Еске сала кетейік, Еуразиялық экономикалық комиссия ЕАЭО-да контрафакт өніммен күресу үшін жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау жүйесін 2014 жылы ұсынған болатын. ЕАЭО елдерімен және басқа да елдермен өзара сауда кезінде электронды шот-фактура беруді, оның ішінде нақты уақыт режімінде ЕАЭО елдерінің кедендік органдарына берген шот-фактуралар туралы мәліметтерді беруді жүзеге асыруға мүмкіндік береді деген үміт басым болған. Сол жылы Кеден одағы аясында тауар қаптамасына арнайы электронды код салу туралы ұсыныс та қолдау тапқан. Қазір ЕАЭО елдерінде темекі өнімі өндірісі, тері бұйымдары мен аяқ-киім шығару, фармацевтика сынды салаларда цифрлы таңбалау қанатқақты режімде енгізіліп жатыр. РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігінің тізімі жақында автокөлік шинасы, парфюмерия және сүт өнімдері сынды номенклатуралармен толықты. Ресей 2024 жылға дейін тауарлардың барлығын цифрлы таңбалауды жоспарлап отыр.
Қазақстан әзірге Ресейде бұл қалай жүзеге асырылатынын сырттай бақылауға келіскен болатын. Егер мұндай форматтың артықшылығы, осы тауарларға таңбалауды енгізудің пайдасы анық сезілсе, ішкі заңнамаларымызға өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова: «Біз əзірше Ресейде осы «пилот» қалай өтеді, мұндай таңбалау қалай жүзеге асырылатынын бақылай тұрамыз деп келістік. Егер мұндай форматтың артықшылығын, осы тауарларға таңбалауды енгізудің пайдасын түсінсек, онда ішкі заңнамаларымызға сəйкес оған қосыламыз. Қабылданған шешім бізге мүмкіндік береді», деген-ді.
Қазақстан заң жобасын ратификациялады және осы жобаларға ішінара қосылды. Әзірге елде қандай өнімдерді таңбалау керектігін көрсететін қорытынды тізім Үкімет деңгейінде талқыланып жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, жобаны талқылауға қызу кірісіп кеткен Үкімет Қазақстан мен Ресейдегі бір кодтың қосымша құн салығын қоса есептегендегі баға айырмашылықтарына назар аудармай отыр. Қанатқақты жобаның жүзеге асырылу мерзімі 2016 жылы аяқталуы тиіс болатын. Бірақ бұл белгісіз себеппен 2018 жылға дейін ұзартылған. Өткен жылы аяқталуы тиіс жоба биыл да жалғасып жатыр. Оның жалғасуына біздің шенеуніктер келісім берген.
Енді тауардың неге қымбаттайтынын түсіндіруге тырысайық. Ресейде бір кодтың құны қосымша құн салығын қоса есептемегенде 50 тиынды құрайды. Қазақстанда кодтардың бағасы қанша тұратыны әлі белгісіз. Бизнесмендердің есептеуінше, бір код біздің елде курс бағамы бойынша 3 теңге тұратын болса, тауар 10 пайызға қымбаттап шыға келеді. Мұндай сәйкессіздіктер ЕАЭО шеңберіндегі сауда айналымына кері әсерін тигізеді.
Ресейлік сарапшы Андрей Кухаренконың түсіндіруінше, Ресейде тауарларды таңбалауға байланысты ортақ көзқарас қалыптасқан жоқ. «Біз дайынбыз деп мәлімдеген көптеген компаниялар іс жүзінде жобаны орындауға кіріскен жоқ. Ресми билік пен ресми бұқаралық ақпарат құралдары ұсынған ақпараттардағы деректер шындыққа жанаспайды. Оның ақ-қарасын анықтауға ешкім ықылас танытып отырған жоқ», дейді А.Кухаренко.
Тұтынушылар құқығын қорғау ұйымдарының көзқарасы бойынша тауарлардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған құрал ретінде міндетті таңбалауды енгізу тиімсіз. Олардың түсінігінше, ақылы цифрлы кодты жапсыруға міндетті тауарлардың тізіміне қарап-ақ бұл жерде лобби жасаушылар миллиондаған тұтынушылардың күнделікті сатып алуынан табыс көргісі келеді.
Қазақстанның бизнес өкілдері азық-түлік тауарларын міндетті түрде цифрлы таңбалау туралы бастаманың қабылдануына қарсы шығып отыр. Себебі есеп айырысу кезінде тіркеу немесе мәлімет беру функциясы бар бақылау-кассалық аппараттар үшін Үкіметтің өтемақы беретіні және оның тетіктері де белгілі. Таңбалауды енгізу үшін өндірушілер өнеркәсіптік принтер мен сервер сатып алып, орнатады және қорғалған байланыс арналарын қолданады. Қазақстан таңбалауды жапсыратын жабдықты шығармайды. Және шығаруға құқы жоқ.
Республикалық Сүт одағының оңтүстік өңірдегі өкілі Дінмұхамед Айсауытов тауарларды тұтынушыға жеткізудің бүкіл тізбегінде қатысушылардың көтеретін орасан зор шығынын көрсетіп берді. «Сүт өніміне жапсырылатын бақылау-сәйкестендіру таңбасының бір код данасы 3 теңге тұратынын ескеретін болсақ, оған жұмсалатын шығын жыл сайын 3 млрд теңгеден аспақ. Жоғарыда айтып өткендей, таңбалауды жапсыратын жабдықты біздің ел шығармайды. Оны сатып алу шығыны да ШОБ-тың мүмкіндігі арқылы өндірілмек. Демек біз басқалардың экономикасын өз ақшамыз арқылы демеуге мәжбүр боламыз», дейді ол.
Д.Айсауытовтың сөзін Ішімдіксіз шырын мен сусын өндірушілер қауымдастығының атқарушы директоры Әлия Мамытбаева да қостады. Мәселен, сарапшылардың алдын ала есептеуі бойынша жабдық пен бағдарламалық жабдықтаманың бағдарланған бағасына назар аударайық: 5 және одан көп өндірістік желісі бар ірі өндіруші үшін 128,4 – 428,4 млн теңге; 2-3 өндірістік желісі бар орта өндіруші үшін 51,6 – 171,6 млн теңге; жылына 10-20 мың бірлік өнім шығаратын (өндірістік желісі жоқ) шағын өндіруші үшін 1,6 млн теңге; дистрибьютор үшін 3,72 млн теңге.
Қазақстан Сауда кәсіпорындары қауымдастығының президенті Нұрсадық Әбішев жоғарыда көрсетілген шығындар тізімін тағы бір көрсеткішпен толықтырып отыр: «Қазір қызмет етіп жатқан сауда нүктелері қаптамадан цифрлы кодты оқи алатын сканерді жалпы сомасы 5 млрд теңгеге сатып алуы тиіс. Отандық өндіріске қаржы құюдың орнына, біз гаджет шығаратын қытайлық өндірушілерді қолдауға басқалардың бәрін мәжбүрлейін деп отырмыз».
Еуропа елдерінің біразы тауар таңбалауға көшкенмен деректер базасын жалпыға бірдей жария еткен жоқ. Қазір кәсіпкерлер арасында «қазақстандық тауарлардың таңбалау туралы мәліметтері басқа елге өтіп кетпей, өз мемлекетімізде қалуы керек» деген пікір жиі айтылып жүр. Себебі 2014 жылы Мәскеу ұсынған құжаттың жобасында «ЕАЭО атынан шығарылатын барлық тауардың мәліметі Мәскеуде болады» делінген еді. Бірақ тәуелсіз сарапшылардың сынынан кейін бұл талап өзгеріп, мәліметтер қоры елімізде қалатын болып келісілген. Алдағы уақытта жекелеген елдердің тауарларды таңбалауға байланысты мәліметтер базасының көпке жарияланып кетуіне жол беруге болмайды.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, контрафактілік өнім нарығымен күресуге мүмкіндік беретін пәрменді құралдардың бірі – тауарларды цифрлы таңбалау. Тауар таңбалау және бақылау саласындағы халықаралық жобалар әлемнің көптеген елдерінде бұрыннан қолдау тапқан және он жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келеді. Бұл салада Қытай, Бразилия, Түркия, АҚШ және Еуропалық одақ көш бастап тұр. Д.Айсауытов сөз реті келгенде Қазақстанда тауарлардың заңсыз айналымы азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ тұтас ұлттық экономиканың дамуына теріс әсер ететінін түсіндірді.
«Қаржы министрлігі кәсіпкерлер үшін бір марка үш теңгені құрайды дейді, ал сол бизнестің өз есебі бойынша бұл – 25 теңге. Әңгіме миллиардтаған қаражатқа келіп тіреледі», деді Д.Айсауытов. Оның пікірінше, бұл қаржы таңбалаушы оператор – жеке меншік компаниялардың қоржынына түседі. Демек қомақты қаржы Ресейге немесе оның жүзеге асуына мүдделі болып отырған компаниялардың қалтасына кетеді. Бұдан жұмысын енді бастап келе жатқан шағын және орта бизнес айтарлықтай зардап шегеді.
АЛМАТЫ