Маңғыстау облысының шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясының директоры Рақымжан Елтаевтың айтуынша, бұдан былай дыбысты дабыл үнемі қолданылады және бұған еш алаңдаудың қажеттілігі жоқ.
Бұл жаңа мемлекеттік дыбыстық және жедел жәрдем көлігінің жарқылдауық маяктың жаңадан бекітілген стандартына сәйкес енгізілген. Дыбыс жүйесінің деңгейі таңертеңгі 08:00-ден түнгі 23:00-ге дейін қосылады. Осылайша түнгі сағат 23:00-ден соң сирена өшіріледі және оның орнына түсті жүйе іске қосылады, себебі түнгі мезгілде кептеліс азаяды.
Егер де бұрын «103» қызметі санитарлық автокөлікті кедергісіз өтіп кету үшін қажет жағдайда ғана арнаулы дыбыстық сигналды қосып келсе, бұдан былай жаңа стандартқа сәйкес әрекет етеді. Яғни, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жағдайлары кезінде санитариялық автокөліктің кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін санитариялық автокөлік жедел медициналық көмек бригадасы шыққан кезден бастап шақырту орнына дейін және пациентті стационарға тасымалдау кезінде «Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы № 1196 қаулысына сәйкес ең жоғарғы деңгейде арнаулы дыбыстық сигналды (сирена) береді және көк немесе қызыл түсті жарқылдауық маякты іске қосады.
Осылайша, үнемі қосылып тұратын сиренаның арқасында жедел жәрдем машинасы шақыртылған орынға тез арада жету мүмкіндігіне ие болмақ, яғни бұрынғыша 15-20 минутта баратын жерге, 7-8 минутта жетуге болады.
Оның үстіне, Ақтау қаласында халық санынының жыл санап артып келе жатқандығын ескеретін болсақ және шеті жоқ құрылыстың жүргізіліп жатқандығы көліктердің қозғалысына біраз қиындықтар туғызып отырғандығы жасырын емес. Соның салдарынан жедел жәрдем қызметі кейбір шақыртуларға уақытында жете алмай жатқандығы жасырын емес.
Сол себепті, Маңғыстау облысының шұғыл және жедел медициналық жәрдем станциясы темір тұлпар тізгіндеген жүргізушілерге «103» қызметіне үнемі жол беруге шақырады. Себебі адам өмірін аман алып қалуда, әрбір минут маңызды. Егер де кептеліс азаятын болса және жедел жәрдем қызметінің көліктеріне жол беріп, жолда көлік жүргізу мәдениеті жақсара түссе медициналық көмекті қажет ететін жандарға уақытында барып, оларға сапалы қызмет көрсету мүмкіндігі жасалары сөзсіз.