Руханият • 09 Қаңтар, 2020

Президент: Әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн

717 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілеттілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігімізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетінің бүгінгі №5 санында жарияланған мақаласында осылай деді.

Президент: Әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуді Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн

«Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интеллектуалы классикалық капитализм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды.

Себебі әлемде бай мен кедейдің, білімді мен білімсіздің, қала мен ауылдың арасы алшақтап кетті. Бұл үдерістің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көздесе, білімділер бөлек орта қалыптастырды, әрқайсысы өздері үшін ғана жауапкершілік арқалайтын болды» деп жазды Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралағанын, ғалымдар мұның барлығы әлеуметтік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейтінін атап өтеді.

«Әлеуметтік жауапкершілік қайткенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Президент адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралатынын, онсыз адам қоғамнан бөлініп қалатынын тілге тиек етеді.

«Ал қарым-қатынас міндетті түрде өзара жауапкершілікті туғызады. Бұл жауапкершілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқанын, өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санағанын атап өткен Президент:

«Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған», - деп жазды мақаласында.