Аймақтар • 26 Желтоқсан, 2019

Көкшетауда «Шексіз жұмыс» әлеуметтік жобасы бастау алмақ

346 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды бүгінгі заманның тың технологияларын пайдалана отырып, жаңа мамандықтарға баулу мақсатында тегін оқыту қолға  алынбақ. Әлеуметтік жобаның авторы «IndiGo» оқыту орталығы. Оқыту семинарына жазылу басталып кетті. Семинар 2020 жылдың қаңтарында бастау алады деп жоспарланып отыр.

Көкшетауда «Шексіз жұмыс» әлеуметтік жобасы бастау алмақ

«Шексіз жұмыс» әлеуметтік жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бүгінгі таңда сұранысқа ие smm-маркетолог, графикалық дизайнер, копирайтинг және web-дизайнер сияқты мамандықтарды тегін меңгеруді ұсынып отыр. Әлеуметтік жоба авторлары «IndiGo» оқыту орталығының негізін қалаушылар Абылай Исин мен Шыңғыс Жүсіпов. Белсенді жастар бүгінде қаланың бірқатар кәсіпорын басшыларымен келіссөздер жүргізіп те үлгерген.

– Оқыту жаңа жылдың қаңтарынан бастау алады деп отырмыз. Бірнеше адам семинарға жазылып та қойды. Курстан өтушілер үшін оқыту тегін жүргізіледі. Яғни, кәсіпорындар қызығушылық танытып отырғандықтан, мамандар үшін оқу ақысын өздері төлейді. Өйткені, бүгінгі таңда Көкшетауда смм-маркетологтар, веб-дизайнерлер қажет кәсіпорындар баршылық. Сондықтан білім алам деушілер болса, есігіміз ашық. Кейін олар сол кәсіпорынға жұмысқа тұра алады немесе осы бағытта жеке дара еңбектенуіне де болады, – дейді «Индиго» оқыту орталығының менеджері Шыңғыс Жүсіпов.

Яғни, арнайы оқудан өткен азаматтар жұмыспен де қамтылады. Жаңа мамандық иелерінің жұмыстан бас тартуларына да болады. Себебі, «IndiGo» оқыту орталығы ол үшін өз қызметтерін кепілдікке қойған. Айта кетейік, бүгінде орталық ҰБТ-ға дайындық, шет тілдерін үйретумен қатар smm-маркетинг, графикалық дизайн, копирайтинг және web-дизайн бағытында қызметтер көрсетумен айналысады. Әлеуметтік жобаның таныстырылымына қатысушылардың оқуға деген қызығушылықтары жоқ емес. Себебі, бүгінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға өздеріне ыңғайлы, әрі жандарына жақын келетін жұмыс табу қиын.

– Жоба маған қатты ұнап отыр. Бұл әсіресе, жастар үшін өте қажет деп ойлаймын. Өйткені, жаңа бағытта өздерін дамыта алады. Мүмкін кейбіреулері іштей бұл мамандықтарды игеруді армандап та жүрген болар. Енді міне, осындай мүмкіндік беріліп отыр. Тегін оқытылады. Біздің елімізде,, қаламызда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін осындай жобалардың  жүзеге асырылып жатқаны қандай тамаша,–дейді қала тұрғыны Бижамал Бекмұратова. 

«IndiGo» оқыту орталығы «Шексіз жұмыс» жобасы аясында наурыз айына дейін 50 адамды, ал жыл соңына дейін 200 адамды оқытуды жоспарлап отыр.