Мысалы, «Қазсушар» РМК Түркістан филиалының басшысы Кеңес Әуенұлы құрғақшылық жылы суды аз қажет ететін дақылдар егілуі тиіс деп есептейді. «Мақтаарал, Сарыағаш, Қазығұрт және Шардара аудандарында суармалы жерді тиімді пайдалану мақсатында егістікті күзде айдау жолға қойылған. Күзде айдалған егіс алқаптарында күз-қыс айларында түскен жауын-шашыннан ылғал мол жиналады, көктемде ылғал жабу шараларын жүргізе отырып, ерте егіс егуге, суаруға дайындық жұмыстарын жүргізуге болады. Сондықтан, аталған агротехникалық шараларды жүзеге асыруды үрдіске айналдыру қажет. Нәтижесінде су пайдаланушылар егістікті ерте егіп, күтіп-баптап, суара отырып мол өнім алуға алғышарт жасайды», дейді Кеңес Әуенұлы. Маманның айтуынша, кезекпен және түнде суару шараларын жүргізу де бұл бағыттағы жұмыстарды қысқа мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді. Ауыспалы егісті пайдалану дақыл өнімділігін арттырумен қатар суды тиімді пайдалануға да әсер етеді. Үнемдеуші технологияларды, яғни жаңбырлатып, тамшылатып, жер асты құбырлары арқылы суару да ылғал тапшылығын азайтып, суды үнемді пайдалануға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы (4,8 мың га) мен Түркістан облысында (394,8 мың га) барлығы 399,8 мың гектарға (70%) су жеткізу қызметін көрсететін «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы да келесі науқанның қамына қызу кіріскен. Суару маусымына су жүйелерін, олардың бойындағы гидротехникалық құрылыстарды дайындау мақсатында науаларды тазалап, каналдарды бетондап, тиісті құрылғыларын және су сорғыларды ағымдағы жөндеуден өткізген. «Суармалы жер тиімділігін арттыру мақсатында «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 2-кезеңі бойынша Мақтаарал ауданында – 39757, Шардара ауданында – 20630, Кентау қаласында – 10000, барлығы 70387 гектар суармалы жерде су және коллектор-дрен жүйелерін қалпына келтіру белгіленген. Қазіргі уақытта Мақтаарал ауданында бірінші және екінші іске қосу кешендері, Кентау қаласында «Арыс-Түркістан-1» жобасы бойынша конкурс жарияланып, мердігерлер анықталды. Шардара ауданында «Қызылқұм» жобасын жүзеге асыру конкурсы жарияланған. «Ирригациялық-дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының 3-кезеңі бойынша Жетісай ауданында – 45786, Шардара ауданында – 41942 және Кентау қаласында 5305 гектар, барлығы 93033 гектар суармалы жерде су және коллектор-дрен жүйелерін қалпына келтіру белгіленген. Қазіргі уақытта коммуналдық, жеке меншіктегі су, коллектор жүйелері мен тік құбырлы ұңғымаларды республикалық меншікке қабылдау рәсімдері жүргізілуде. Сондай-ақ 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында барлығы 95,4 мың гектар, оның ішінде 69,7 мың гектар сұранысқа ие суармалы жерді қалпына келтіру белгіленген. Ал Ордабасы ауданында шаруашылық аралық Р-5 каналы мен 1,5 мың гектар алқапта суару жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізілуде», дейді Кеңес Әуенұлы.
Шаруаларды қажетті ағын сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Дегенмен мамандардың да шаруа қауымның атына айтар сыны жетерлік. «Өкінішке қарай, шаруалар тарапынан суды үнемді, әрі ысырапсыз пайдалануға жете көңіл бөлінбейді. Су пайдаланушының тікелей міндеті болғанымен суару мәліметін зерттеп, тиімді пайдалануға талдау жасала бермейді», дейді филиал басшысы. Бұл орайда жергілікті атқарушы органдар суармалы жердің қайтарымын молайту мақсатында құнарлылығын арттыру, ауыспалы егісті пайдалану, агротехникалық шаралардың дер кезінде және сапалы орындалуын ұйымдастыру, суарудың әр аудан бойынша белгіленген үлестік нормасының сақталуын қамтамасыз ету бойынша қатысты мекемелермен бірлесе шаралар жүргізуі қажет.
Түркістан облысы