Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ
Полиция департаментінің Жедел Басқару Орталығы ғимаратында іске қосылған «112» қызметі шұғыл көмекке мұқтаж болған оралдықтарға жедел әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Мұнда бұрынғы «01» - өрт сөндіру, «02» - полиция, «03» - жедел дәрігерлік жәрдем қызметі, сондай-ақ төтенше жағдайдағы құтқару қызметі бойынша қоңыраулар қабылданады. «АҚШ пен Еуропа елдерінің үлгісіндегі мұндай бірыңғай call-орталықтың артықшылығы өте көп» дейді жоба авторлары.
–Төтенше жағдайлар қызметінің кезекшісіне түсіп жататын қоңыраулардың 80%-ы – әдетте өз мәніне сәйкес келмейді. Немесе зардап шегушіге полицияның да, дәрігердің де, өрт сөндірушінің де көмегі қатар керек болуы мүмкін. Осындай жағдайда «112» қызметі тұрғындардан келіп түскен шақыртуларды өзі реттеп отырады. Мәселен, жол-көлік оқиғасы кезінде бірнеше қызметтің көмегі қатар қажет болса, «112» қызметінің операторы оқиға орнына бірден қажетті кешенді көмекті жолдайды. Осылайша уақыт үнемделеді, қызмет сапасы артады. «112» қызметінің тағы бір артықшылығы, мұнда бір мезгілде 30-40 қоңырау қабылдау мүмкіндігі бар. Операторлар арнайы дайындықтан өткен, оларға әдістемелік кеңес беретін кеңесшілер де дайындалған, - Батыс Қазақстан облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы Сәкен Нұртазиев.
Айта кетейік, жыл басынан бері өрт сөндіру қызметіне 16 мыңға жуық қоңырау, полиция қызметіне – 112 мың, жедел медициналық көмек қызметіне – 277 мың, ТЖ қызметіне – 180 мың қоңырау түскен екен. Енді бұл қоңыраулар бір орталыққа түсіп, сарапталып, ары қарай тиісті қызмет саласына жолданатын болады.
«112» қызметінде қазір үш оператор қоңырау қабылдап отыр. Болашақта операторлар санын 9-ға дейін көбейту жоспарланған. Қоңырау қабылдаушылар алғашқы медициналық көмек көрсету, төтенше жағдайларға кеңес беру дайындығынан өткен. Тіпті телефоннан өзіне төнген қауіпті жағдайды ашып айта алмайтын адамға да тиісті сұрақтар беру арқылы «йә», «жоқ» деген жауап алып, мәселенің мән-жайын анықтау тәсілдерін меңгерген.
Елімізде дәл осындай қызмет Шығыс Қазақстан облысында және Нұр-Сұлтан қаласында қанатқақты жоба ретінде енгізілген екен. Енді, міне, ол сапқа Батыс Қазақстан облысы да қосылды. Әрине, 3-4 айға дейін әдеттегідей «01», «02», «03» қызметтері де бұрынғыша қоңырау қабылдай береді.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев «112» call-орталығының жұмысымен толық танысып шыққан соң, қала халқы ежелден пайдаланып келген жүйеден жаңа жүйеге ауысу ісі тұрғындарға қиындық туғызбауын қатаң тапсырды.
Ақ Жайық өңірінде цифрландыру ісін алға бастырады делінген тағы бір жоба – «IT group» компаниясының жеке ІТ мектебінің ашылуы болды. Жаңа мектеп оқушылары РНР-бағдарламалауға, android және IOS үшін мобильді қосымшаларды әзірлеуге, UNITY-де ойындарды дайындауға, бағдарламалардың, ойындардың, қосымшалар мен сайттардың дизайнын әзірлеуге қажетті білім алатын болады. Мұнда келген адам «Электронды-есептеуіш машиналардың операторы», «Web-программист (компьютерлік)», «Web-дизайнер», «Программист» (компьютерлік), «Компьютер құрылғыларына қызмет көрсету технигі» сынды мамандық алып шығады. Мектеп биылғы қарашада техникалық және қызмет көрсетуші қызмет мамандықтары бойынша кәсіби дайындау, қайта дайындау, біліктілікті арттыру және біліктілік беру бойынша «Атамекен» тізіліміне енгізілген. «Біз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардан іріктеліп алынған бірнеше жасқа тегін білім беруді де жоспарлап отырмыз» дейді мектеп әкімдігі.
Өңірдегі цифрландыру жұмыстарының негізгі орталығы – IT HUB алаңы. Мұнда ауыз толтырып айтатын соңғы жаңалықтың бірі - қала тұрғындарына барлық коммуналдық төлемін бір ғана қағаз түбіртегі мен бір ғана онлайн шот арқылы төлеуге мүмкіндік беретін Бірыңғай төлем құжаты.
Бұл пәтер иесінің уақытын, қаржысын үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар тұтынушы өзінің жеке кабинеті арқылы бірыңғай төлем құжатының электронды түбіртегін алып, есептеулер мен төлем тарихын нақтылап, www.batyser.kz сайты арқылы онлайн-төлем жүргізе алады.
Ал «Инва-Такси» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдау саласында мемлекет көмегінің ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз ету, сонымен қатар бюджеттік қаражатты пайдалануды бақылауға алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайту мақсатында әзірленген екен. Бүгінде Орал қаласында «Инватакси» қызметін мүмкіндігі шектеулі 300-ден астам адам қолданады. Бұл қызметті көрсетуге 32 автокөлік, оның ішінде арнайы жабдықталған 13 автокөлік тартылған. Жыл басынан бері телефон арқылы 16 544 шақыру түскен. Бұл жүйе қызмет көрсетудің бизнес-құрылымын тиімді ұйымдастырып, инватакси маршруттарын онлайн бақылауға мүмкіндік береді. Жүйенің браузерлік және мобильдік нұсқалары жасалған.
«Елорданы тұрақты дамыту орталығы» ЖШС әзірлеген Big-Data (шағын және орта бизнес модулі) платформасы жергілікті билік органдары үшін өте қажетті, өңірдегі барлық кәсіпкерлік құрылым деректерін талдап отыруға арналған жүйе екен. Биыл мұнда кәсіпорындардың деректер базасы пилоттық режимде іске асырылды. Әзірге мұнда 12 мыңнан астам кәсіпорын бойынша нақты мәлімет жинақталған. Платформа өңірдегі шағын және орта бизнес құрылымдарының әлеуетін ұдайы бағалауға, кәсіпорындардың дамуына кедергі келтіретін мәселелер мен қиындықтарды зерттеп, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін талдауға таптырмас мүмкіндік береді. Бұл жүйе арқылы БҚО кәсіпорындары өз қызметтері мен өнімдерін облыс аумағынан тыс болатын мемлекеттік сатып алулар шеңберіне шығара алады.
Ақ Жайық өңірін цифрландыру бойынша бірнеше жобаның тұсауы кесілген шара Орал қаласындағы Қазақстан Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті мен «ИнфоДата» ЖШС арасында «React мектебі» жобасы бойынша меморандумға қол қоюмен қорытындыланды. Бұл келісімнің мақсаты – бағдарламалауға, бағдарламалық қамсыздандыру өнімдерін әзірлеуге, маркетингілеуге оқыту және өңірдің ІТ білім беру саласын дамыту саласында ынтымақтастық орнату.