Руханият • 30 Желтоқсан, 2019

Ән әуелеп, жыр төгіліп...

623 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баянауылда болса, бір сәрі. Қазағы аз, өзге ұлт өкілдері басымдау орныққан Успен ауданында «Ән мен жырдан ақ шашу» деп аталатын дәстүрлі әншілер фестивалі өткені бізді еріксіз елең еткізді. Бұл – осы ауданға қоныстанған Қытайдан елге оралған қандас бауырларымыздың бас­тамасы.

Ән әуелеп, жыр төгіліп...

Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Көкшетау өңірлері­нің орындаушылары қатыс­қан фестиваль Абайдың 175 жылдығына, тәуелсіздік ме­рекесіне арналды.

Дәстүрлі ән кешін жергі­лікті жас ақын, термеші Жігер Бөкен арнау әнімен бастап берді. Әнші Ербол Айт­баев Естайдың әндерін әуеле­тсе, «Текті сөздің төресі – терме» бай­қауы­ның жүлдегері Салтанат Қи­сато­ва атақты Майраның әндерін шыр­­қады.

Әнші-жыршы, термешілер сахна төріне тігілген киіз үйдің ішінде бұрынғы сал-серілердей бірінен соң бірі ортаға шығып, өз өңірлерінің мақамына сай екі әннен орындады.

Алдымен Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкі­лі Ыбырайлардың ізін басып, үкілі домбыраны серік еткен көкшетаулық серілер көрінді.

Арқаның дәстүрлі ән мектебінің түлегі Назира Бейсенова Бұқар жы­раудың «Батырың өлді, Бөгенбай!» деп аталатын толғауын, Үкілі Ыбы­­райдың «Гәккуін» ұсын­ды. 

 Келесі сәтте Сыр дәстүрлі ән мектебінің көрнекті өкіл­дері Нұртуған, Жиенбай, Нартай, Сәрсенбай жы­рау­лардың мақамдарымен жыр ай­ту дәстүрін жалғап жүр­ген Марат Сүгір­бай Тұр­мағамбеттің «Өсиет», Шор­аяқ­­тың Омарының «Әділ іс» термесін, халық әні «Шилі өзенді» орындап берді.

Сырдың сарынын Қармақ­шы ауданынан келген жыр­шы-термеші Күнсұлу Түрік­пен жалғастырды.

Бұдан кейін көрермендер Маң­ғыстау мақамына құлақ түрді. Нар­тай және Сүгір жыраулардың жыр-тер­мелерін насихаттап жүрген Оспан Құлсымақ Ұзақбай жыраудың «Мәжі­лісте сөз бас­тау» термесін төгілтті.

Ал Жетісу өңірінен келген Шаттық Уатқан Сүйінбай, Жамбыл, Кенендер жолын жалғап жүргенін көпшілікке паш етті. Баянауылдық Азамат Базарбай Майлықожаның термесі «Ата-ананың қадірін» орындады.

Ал Қытайдан тарихи­ ота­­нына оралған қандас ба­­уыр­­­ларымыз: аудандық мә­дениет үйінде қыз­мет етіп жүрген республикалық эстрада-цирк колледжінің түлегі Жалын Құ­нанбай, халықаралық Қазақ-түрік университетінің түлегі Ербақ Құрметжан, Қы­тайдағы «Күйтүн» ақын­дар институтын бітірген Бөкен Жігер аудандық мәдениет бөлімімен бірлесе отырып осы шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосты.

– Ұлттың мәдениеті – дәс­түрлі әнін­де. Ән-жыры­­мыз – құндылық. Ән әуе­лесе –қазақтың рухы оя­на­­­ды, са­насы ашылады. Өйт­кені ел­дігі­міз, өр­лігіміз, салт-дәс­түр, басқа да құн­дылықтар құді­ретін халық ән­дерінен та­басыз, – дейді дәстүрлі ән­дер­­ді орындаушы Ербол Айтбаев.

Рухани мәнді шарадан соң об­лыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі бас­қар­масы өнер көрсеткен ән­ші­лерді ақшалай, бағалы сый­лықтармен марапаттады.

Әншілер фестиваліне облыс әкімдігі, Ақсу, Екібастұз, Шарбақты, Железин, Терең­көл, Аққулы аудандары әкім­дік­тері демеушілік көрсетті.

Облыстық мәдениет, тіл­дер­ді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуын­ша, біздің өңірге келіп халық ән­дерін әуелеткен, терме­ тө­гіл­тіп, жырдан ша­шу­ шаш­­қан әнші-күйші, тер­ме­шілердің барлығы да елі­міздегі дәстүрлі ән, жыр-тер­­ме мектептерінің қазіргі тол­­қыны. Мақсат – ұлттық қа­зы­на халық әндерін, жыр-тер­мелерін насихаттау.

Алдағы жылы облыстық мәдениет басқармасы Естай атындағы дәстүрлі әншілер байқауын, респуб­ликалық ақындар айтысын, Майра Шамсутдинова атындағы ән байқа­уын, «Ақын мен әнші» сияқты рухани жоба­ларды жүзеге асырмақ.

 

Павлодар облысы,

Успен ауданы