Осындай айтылған тақырыптардың бірі, жасыратыны жоқ – «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры», деп Биағаң (Б. Майлин) айтпақшы, Болон процесіне байланысты енген жаңалықтар жиі әңгіме өзегі болады. Мұндайда, әрине, Болон процесінің ұтымды тұстары, жақсы жақтары мен тәжірибеде байқалған елеулі кемшіліктері қатар аталып жатады. Әсіресе оны ұйымдастыруға қатысқан Германия, Франция, Ұлыбритания, Бельгия, Италия, Ирландия, Норвегия секілді Еуропа елдеріндегі 100 мыңдаған студенттер мен оқушылардың наразылық митингілері мен шерулері, толқу-қозғалыстары өткізілгені, Ресейде де бұған қарсы талқылаулар, кері көзқарас, сыни пікірлер ақпараттық желілерде жиі айтылады. Бұл жерде Еуропа елдері студенттері Ұлттық одағының (ESIB) ұсынысымен жарық көрген «Болон процесінің қара кітабы» (2005) атты ұжымдық еңбекті атаған жөн. Бұл кітап процеске қатысушы 47 елдің 31 мүше мемлекетінің студенттері мен оқытушылар қауымы жинақтаған қорытынды материалдары негізінде даярланған. Онда бұл реформада ұсынылған кредиттік жүйенің тиімсіздігі, академиялық ұтқырлықты жүргізуге қаржылық мүмкіндіктер (мәселен, Норвегияға бару 9500 еуро тұрады) бола бермейтіні, бакалавриаттың жартыкештігі, магистратураға оқуға түсудің қиындығы мен жаңа реформалау ісінің бастамашысы болған демеушілердің инвестиция құюдан соңғы жылдары бас тартуына байланысты (Нидерланды т.б.) оқу ақысының тым (2000-15000 еуро) қымбаттап кеткені сияқты студенттердің т.б. әлеуметтік мәселелері, білім жүйесін коммерцияландыруға қарсылық, оның салдарынан білім сапасының күрт төмендеп кетуі нақты дәлелдермен аталады. Олар реформа жаңалықтарының күнделікті өмірге (тәжірибеге) жарамсыздығын, сондықтан жүзеге аспай жатқанын, оның дәстүрлі жоғары білім беру ісінің сандаған жылдар бойғы қалыптасқан жетістіктеріне теріс ықпал етіп отырғанын, жоғары білім беру ісінің нарықтық қатынастарға бағдарланғанының дұрыс еместігін, оқу ақысы қаншалықты қымбаттағанына қарамай білім сапасының анағұрлым нашарлап кеткенін, білім беру ісі нарықтық-кәсіпкерлік мүддеге емес, қоғамның игілігіне, халықтың мақсат-мұраттарына қызмет етуі қажеттігін, жалпыға бірдей қолжетімді білім жүйесі болғанын қалайтынын алға тартады.
Қазір зиялы қауым өкілдерін алаңдатып отырған мәселенің бірі әрі бірегейі – өз елімізде де жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар мен ғылыми кадрлар даярлау екені жасырын емес.
Еліміз Болон декларациясы талаптарына сай жоғары білім берудің бакалавриат, магистратура, PhD докторантура сынды үш деңгейлі құрылымына көшкеніне алдағы жылы 10 жыл толады. Не ұттық, неден ұтылдық? Ұтқанымыз қанша, ұтылғанымыз қанша? Әйтеуір жабыла алаулатып-жалаулатып жүріп 2010 жылдан бастап ғылым кандидаттары мен ғылым докторларын даярлайтын кеңестерді айналаға қарамай, барлық ТМД елдерінің алдына алақайлап түсіп, жалғыз өзіміз ғана жауып тындық. Сөйтіп Болоньядан келген жаңалықты ата-бабамыздың мұрасындай жеке-дара қабылдап, оза шауып бәйге алғандай болдық. Жан-жағымызға қарайлау, әліптің артын бағу дегенді ескермедік. Соның салдарынан мыңдаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлығына үміткер ізденушілердің диссертациялық жұмыстары, талай жылғы маңдай тері, еткен ерен еңбегі кәдеге аспай қалды. Олардың ішінде қаншама жылдар бойы мемлекет есебінен білім алған, іштей және сырттай оқыған ондаған мың аспиранттар мен докторанттар, ғылыми тағылымдамадан өткен ғылыми ізденушілер, олардың ғылыми еңбектері, жаңалық ізденістері, құнды ой-пікірлері, оған бөлінген қыруар қаржы, қисапсыз мехнат желге ұшты, зая кетті. Ал бізден басқа барлық ТМД елдері, қала берді Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері бұрынғы ғылым кандидаты мен ғылым докторларын даярлайтын жүйені сабырлылықпен сол күйі сақтап қалып, бүгінге дейін Болон үдерісіне сәйкес бакалаврмен қатар магистрлерді, PhD докторларын даярлау жұмысын қатар жүргізіп келеді. Ал біздің бұл тірлігіміз, айдалада адасып, жалғыз маңырап тұрған саяқ қойдың кейпін елестетеді. Менің ойымша оқу-білім саласында, ғылыми-зерттеулер жүргізуде біз олардан он жылға артта қалып отырмыз. Бұл – ащы да болса шындық.
Жаңа жүйе қазіргі күнге дейін реттелген жоқ. Бұрынғы мүмкіндіктердің барлығын құлағын кесіп құнтитып, құйрығын кесіп шұнтиттық. Бұған айтар нақты мысал жетерлік. Мәселен, магистратура мен PhD докторантураға «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология» мамандықтарына информатика, авиация, шетел тілдері секілді т.б. мамандықтар бойынша бакалавр бітірген талапкерлерді грантқа қабылдау, өткен жылдан бері PhD докторантураға негізінен шетел (ағылшын) тілін бітіргендердің түсуінің жалғасып келе жатқаны, сыпайылап айтқанда, таңғаларлық. Олардың базалық білімі болмаған соң, ана тіліміз бен туған әдебиетіміздің өзекті мәселелерінен хабары жоқтығын өз көзімізбен көріп жүрміз. Ертең бұл сабаздар магистр, PhD докторы болып шыққаннан кейін алды жалпы білім беретін орта мектепті, енді біразы университетке «шаласауат» ұстаз болып, бүкіл білім беру саласын бүлдірмесіне кім кепіл? Мұның бәрі, түптеп келгенде, мектеп шәкірттерін оқыту сапасын арттыруға, университеттерде болашақ мамандарды даярлауға, ұлттың, халықтың болашағына, елдің кемел келешегіне кері әсерін тигізері айдан анық. Ұлттық мәні бар қазақ тілі, қазақ әдебиеті, қазақ тарихы, этнопедагогика, этнопсихология секілді т.б. ғылым негіздерінен PhD докторанттарға Болон үдерісінің талабы деп түкке пайдасыз «қазақ тілін білмейтін» шетелдік кеңесші тағайындау, оларға қаншама мыңдаған АҚШ долларымен еңбекақы төлеу, Scopus базасына енетін шетелдік журналдарға (өзіміздің беделді басылымдарда ешбір мақаласы жарық көрмеген адамның) 1000-1200 доллар төлеп, өзінен басқа ешкімге керексіз мақала шығаруы көпшілікті толғандырып жүрген, қайта-қайта айтылып-жазылып жүрген жайттар. Бұлардың бәрінің артында шетелге кетіп жатқан қаншама миллиардтаған қаржы, халықтың қисапсыз қаражат несібесі босқа шығын болады. Мұнда ең бастысы – қазақтың тілі, діні, ділі, әдебиеті мен мәдениеті, өміршең ата-баба дәстүрі тек қазақ деген халыққа ғана қажет рухани құндылықтар екенін әлі күнге дейін ұқпай келеміз.
Әрине ғылым-білім жүйесін интеграциялау, әлемдік стандарттарға сәйкес халықаралық білім кеңістігіне ену, Болон декларациясына қосылу дұрыс мәселе. Алайда, мұндай өтпелі кезеңде, сондай-ақ ТМД мемлекеттері мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері қазіргі таңда өте іргелі халықаралық ұйым құрып, көптеген экономикалық, әлеуметтік, ғылыми-техникалық, қорғаныс пен халықаралық, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық және басқа маңызды мәселелерді бірге шешіп отырған жағдайда, оқу ісі мен жоғары білікті ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауда ол елдерден жапандағы жалғыз үй сияқты бөлініп кетудің, жеке-дара оқшауланудың қажеті жоқ еді.
Бүгінде ғылыми дәрежесі бар мамандармен қамтамасыз етуде әлдекімдердің ұсынысымен асығыс түрде жартыкеш қабылданған осы шешімнің салқыны бүкіл білім мен ғылым саласында қатты байқалып жүр. Рас, ол кезде ғылыми дәрежелер мен ғылыми атақтар тым көбейіп кетті. Бұл атақ-дәрежелерді әркім алды. Дегенмен, оны тек оқу-білім, ғылым саласында жүрген қызметкерлерге ғана беріп, шектеу қоюға болар еді ғой. Сонда осы күні бұл саладағы жоғары дәрежелі білікті мамандар мен ғылыми кадрлардың тапшылығын сезінбес едік. Бар нәрсені жоқ қылу оп-оңай нәрсе, ал жоқ нәрсені жалғыз өзім жаңадан, тыңнан жасаймын деу қиынның қиыны. Сондықтан осы орайда, әлде де болса өзгелер секілді екі жолды қатар ұстанғанымыз, ұлы көштен қалмағанымыз абзал деген ұсыныс айтқымыз келеді.
Біздің бұл мәселені әңгіме өзегі етуімізге түрткі болған ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың оқу-білім, ғылым, әдебиет пен мәдениет, жалпы руханият саласына айрықша мән беруі мен оның алғашқы бастамаларының іске асырылып жатқаны, өткен жазда Үкіметтің кеңейтілген мәжілісіне қатысып, оған білім мен ғылымды қаржыландыруды ІЖӨ-нің 5%-ға дейін ұлғайтуды қарастыруды міндеттегені, ғылымның дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды жою секілді жайлар еді. Ал Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің алғашқы қадамдары да біз үшін сәтті басталғандай. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Бас мұғаліміміздің оқу-білім саласын, әсіресе орта мектептің жағдайын жақсы білетіндігі ғылымға, ғылыми-педагогикалық кадрларға жанашырлығы көңілге қуаныш ұялатады (мақала тақырыбын данышпан Абайдың терең мағыналы өлең жолдарынан алып қойып отырғанымыз да сондықтан).
Айталық, педагогтердің мәртебесін көтеруге байланысты заң қабылдануы, университеттердің санын едәуір қысқартып, педагогикалық мамандарды даярлау сапасын арттыру, педпрактиканың мерзімін ұзартып дуальды білім беруге көшу, ұстаздарды өздерінің мамандықтарына тән емес жұмысқа жегуді тоқтату, оқу орындарындағы қағазбастылық, жөнсіз тексерулер, сынып жетекшілігіне, дәптер тексеруге, тәлімгер ұстаздарға, магистрлерге үстеме ақы төлеу, жазғы демалыста бәріне бірдей 56 күн беру, мектеп директоры, оқу ісі меңгерушісі, әдіскерлерге 30-50 % қосымша ақы төлеу қарастырылуы, университет оқытушыларының жалақысын 2020 жылғы 10 қаңтарға дейін 30-50 % көтеруді, еліміздің ғылыми элитасы саналатын ҰҒА академиктеріне арнайы қосымша ақы төлеуді ректорларға міндеттеуі үлкен-үлкен жаңалықтар, тың серпілістер, көңіл жадырататын қуанышты хабарлар. Бұл өте орынды және дер кезінде көтерілген мәселе дейміз.
Бақтияр СМАНОВ,
ҰҒА академигі,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор