іске асыру қарастырылған.
Жоғары оқу орындарын оңтайландыру жұмыстары жүргізілді. Үкімет жанынан комиссия құрылды. 7 ЖОО тексеруден өтті. Кейбір ЖОО-лардың лицензиялары қайтарып алынады, кейбіреулері біріктірілетін болады.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне келсек, 2020 жылдың 1 тамызынан бастап еліміздегі барлық мектептерде бейнебақылау камералары орнатылады. Оған шалғайдағы ауылдардың мектептері жатпайды.
Оқу жылының соңына дейін барлық мектеп қолайлы ортамен қамтамасыз етіледі, яғни даладағы дәретханалар жойылады.