Музыка адам жанын эстетикалық, рухани жағынан тәрбиелейді. Осы үшін де біз балалардың балабақшадан бастап музыкалық қабілеттерін ашуға мүмкіндік беретін ән-күй сабағын өткіземіз. Қаншама жылғы педагогикалық еңбек өтілімде мектепке дейінгі балалармен көп жұмыс істедім. Сонда қазіргі балдырғандар шынымен де жасына жетпей «қартайғанды» жақсы көреді. Ал оларға өз жасына, болмысына сай әндерді қызықтырып айтқызу – үлкен жұмыс, зор еңбек. Себебі алдымен балаларды оған көндіру керек, қызықпаса көнбейтін кішкентайлардың әндерді ұнатуы үшін біраз тер төгуге тура келеді.
Бізде балалар композиторлары аз да болсын бар, олар жақсы жұмыс істеп жүр. Десе де сол майталман мамандардың еңбектерін әрі қарай таратуға, көрерменге, тыңдарманға жетуіне, біз секілді музыка мұғалімдерінің қолдануына жеткілікті жағдай жасалмай тұр. Осы тұста Композиторлар одағы, болмаса ұрпақ тәрбиесіне жаны ашыған бір ведомство сол әндердің басын біріктіріп, текст, нотасымен бір жерге жинақтаса жөн еді. Мәселен, отандық көптеген сазгерлердің шығармаларын тәжірибеде қолданғымыз келеді, алайда басым бөлігі балаларды тартпайды. Көп өңдеуге тура келеді. Уақыт жоғалтпау үшін әрі балалардың да қалауын ескеріп ресейлік сайттарды ақтарамыз. Шіркін-ай, небір көңілді әндердің сөзі де, нотасы да, тіпті минусовкасы да дайын ғой! Аласыз да пайдалана бересіз. Орысша сайттардағы сол әдемі әндерді балаларға қазақша айтқызу үшін ана тілімізге тәржімелейміз. Аудармашыға айналғанымыздан бұрын балдырғандарды аударма тілмен тәрбиелеп жүргеніміз жанға батады.
Жалпы, балалар еліктегіш келеді. Телеарналардағы түрлі музыкалық кештерде ән салатын өнер иелеріне қарап бой түзейді. Ал біздің ересек әншілер түгілі балалар байқауларында жүлделі орындарға қол жеткізіп жүрген жеңімпаздардың өзі ғашықтық, өмір, сезім туралы ән айтады. Оларға біздің балалар еліктейді. Өзіміздің сазгерлер шығарған әндерді сахнада жүрген үлкен-кіші жұлдыздарымыз айтып, көпшілікке жеткізе берсе, құлақта қалып, санаға сіңеді ғой. Соның нәтижесінде балабақшадағы, мектептегі балалардың да қызығушылығы оянып, руханияттағы отандық өнімдер қолданысқа кеңінен енер еді. Қазақ «Бала тілі – бал» дейді. Бірақ бүгінгідей мән-мағынасыз әндер осы сөздің де қадірін қашырып бара жатқандай...
Зейнет АБСАТТАРОВА,
музыка пәнінің мұғалімі