Аймақтар • 13 Қаңтар, 2020

Ұшақ апатында қаза тапқан азаматты ауылдастары еске алды

1612 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылдың соңында қалың қазақтың қабырғасын қайыстырған оқиға болып, «Bek Air» компаниясының ұшағы апатқа ұшырағаны белгілі. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 47 адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген-ді. Осы ұшақта Қостанай облысы Жангелдин ауданы Қызбел ауылының тумасы Абай Нұрбековтің де отбасы болды. Өкінішке қарай, отағасы туған күніне бір апта қалғанда айтып келмейтін апаттан қаза тапты.  

Ұшақ апатында қаза тапқан азаматты ауылдастары еске алды

Күні кеше Қызбел ауылының азаматтары бас қосып, апат кезінде қаза тапқан Абай Нұрбековке құран бағыштап, жерлестерін еске алды. Бәйгерей Балғаұлы бастаған жергілікті жігіттер Арқалық қаласында арнайы ас берді. Мұндағы мақсат – бүтін бір әулеттің арыстай азаматы төтеннен келген апатта қаза тапқанда ел болып бірге екендігін жеткізу, бір-біріне жан жылуын сыйлау. Бұл іс – қайғыны бөліссең азаяды дейтін қазақтың тағылымды тұрмысын аңғартса керек. Сондықтан болар, жиналған адам саны көп болды. Ауыл, аудан әкімдері бастаған топ бой көрсетті. Арқалық қалалық кеңесінің төрағасы Жәнібек Ғапбасұлының сөзі көпшілікті ойландырды.

дұға

– Ел арасында «Басы ауырмағанның құдаймен ісі жоқ» деген сөз бар. Мұны айтып отырған себебім, бұл жолғы қаза – Жаратушы иені есімізге салып, тәубеге кел дегенді білдіріп отыр. Ауыр қаза. Дегенмен азаматтың артында ізін жалғайтын 4 баласы мен жары қалды, - деді ақсақал.

Соңғы жылдары Алматыдағы «Алматыэлектромонтаж» компаниясында техникалық директор қызметін атқарып жүрген Абай жаңа жылды ауылдағы отбасымен бірге қарсы алуды әдетке айналдырған екен. Кезекті сапары осылайша қайғылы оқиғамен аяқталып отыр.

Марқұмның төрт баласы таяуда ауруханадан шықты. Жұбайы әлі де емделуде.

Апаттан зардап шеккендердің жақындарына көңіл айтып, қолдау білдіріп жатқан жұртта есеп жоқ.

сәкен           

Көптің тілегі біреу – ел аман, жұрт тыныш болса дейді. Кенеттен келетін кеселден сақ болсақ екен деп отыр. Халық қайғылы оқиғадан зардап шеккендердің тезірек оңалып, қатарға қосылып кетуін тілейді.