Халыққа стационарлық көмек тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында шұғыл көрсетіледі және мыналарды қамтиды:
- тексерулер, маманның кеңестері, соның ішінде телемедицина байланысын қолдану;
- денсаулық стандарттарына сәйкес зертханалық және аспаптық зерттеулер;
- медициналық қызметтер (ақылы қызметтерді қоспағанда), медициналық себептерге сәйкес дәрілік препаратпен қамтамасыз ету;
- медициналық мақсатта қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
- медициналық ұйымда ананың (әкенің) немесе үш жасқа дейінгі баланы тікелей бағып отырған басқа адамның, сондай-ақ дәрігерлердің қорытындысы бойынша қосымша күтімді қажет ететін ауыр науқастанған үлкен балалардың уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілуімен қамтамасыз ету;
- баланы күту үшін медициналық ұйымда бір жасқа дейінгі бала емізетін ананы ақысыз тамақпен қамтамасыз ету;
- уәкілетті орган бекіткен медициналық көмекті ұйымдастыру стандарттарына сәйкес, оның ішінде балалар мен азаматтардың әлеуметтік әлсіз санаттарына кеш және жалғастырылатын медициналық оңалту;
- балалардың стационарлық медициналық ұйымдарында ойындар, демалу және тәрбие жұмыстары үшін қажетті жағдайлар жасау;
- паллиативтік көмек және мейірбикелік көмек.
Жоспарлы стационарлық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында көрсетіледі және оған мынадай қызметтер кіреді:
- медициналық көрсеткіштер бойынша бейінді маман тексереді, консультация жасайды;
- диагностикалық қызметтер;
- ауру асқынғанда, өмірге қауіп төндіретін дертті дәрілік заттар, медициналық бұйымдар арқылы, медициналық манипуляция, хирургиялық операциямен емдеу;
- қанмен, оның компоненттерімен қамтамасыз ету;
- жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қолдану;
- БМСК маманының немесе медициналық ұйымның жолдамасы бойынша медициналық оңалту және қалпына келтіру емі;
- адамның еңбекке уақытша жарамсыз екенін растайтын сараптама;
- емдік тамақтану;
- пациентті стационар палатасында төсек-орынмен қамтамасыз ету;
- үш жасқа толмаған баланың, қосымша күтімге мұқтаж ересек балалардың ауруханада анасы, әкесі немесе өзге де жақынымен бірге жатуына рұқсат ету, еңбекке уақытша жарамсыздық парағын беру;
- Бір жасқа толмаған бала емізетін анаға медициналық ұйымда тегін тамақ беру;
- Стационарлық медициналық ұйымдарда балаларға арналған ойын алаңын, демалыс және тәрбие жұмыстарын жүргізетін орындар ашу.
Ең алдымен «Халыққа жоспарлы түрде стационарлық көмек көрсетудің» бизнес жоспарын қарастырайық.
Пациент жоспарлы түрде стационарға жату үшін БМСК маманы жолдама беру керек немесе ақпараттық жүйедегі күту парақшасына тіркеліп, жоспарлы емге талон алады.
Стационар маманы күн сайын жоспарлы емге жолдама алған пациенттер тізімін қарап отырады. Сөйтіп, ауруханадағы босаған орындарды медициналық ақпараттық жүйедегі порталға енгізеді, ол мәлімет 9 жарым сағат сақталады. Медициналық ұйым пациентті қабылдау бөлімінде жұмыс кестесіне сәйкес 60 минуттың ішінде қабылдап, тіркейді. Егер ауру АХЖ 10 кодтарына сәйкес келмесе, онда тәулік бойы дәрігердің бақылауына мұқтаж науқас жайлы мәлімет ақпараттық жүйеге және 907 бұйрық бойынша 003 У парағына енгізіледі. Қажет болған жағдайда қабылдау бөлімшесінде консилиум ұйымдастырылады.
Науқас толық тексеруден өткен соң және қарсы көрсеткіштер анықталмаса, бейінді бөлімшеге жатқызылады. Егер емделуге жатудың қажеті болмаса, қабылдау бөлімшесінің дәрігері пациентке медициналық қорытынды жазып береді. Ал мейірбике пациентті тіркелген жері бойынша БМСК ұйымына жібереді.
Пациент пен медициналық ұйым арасында медициналық көмек көрсету бойынша шарт жасалады. Пациент немесе оның заңды өкілі емдеу-диагностикаға жазбаша келіскеннен кейін ғана медициналық көмек көрсетіледі. Ал адам қатты қорқып, коматоздық күйде болғанда; айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруға шалдыққанда; психикасы бұзылған жағдайда келісімсіз және науқастың жағдайы жақсарғанша медициналық көмек көрсетіледі.
Дәрігер пациентті түскен күні қарайды, оған қажетті ем жазады және тағайындалған диагностикалық емді түсіндіреді. Демалыс, мерекеден басқа уақытта күн сайын тексереді. Пациент ауруханаға жатқаннан бастап 3 күннің ішінде бөлімше меңгерушісімен бірге клиникалық диагноз қойылады. Қосымша диагностикалық және емдік қызмет тағайындалса, кезекші дәрігер медициналық картаға жазады. Пациенттің жағдайы нашарласа, кезекші дәрігер меңгерушіге, емдеуші дәрігер немесе жауапты кезекші дәрігер хабарлайды. Диагностика мен емдеу процесіне өзгерістер енгізеді және оны медициналық карта мен ақпараттық жүйеге енгізеді.
Науқас мынадай критерийлер бойынша стационардан шығарылады:
1) сауығып кетсе, жағдайы жақсарса немесе өзгеріс байқалмаса, қайтыс болса, басқа медициналық ұйымға ауыстырылса;
2) ауру науқастың өміріне немесе айналасындағыларға тікелей қауіпті болмаса, пациенттің немесе оның заңды өкілінің жазбаша өтінішімен.
3) денсаулық сақтау ұйымының ішкі тәртібін бұзса, сондай-ақ емдеу-диагностикалық процесіне кедергі келтірсе, басқа пациенттердің медициналық көмек алуына қысым жасаса.
Стационардан шығар алдында пациентке № 907 бұйрықпен бекітілген 027/е формасы беріледі, онда клиникалық диагноздың қорытындысы, диагностикалық зерттеулердің, емдеу іс-шаралардың көлемі, әрі қарай бақылау және емдеу бойынша ұсынымдар жазылады.
Бұдан әрі пациентке амбулаториялық-емханалық көмек; БМСК бойынша күндізгі стационарда медициналық көмек; тәулік бойғы стационар кезінде күндізгі стационарда медициналық көмек және емді жалғастыру үшін басқа медициналық ұйымға ауыстыру қарастырылады.
Ал ауруханадан шыққан науқас туралы бар мәлімет ақпараттық жүйеде стационарлық науқастың электрондық тіркеуіне енгізіледі.
Енді «Халыққа шұғыл түрде стационарлық көмек көрсетудің» бизнес жоспарына көшсек.
Пациент шұғыл стационарлық медициналық көмекке жедел медициналық жәрдем қызметінің, БМСК жанындағы жедел жәрдемнің және санитарлық авиацияның мобильді бригадасы арқылы немесе өз бетінше жүгіне алады. Кейде пациенттерді емхана, ауруханаға азаматтар немесе құқық қорғау органдарының қызметкерлері жеткізеді. Науқасқа жедел жәрдем көлігі мен санитарлық авиацияның бортында да медициналық көмек көрсетіледі. Ал пациент емдеуге жатқызылса, қабылдау бөлімінің дәрігері немесе мейірбике №450 бұйрыққа сәйкес Триаж жүйесі бойынша бөледі.
Пациент бірінші топқа түссе, қарқынды терапия палатасында немесе операция бөлмесінде жедел медициналық көмек көрсетіледі. Жағдайы тұрақталған кезде пациент анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде немесе бейінді бөлімге жіберіледі.
Екінші топтағы пациент диагностикалық палатада емделеді. Динамикалық бақылау қажет болса, науқас 24 сағатқа дейін диагностикалық палатада болады. Осы аралықта толық жедел медициналық диагностикалық көмек көрсетіледі.
Үшінші топтағы пациентті қабылдау бөліміндегі тексеру кабинетіне жібереді. Ол жерде емдеу тәсілі анықталады, диагноз қойылғанға дейін емдік және диагностикалық қызмет көрсетіледі.
Қажет болған жағдайда қабылдау бөлімшесінде консилиум ұйымдастырылады. Яғни, кемінде үш жоғары білікті немесе бейінді маман бірлесіп диагноз қояды, ауруды емдеу тәсілін анықтау, болжам жасау үшін пациентті қосымша тексереді.
Егер пациент емдеуден бас тартса, қабылдау бөлімінің дәрігері 907 бұйрыққа сәйкес науқастың жазбаша өтініші негізінде медициналық анықтама береді.
Пациент емделу үшін ауруханаға жатса, онда №907 бұйрыққа сәйкес медициналық 003 /е картасы толтырылады. Қабылдау күні дәрігер науқасты тексеріп, ем тағайындайды. Және пациентті емдеу‐диагностикалық шаралар жайлы хабардар етеді. Дәрігер демалыс, мерекені қоспағанда, күн сайын тексереді.
Пациент емделуге жатқан сәттен бастап үш күн ішінде бөлімше меңгерушісі мен дәрігер клиникалық диагноз қояды. Кезекші дәрігер қосымша диагностикалық және емдік процедуралар тағайындағаннан кейін медициналық жазба толтырады. Егер науқастың жағдайы нашарласа, кезекші дәрігер бөлім басшысына, емдеуші дәрігерге немесе кезекші жауапты дәрігерге хабарлайды. Диагностика мен емдеу процесіне өзгерістер енгізу туралы шешім қабылданып, стационарлық науқастардың электрондық тіркелімі ақпараттық жүйеге енгізеді.
Пациент мынадай жағдайда стационардан шығарылады: 1) науқас сауығып, жағдайы жақсарса немесе өзгеріс байқалмаса, қайтыс болса, басқа ауруханаға ауысса; 2) пациенттің өміріне және айналасындағыларға қауіп төнбесе, емдеу курсы аяқталғанға дейін пациенттің немесе оған жауапты заңды тұлғаның жазбаша өтініші арқылы; 3) науқас денсаулық сақтау ұйымының ішкі тәртібін бұзса, сондай‐ақ емдеу-диагностикалық процеске кедергі келтірсе, басқа пациенттердің медициналық көмек алу құқығына қысым жасаған жағдайда.