Медицина • 31 Желтоқсан, 2019

Онкологиялық орталық мүмкіндігі

472 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шетел асып, ем іздемейсіз. Жуырда облыс орталығында ашылған Онкологиялық орталықтағы компьютерлі томография ағзаның бірнеше қабатынан өтіп, өте төмен сәулемен айқын көру мүмкіндігіне ие. Тұрғындар Корея, Израил, Германияға бармай-ақ, өңірде емделе алады. Жаңа технологиялар толық сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді. Рентген құрылғы, ота жүргізуге қажетті радиожиілікті абляция аппараты мен эндо-видеохирургиялық құрал-жабдықтар орнатылған.

Онкологиялық орталық мүмкіндігі

Орталық директоры Мұрат Сүлей­ме­новтің айтуынша, жаңа орта­лықта бір ауысымда 100 адам қабыл­дай­тын ем­хана және 200 орындық онко­ло­гия­лық диспансер бар. Жалпы, Павлодар өңі­рі қатерлі ісік көрсеткіші бойынша елімізде 3-орында. Жыл сайын облыстық онкодиспансердің бірінші реттік есебіне 2300 тұрғын тіркелсе, аурухананың жалпы есебінде қазір 11 мың адам бар.

Ауасы өндіріс орындарының түті­ні­мен ластанған өңірде қатерлі ісік көр­сет­кі­ші жоғары. Бұл жағдайды жергілікті онкологтар ауруды ерте бастан анықтау көр­сеткішінің көбеюі нәтижесінде анық­та­ған. Жаңадан ашылған орталықта енді жылына 1,5 мыңнан астам ота жасалмақ. Орталық құрылысына 7 млрд теңге, ал зама­науи құрал-жабдықтарға 4 млрд тең­ге қаржы жұмсалған.

Жылына мыңнан аса ота жасау үшін орталыққа компьютерлік томография, магнитті резонансты томография, бейне-лапрос­копиялық сияқты жаңа заманауи қон­дырғылар орнатылды. Қатерлі ісік ауру­ларын емдеудің озық үлгілері қол­да­нысқа енгізілуде. Енді бұл ауруға душар болған адамдардың өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік бар.

Ең бастысы, онкологиялық орталық құрамында емхана, Ғ.Сұлтанов атындағы облыстық аурухана, офтальмологиялық бөлім, диагностикалық орталық қызмет көрсетеді.

– Орталықта 400-дей адам жұмыс істейді. Тәуліктік стационарда науқастар ем қабылдайды. Бұрын ота жасағаннан кейін науқас 12 күн ауруханада қалса, енді 3-5 күн ғана болады. Онкологиялық дертке шалдығу күдігімен тексерілу аз қам­тамасыз етілген, көп балалы отба­сы­ларға, мүгедектерге, кейбір зейнет­кер­лерге тегін. Тұрғындарға маман­дан­дырылған онкологиялық көмектің көле­мін кеңейтіп, сапасын арттыру, науқастарды оңалту үшін онкоорталықта стационарлық бөлімшелерді, жеке опе­ра­циялық-реанимациялық блок, емхана бөлімшесін, радиологиялық бөлімшенің жеке 4 корпусын ашу жоспарлануда, –дейді Мұрат Сүлейменов.

Бас дәрігердің айтуынша, аурулардың ішінде бірінші орында сүт безінің қатер­лі ісігі тұр. Сондай-ақ тері, өкпе, асқазан қа­­терлі ісігіне шалдыққандар да жиі кез­де­суде.

Енді, міне жаңа заманауи диспансерде диагностикалық зерттеулердің сапасы да, емдеу нәтижесі де жақсара түспек.

Мыса­лы, сәулелі диагностика те­ра­­­пия­­­­сының дәрігері Мәдина Ибрай­мо­ваның айтуынша, 64 кескінді компью­терлі томограф ағзаның бірнеше қа­ба­ты­нан өтіп, өте төмен сәулемен көріністі айқын көре алды. Жаңа технологиялар толық сәулелі терапияның нәтижесін үш күн ішінде алуға мүмкіндік береді.

Бұл жөнінде өңірге жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов «Бұл онкологиялық диспансер тек жаңа ғимарат емес, жаңа технологиялардың шоғыры» деп атап өткен-ді.

– Мысалы, томограф ісіктің нақты көлемін анықтайды, ал желілік үдеткіш сол ісіктің нақ өзін ғана сәулелендіреді. Ісіктің айналасындағы сау жасушаларға зиян келмейді. Бірнеше күнде оң нәти­же­сін байқауға болады. Елімізде дәл осын­дай төрт құрылғы бар. Заманауи меди­циналық қызметті Павлодардағы онко­логиялық диспансерде де алуға болады, – деген-ді министр.

 Тіпті қауіпті дертті ерте кезден анық­­тап, дер кезінде тиісті көмек көр­се­ту үшін келесі жылдан бастап өңірдегі кәсіп­орын­дарда жұмыс істейтін, жасы 35-тен асқан адамдарды скринингтен өткізу мәселесі де қарастырылуда.

 Жалпы, облыс орталығындағы «Он­ко­­логиялық диспансердің құры­лы­сы» инвестициялық жобасын іске асыру арқылы өңір тұрғындарын жоғары технологиялық емдеу-диагностикалық әдістемелерді пайдалана отырып, қазіргі заманғы деңгейде мамандандырылған онко­логиялық көмек ала алады. Жаңа жұмыс орындары құрылып, меди­ци­на­лық қызметкерлердің жұмыс жағдайы жақ­сарады. Жас дәрігерлер онкологтар­ды күтеді.

Жаңа кешенді іске қосу «Онко­ло­гия­­лық ауруларлы емдеудің 2018-2022 жыл­дарға арналған кешенді жоспарын» орын­дау бойынша Жол картасының іс-шара­ларын іске асыруға мүмкіндік береді.

 

Павлодар облысы