Қоғам • 01 Қаңтар, 2020

Жаңа жылдан не күтесіз?

1341 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа жыл қарсаңында өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратын жақсы дәстүр бар. Өткен жыл еліміз үшін жаңалықтарға толы болды. 2019 жылдың ізгіліктерін ықыласпен еске ала отырып, жаңа жылдан да жақсылық күтеміз. Осы орайда келер жылдан не күтетінін әр түрлі сала мамандарынан сұрап көрген едік.

Жаңа жылдан не күтесіз?

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жәмила АХМЕТОВА,

көп балалы ана, Республикалық диагностикалық орталығының амбулаторлық хирургия бөлімінің медбикесі:

– 2019 жыл еліміз үшін әр­түрлі жаңалықтарға толы болды. Қай ана үшін де баласының амандығынан асқан байлық жоқ қой. Көп балалы аналар­ды түсінемін, әрқайсысы бала­сының амандығы, қауіп­сіздігі, болашағы үшін уайымдайды. Өзім – 6 баланың анасымын. Балаларымның үлкендері жұмыс істейді, іссапарға жиі шығады. Баланың өсіп, өз алдына жұмыс істеуі, отбасы құруы – заңдылық. Осыдан артық ана үшін бақыт бар ма! Дегенмен ана жүрегі қа­шан­да алаңдаулы. Жылды қорытындылаймыз деп жақсы естеліктерді тізіп жүргенімізде Алматыдағы ұшақ апаты туралы, онда сәбилер мен кішкентай балалардың болғанын естіп жанымыз түршікті. Келер жылдың халқымыз үшін қауіп­сіз, апатсыз, төтенше жағдайсыз бол­ғанын тілер едім. Елдегі сая­си өзгерістер, демократияға қадам жасалып, халықпен диа­лог орнатылып жатқаны, әл­бетте, құптарлық. Алайда, мұның жанында ел қауіпсіздігі ұмыт болмасыншы деген тіле­гім бар. Сапарға шыққан әрбір жолаушы үйіне аман-есен қай­татын, әр ана баласымен қуанышта қауышатын жыл болғай.

Ауыт МҰҚИБЕК,
қоғам қайраткері:

– Біз өткенге салауат айтып, бола­шаққа үмітпен қараймыз. Біз үшін 2019 жыл ерекше оқи­ғалармен есте қалды. Жыл соңы жақындап қалғанда ұшақ апаты болмаса, өткен жылға өкпе жоқ. Бір сөзбен айтқанда, 2019 жыл – Тəуелсіз Қазақстанның жаңа бір дəуірге қадам тастаған құтты жылы, тарихи оқиғаға толы өзгерістерімен тарих қойнауына кіріп барады. 2020 жылдан да күтер үмітіміз көп, мақсатымыз да аз емес. Біз сая­си жаңару дəуірін бастадық. Құдайға тəубе, оның алғашқы қа­дамы сəтті басталды деп то­лық сеніммен айта аламын. Енді Президент Жолдауында алға қойылған жоспарлар мен талап-міндеттер жəне  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған ұсыныстар  толық жүзеге асады деп сенемін. Себебі қазір билік те, зиялы қауым да  сөзден іске, жалпылықтан гөрі нақтылыққа көше бастады. Жұрт та соны талап етіп отыр.

Жалпы, мені бүгінде ха­лық санының аздығы ерекше толғандырады. Ендігі рефор­маның басым бір бағыты осы салаға – демография сала­сы­на бұрылуы керек деп есеп­тей­мін. Басқалай айтқанда, «тоғы­­зыншы территорияда» алаңсыз өмір сүру үшін хал­қымыз­дың саны да қомақты болуы абзал. Әзірге Қадыр Мыр­за Әлі айтпақшы, «Көп халық жо­ғал­майды көптігімен, мық­ты бол­май болмайды ал біздерге!..»

Амалбек ӨМІРТАЙ,

әлемдік экономика бойынша PhD:

– «Қазақстан-2030» стратегиясы бойынша «Азия барысына айналу» қажеттігі айтылса, енді 2050 жылы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі көзделген. Ал 2050 жылы дамыған елдердің қатарына ену үшін, еліміз жыл сайын 8-10 пайыз экономикалық даму көрсеткіштерін көрсетуі тиіс екендігі әрбір халықаралық экономика маманына белгілі. Біз соңғы онжылдықта бұл көрсеткіштердің жарты­сына да жеткен жоқпыз. Ал­дағы онжылдықта да жетуі­міз екі­талай. Уақытылы орын­далмаған тапсырмалар, жаңа жылға қо­йылатын міндеттерді еселей беретіндігі баршамызға белгілі. Сол себепті әрбір көрсеткіш бо­йынша есеп алар кез жетті деп ойлаймын. Жалпы, 2020 жылдың есеп берер жыл болуын күтемін. Біздің экономикамыз, ұлттық валютамыз, сыртқы саудамыз да осы күнге дейін шикізаттық тауарларға, яғни мұнай-газға, мысқа, уранға, астық экспортына тәуелді болып келді. Келер жылы сапалы экспортқа қол жеткізсек деген де ой бар. Үкіметке жаңа леп беретін қабілетті азамат­тардың келуін күтемін. Жаңа жылда еліміздің өңірлік өндірістерін өзара интеграциялап бәсекеге қабілетті тауар өндірісін қалыптастыра алуымызды күтемін.

 

Жазып алған

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»