Руханият • 08 Қаңтар, 2020

Күлкі керуені № 34

4379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Күлкі керуені № 34

Бала тілі – бал

Үсті-басы алқа-салқа, жан жағына алақ-жұлақ етіп шешесінің сүйреуімен ілініп-салынып келе жатқан төрт жасар Мадияр –  өзінен екі-үш жас үлкен нағашы ағасы Бауыржанға: – Алқа-салқа болмай, алақ-жұлақ етпей тез жүрсеңші... – дегені...

***

Мадиярдың үнемі сөйлеген сөзін түзетіп отыратын әпкесі:

– Тамақ ішесің бе? – дегенде:

– Менде де ауыз бар, тамақты жеймін, шәйді ішемін, – деп өзіне түзету жасады.

***

– Ой, қызық-ай, біз атамыз екеуміз трамвайдың аялдамасында тұр едік, маңдайында «3» деген жазуы, бүйірінде «9» деген жазуы бар трамвай келіп тоқтады. Ішіне кіріп едік, «15» маршрутпен жүріп бергені...

***

Май құятын стансаның басында Мадияр әкесінен:

 – Мәшине көп-көп бензин жесе – әйдік боп өсіп, автобус бола ала ма? – деп сұрады.

***

Ағасы Бауыржан төрт жасар Мадиярға:

 – Үйді шаңдатып жібердің, қазір апаңнан таяқ жейсің, – деді.

Сонда Мадияр:

 – Тісім өтпейді, таяқ қатты, қалай жеймін мен оны, – деді.

                                                                                            ***

 Мадияр ұршық иіріп отырған апасына келіп:

 – Апа, қарным ашып кетті, – деді.

 – Онда, нан алып жей ғой.

 – Оған тоймаймын.

 – Айран іш, тәбетің тартса кеспе құйып берейін.

 – Оған да тоймаймын.

 – Енді не жесең тоясың?

 – Кәмпит пен пірәндік жесем...