Руханият • 30 Желтоқсан, 2019

«Egemen Qazaqstan» жаңа ғасырға қадам басты

446 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің ұжымы бас басылымның ғасырлық мерейтойымен есте қалған биылғы жылды қорытындылап, газеттің келесі жүз жылдыққа басқан қадамын атап өтті.

«Egemen Qazaqstan» жаңа ғасырға қадам басты

Шараны ашқан басылым басшысы Дархан Қыдырәлі «Егемен» ұжымының биылғы атқарған жұмысына жоғары баға беріп, мерейтойды республикалық деңгейде және өңірлерде атап өтуге атсалысқан әріптестеріне ерекше ықыласын білдірді. «Еліміздің бас басылымы Абайдың туған жерінен бастау алған газеттің жүз жылдық мерейтойын барлық өңірлерде атап өтті. Қарағанды, Қостанай, Жезқазған, Орал, Алматы, Орынбор және өзге де аймақтарда түрлі шаралар өтті. Мерейтой қарсаңында 5 томдық «Жүз жылдық жылнама» кітабы, фильм, фотошежіре жарық көрді, цифрлы архиві жасақталды. Газет ұжымына, өңірдегі тілшілерге осы жылы атқарған жұмысына алғыс айта отырып, келесі жылы сәттілік тілеймін», деді Дархан Қыдырәлі.  

Сондай-ақ шараға арнайы келген қонақтар – басылымның Директорлар кеңесінің мүшелері, ғалымдар Намазалы Омашев пен Серік Негимовке және бас газеттің әнұранының авторы әрі орындаушысы әнші-композитор Елена Әбдіхалықоваға «Egemen Qazaqstan» газетінің мерейтойлық төсбелгісі табысталды.

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі фототілшілердің еңбегін ерекше атап өтті. Мерейтойда 1919-2019 жылдар арасында түсірілген суреттерді қамтитын «Жүзжылдық жылнама» фотошежіресінің жарық көргені және осы альбомды құрастыруда газеттің ардагер-фототілшілері Шүкірәлі Шахай мен Советбек Мағзұмовтың еңбегі зор екені айтылды. Отандық фотожурналистиканың жампоздары да «Егеменнің» мерейтойлық медаліне ие болды.

н

Газетте ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген, зейнет жасына толуына байланысты Нәзира Жәрімбет, Өмір Есқали, Берік Садыр, Жылқыбай Жағыпарұлы секілді ардагер-журналистердің осы жылдар аралығында атқарған жұмысы бағаланып, әріптестер тарапынан қошеметке бөленді. Баспасөздің байырғы қызметкерлеріне «Ерен еңбегі үшін» және «Еңбек даңқы» медальдары табысталды.

Басылым басшысы, құрметті қонақтар мен аға буын журналистер «Egemen Qazaqstan» газетінің келесі жүзжылдық тарихын жазу жастардың қолында екенін алға тартып, жас әріптестеріне үлкен сенім білдіретіндерін жеткізді.

о

п