Аудан әкімдігі құқықтық сала бөлімі басшысының міндетін атқарушы Аяулым Қайдарованың айтуынша, тұрғындарға енді «Бір терезе» қағидасы бойынша аудандық Жер қатынастары, Сәулет және қала құрылысы, Білім беру, Денсаулық сақтау, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің мамандары қызмет көрсетеді.
Облыс әкімдігінің тапсырмасына сәйкес Mainfo дербес қызмет көрсету алаңында тұрғындарға кеңес беріледі, тиісті құжаттар қабылданады. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылау қызметінің тиімділігін арттыру үшін қажет.
Кеңсе есігі ашылған күні-ақ, аудан әкімі Марат Ақтаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы – Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Тоқтамыс Жұмағұлов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің штаб бастығы Сергей Лубенченко, аудан әкімдігінің дербес бөлімдерінің басшылары азаматтарды қабылдады.
Қабылдауға бірінші болып Серікбай Кеңесбаев, Айнұр Көкешқызы, Мадина Калимуллина, Жібек Тұрысбекқызы, Айжан Тауова сияқты ауыл тұрғындары келді. Тұрғындар ауылдарда, аудан орталығындағы қаңғыбас иттерден құтылу керектігін, мүгедектерге берілетін көмек туралы, орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау, балабақшаға кезекке тұру, арнайы орта білімімен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндігі туралы сұрақтарына нақты жауап алды.
– Қазіргі күні де Кәсіпкерлер палатасына, мемлекеттік корпорация өкілдеріне кеңес сұрап ауыл тұрғындары келуде. Кеңсе ашылғалы бері 7 күн ішінде 23 тұрғынға кеңес берілді, – дейді Аяулым Қайдарова.
Дербес қызмет көрсету алаңына келген әрбір тұрғынға барынша ыңғайлы болуы үшін күту орындары бар, балаларға арналған ойын бұрышы жасалған. Алаң аудан тұрғындарына сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін мемлекеттік қызметтер жүйесінде кеңестер жүргізеді.
Департамент басшысы Тоқтамыс Жұмағұлов өз сөзінде, кеңсе алаңының халыққа жақындығы мен ашықтығы көзделгендігін атап өтті.
Сондай-ақ азаматтардың өтініш-талаптарына сай мәселелерін анықтап, билік пен халық арасындағы байланысты арттыру негізгі мақсат екенін жеткізді.
Яғни, бұл кедергісіз орта жасауға, басшылардың жауапкершілігін күшейтуге, ауыл тұрғындарына жайлы жағдай жасауға және қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін жоба деген сөз.
Павлодар облысы,
Май ауданы