Бала тілі – бал
Үсті-басы алқа-салқа, жан жағына алақ-жұлақ етіп шешесінің сүйреуімен ілініп-салынып келе жатқан төрт жасар Мадияр – өзінен екі-үш жас үлкен нағашы ағасы Бауыржанға: – Алқа-салқа болмай, алақ-жұлақ етпей тез жүрсеңші... – дегені...
***
Мадиярдың үнемі сөйлеген сөзін түзетіп отыратын әпкесі:
– Тамақ ішесің бе? – дегенде:
– Менде де ауыз бар, тамақты жеймін, шәйді ішемін, – деп өзіне түзету жасады.
***
– Ой, қызық-ай, біз атамыз екеуміз трамвайдың аялдамасында тұр едік, маңдайында «3» деген жазуы, бүйірінде «9» деген жазуы бар трамвай келіп тоқтады. Ішіне кіріп едік, «15» маршрутпен жүріп бергені...
***
Май құятын стансаның басында Мадияр әкесінен:
– Мәшине көп-көп бензин жесе – әйдік боп өсіп, автобус бола ала ма? – деп сұрады.
***
Ағасы Бауыржан төрт жасар Мадиярға:
– Үйді шаңдатып жібердің, қазір апаңнан таяқ жейсің, – деді.
Сонда Мадияр:
– Тісім өтпейді, таяқ қатты, қалай жеймін мен оны, – деді.
***
Мадияр ұршық иіріп отырған апасына келіп:
– Апа, қарным ашып кетті, – деді.
– Онда, нан алып жей ғой.
– Оған тоймаймын.
– Айран іш, тәбетің тартса кеспе құйып берейін.
– Оған да тоймаймын.
– Енді не жесең тоясың?
– Кәмпит пен пірәндік жесем...