Экономика • 01 Қаңтар, 2020

Мораторий кәсіпкерлікті өркендетуге негізделеді

340 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биылдан бастап іскер жандарға кәсібін емін-еркін жүргізуге мүмкіндік туады. Бұған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда тексерулерге және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізуге мораторий енгізу туралы Жарлығы ықпал етпек. Соған сәйкес, елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін кәсіпкерлік нысандарын тексеруге мораторий енгізіледі.

Мораторий кәсіпкерлікті өркендетуге негізделеді

Нақтырақ айтсақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар 2020 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін кейбір тармақтарды қос­па­ғанда, шағын кәсіпкерлік субъек­ті­леріне бару арқылы тексерулер мен профилактикалық бақылау мен қадағалау тоқтайды. Әйтсе де халықтың өмірі мен ден­саулығына, қоршаған ортаға, заңдылық пен қоғамдық тәр­тіпке қатер төндіруі мүмкін, конс­титуциялық құрылысқа және ұлттық қауіпсіздікке тура немесе тікелей қатер төндіретін заң бұзушылықтарды болдырмауға немесе жоюға бағытталған, сон­дай-ақ «Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы» Заңда көзделген негіз­дер бойынша жүргізілетін тек­серулер жалғасады. Өз қыз­метіне қатысты кәсіпкерлік субъектілерінің өтініштері негі­зінде, оның ішінде «Рұқсат­тар және  хабарламалар туралы» Заңға сәйкес рұқсат алуға арналған өтініш бойынша тексерулер мен профилактикалық бақылауды барып жүргізуде өз күшінде қалады делінген.

Маңызды құжатта 2014 жыл­­ғы Қылмыстық-процестік ко­­декс­те көзделген негіздер бо­­йынша, Президенттің және Бас прокурордың тапсырмасы негізіндегі прокуратура орган­дарының, кедендік және қарсы салықтық тексерулер, салық төлеуші мен оның дебиторлары арасындағы өзара есеп айырысуды айқындау, салық органдарында тіркеу есебіне қою, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы салық органы шығарған өкімдерді орындау мәселелері бойынша тақырыптық салықтық тексерулер, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламат­тылығы саласында өнім қауіп­сіздігінің мониторингін жүзеге асыру үшін өнімді іріктеу және оған санитариялық-эпи­де­мио­логиялық сараптама жасау мақсатындағы профилак­тикалық қадағалауды барып жүргізу де заңнамаға сәйкес орындалады.

Осы Жарлықтың 1-тармағы­ның 1-2-тармақшаларында көз­дел­ген тексерулер орталық мем­­­­лекеттік немесе жергілікті ат­­­қару­шы органның бірінші бас­­­шы­сының шешімі негізінде жүр­­гізіл­мек. Бұл шешім шағын кә­сіп­к­ерлік субъектілерін, оның ішін­де микрокәсіпкерлік субъек­ті­лерін 2019 жылы бас­тал­ған тек­се­ру­лерге және про­фи­лак­тикалық бақылау мен қа­даға­лауды барып жүргізуге қол­да­ныл­майды. Осы ретте Үкімет аталған Жарлықты іске асыру жөнінде шаралар ка­был­­­дауға тиіс. Ал оның орындалуын ба­қы­лау Президент Әкім­ші­лі­гіне жүктелмек.

Ресми деректерге сәйкес, биыл елімізде тіркелген заң­ды тұлғалардың жалпы саны 450 мыңға жетеқабыл. Бүгінде Қазақ­станда білім саласы бизнеске қолайлы болып келеді. Мұнда заңды тұлғалардың саны 600-ден асады. Сондай-ақ қонақ үй және мейрам­хана кәсібі, ауыл шаруашылы­ғы, құрылыс, әкімшілік және қосал­қы қыз­мет көрсету саласын жолға қойған­дардың қатары артып келеді.