Аймақтар • 29 Желтоқсан, 2019

Нұрлан Мәсімов жылды қорытындылады

520 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Болат Бақауовтың  төрағалығымен өткен жиында полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов баяндама жасады.

Нұрлан Мәсімов жылды қорытындылады

Нұрлан Мырзаханұлы полиция департаменті бастығы лауазымына  осы жылдың қараша айында ғана тағайындалды.

Нұрлан Мәсімовтің мәлімдеуінше, жүргізілген зерттеулер бойынша, тұрмыстық қылмыстардың 73 пайызын жұмыссыздар, ал, 63 пайызын мас күйдегі адамдар жасаған.

Отбасылық-тұрмыстық бағыттағы қылмыстар саны бойынша Павлодар мен Екібастұз қалаларының тұрғындары алдыңғы қатарда.

Облыстың 280-нен астам тұрғынына алкогольдік сусындар пайдалануға тыйым салынған.

Болат Бақауовтың пікірінше, қылмыстар азаюы үшін учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыру керек.

-Учаскелік шақыртулар орын алған отбасыларға кем дегенде аптасына бір рет барып тұру керек. Сонымен қатар, учаскелік инспекторлар алкогольдік сусындарды жиі ішетін адамдарды жақсы тануға тиіс. Учаскелік инспекторлардың жұмысын жандандыруды тапсырамын, деді облыс әкімі.

Облыста өзгенің мүлкін ұрлау көрсеткіші төмен деп отыр. Нұрлан Мәсімовтың сөзінше, өзгенің мүлкін ұрлауға қарсы бағдарламаның нәтижесінде ұрлық жасау азайған.

Оның ішінде пәтер тонау 32 пайызға (625-тен 423-ке), салондардағы ұрлық 38 пайызға (296-ден 184-ке), қалта ұрлығы 57 пайызға (125-тен 54-ке), телефон ұрлығы 13 пайызға (1124-тен 975-ке) төмендеген.

Бірақ, ауылдардағы мал ұрлығы 16 пайызға артқан (111-де 129-ға).

Жиын қорытындысы бойынша облыс тұрғындарының қауіпсіздігін сақтауға және учаскелік инспекторлардың қоғаммен бірлесе жұмыс істеуін жандандыруға бағытталған нақты тапсырмалар берілді.