Қақпанның пайда болуы сонау темір дәуірінен басталғаны шындық. Қақпанның астыңғы дөңгелек шеңберін-төсегі, шабатын екі жарты шеңберін-қандыауыз, екі жағындағы иіліп келетін серпу күшіне ие екі асыл темірді-серпер дейді. Ағаштан жасалған тиектейтін тиегі болады. Қақпанды шынжыр арқылы жерге, ағаш тамырларына бекітеді. Қақпан мен шынжырдың қосылған жеріне айналсоқ орнатылады, қақпанның астына топырақ түсірмей тосып тұратын құрым киізді жапқы деп атайды. Қақпан сөзі «қақ-пан» тіркесінен қалыптасып, бірте-бірте кірігіп қақпан болып аталып кеткен. Қазақ қақпандары аю қақпан, бұғы қақпан, қасқыр қақпан, теке қақпан, елік қақпан, суыр, борсық, сусар қақпан, қоян қақпан, қарға қақпан сияқты көп түрге бөлінеді. Аю, бұғы сияқтыларға құрылатын қақпанның қандыауызы ара жүзді қос серперлі болса, елік, теке, борсық сияқтыларға құрылатын қақпан қос серперлі, бірақ қандыауызы ара жүзді болмайды. Ал қарға, қояндарға құрылатын қақпан бір серперлі болып келеді. Қырғауыл, елік, қоян қатарлылардың аяғын жараламай алу үшін кейде қақпанның қандыауызына киіз орап құратын да жағдай кездеседі.
Міне, қазақ қақпаншылығы өзіндік форма, өзіндік әдіс-амалдармен жүретін мұрамыз болып табылады.
Қақпан құру шынжырлы құру және жер тиекті құру деп бөлінеді. Ұзын шынжырмен қақпанды жерге қазық арқылы немесе ағаш тамырларына бекіту арқылы құру шынжырлы құру деп аталады. Ал қақпанның астын 50 – 70 сантиметр қазу арқылы қысқа шынжырмен жер астына көлденең ағаш байлап құру жер тиек қақпан деп аталады. Әдетте қақпанды құрғаннан кейін 3 − 5 күнде бір рет аралап көріп тұрады.
Айтпағымыз бүгінде қақпан және қақпаншылық өнері ұмыт болып, қақпан жұрт арасынан жоғалуға беттеп барады. Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінде Ысқақ Отарұлының өз қолымен жасаған қақпаны бар. XIX ғасырға жататын жәдігерді көрген жастар ерекше қызығушылықпен тамашалайды. Осы бір ұлттық өнер, бай мұрамыз – қақпаншылықты өмір салтымыздан өшірмеуге тырысайық.
Айнагүл МАМЫТБЕКОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері
Жамбыл облысы