Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Таразда 40 метрлік алып «Сағат» стелласы бой көтерді

1793 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде тұңғыш рет Тараз қаласының орталығынан алып сағат бой көтерді. Облыс орталығындағы «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі алаңның ортасында орналасқан «Сағат» стелласы еліміздегі ең биік нысанның бірі саналады.

Таразда 40 метрлік алып «Сағат» стелласы бой көтерді

Ол шаһардың кез-келген жерінен көзге көрінетіндей етіп салынған. Стелланың биіктігі 40 метр болса, сағаттың диаметрі 4 метр. Стелла Самарқан кірпіші мен майолик тасынан дайындалған. Аталған «Сағат» стелласы Ресейдің Санкт-Петербург қаласында жасалған. Алып сағат тілі Нұр-Сұлтан қаласының уақыт өлшемімен бірдей жүріп отырады. Әрбір сағат сайын қоңырау соғылып, зорайтқыш дыбыспен белгі беріледі.

Мұндай алып сағат әлем елдерінің белді қалаларында бар екендігі белгілі. Мәселен, Мәскеудегі Кремльде,  Лондондағы Биг-бенде осындай сағаттар орналасқан. Сонымен қатар, Мекке қаласында биік мұнаралы сағаттар да бар. Тарихи Тараздың таңғажайып кешенінің аумағынан бой көтерген «Сағат» стелласы да келушілердің қызығушылығын оятып, туристер тартуға өз ықпалын тигізетін болады. Алып сағат үш бөліктен тұрады. «Сағат» құрылысының негізгі іргетасы төрт тұғырлы биік бағаналармен бекітілген. Нысан орта ғасырлық шығыс үлгісінде әрленген.

Айта кету керек, аталған стелла орнатылған аумақта бұрын жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған болатын. Кейін ақынның алып ескерткіші өңірдің бас ғимараты облыс әкімдігінің алдындағы алаңшаға көшірілді. Кейіннен бұл орынға қандай стелла орнатуға болатындығы қала құрылысының кеңесінде талқыланып, сараланды. Кеңес мүшелерінің көпшілігінің қолдауымен аталған аумаққа «Сағат» стелласын орнату туралы шешім қабылданды. Ондағы мақсат – Тараз екі мың жылдан астам тарихы бар қала десек, кешендегі «Сағат» стелласы өткен мен бүгіннің және болашақтың арасындағы берік дәнекері, ғасырлар мен дәуірлердің өлшемі екендігін айғақтайды.

 

Жамбыл облысы