Қазақстан • 26 Желтоқсан, 2019

Ақтөбеде тәуелсіздікке арналған ескерткіш ашылды

895 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтөбе қаласында биылғы жылы бой көтерен ескерткіштердің арасында Тәуелсіздік тұғыры айырықша архитектуралық ажарымен көз тартады. Мұнда мемлекеттік рәміздер – Елтаңба мен Гимннің кескіндері көркемдік шешімін тапқан. Ең бастысы сәулет өнері туындысында жалғыз тәу етеріміз – тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен құндылығы мен мұндалап тұр. Осындайда дана Абайдың «Сылдырап өңкей келісім, Тас бұлақтың суындай» деген ойлы орамдары еске түсе береді.

Ақтөбеде тәуелсіздікке арналған ескерткіш ашылды

Биіктігі 20, ені 2,4 метр болатын тұғыр тұтастай сапалы бетоннан құйылған. Оның бір жақ қырында республика Гимнінің мәтіні, екінші жақ бетінде Гимннің нотаға  түсірілген музыкалық нұсқасы, ал үшінші жақ қырында мемлекеттік рәміздердің авторлары туралы мәліметтер нақышталып берілген. Төртінші қырында Ақтөбе деген сөз жазылып, осы қаланың нышандық белгісі –қызғалдық көрініс тапқан. Тәуелсіздік тұғырының ұшар басында орналасқан Елтаңба екі жаққа бірдей көрінеді. Оның салмағы 250 кг болса, диаметрі 215 см.

- Біртұтас компазициялық жүйе құрайтын ескерткіштің жоғары бөлігінде енді ашылып келе жатқан қызғалдақ бейнеленген. Бұл жылдан-жылға дамып, өсіп-өркендеу жолындағы мемлекетіміздің нышаны. Тұғырдың сегіз қырлы болып көрініс табуы Қазақстанның әлемнің қай елімен болса да ашықтығымен жақсы қарым-қатынасының көрінісі. Сондай-ақ төрт бұрышта бейнеленген түркі әлемінің стиліндегі бейне көріністер Қазақстанның 200-ден астам әлем мемлекеттерінің арасындағы өз орны бар мығым мемлекет екенін айшықтауды мақсат еттік де йді жоба авторы, белгілі кәсіпкер Арынғазы Беркінбаев. Ол мұнда тағы бір мемлекеттік рәміз тудың бейнеленбеуін – Тұңғыш Президент атындағы саябақтағы бұған дейін оның көрініс табуымен түсіндірді.

Сондай-ақ мұнда зооморфтық және геометриялық элементтер мен өсімдік сипатындағы ою-өрнектер бейнеленген. Ал тұстастай сәулет өнері туындысының түсі ұлы даламыздың сипатына жақындайды. Тұтастай алғанда жаңа тұғыр мемлекетіміздің басты нышандары – мемлекеттік рәміздерді ұлықтауға арналған. А.Беркінбаевтың айтуынша оған бетон, темір, пластик және бояу түрлері секілді жергілікті құрылыс материалдары пайдаланылған. Тәуелсіздік тұғыры орнатылған аумақта табиғат жанашырлары қарағай мен өзге де сәнді ағаш көшеттерін отырғызғаны да жарасымын тапқан істің жалғасындай көрінеді.

Міне, осылайша тарих қойнауына кетіп бара жатқан 2019 жылы Ақтөбеде тәуелсіздікке арналған ескерткіштің ашылуы халқымыздың өршіл де, еркін рухын паш етіп тұрғандай әсер қалдырады.