Осы орайда Мемлекет басшысы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абай мұрасының елімізге тигізер пайдасы зор деп есептейді. Президент Абайдың ой-тұжырымдарын негізге ала отырып мемлекетімізді дамыту керек екенін айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада Абайдың көп тіл білгенін негіздей келе, бүгінгі ұрпаққа шет тілдерді үйрену керектігін айтады. Дамыған елдердің тілі мен мәдениетін білу үшін, оның қыр-сырын ұғыну үшін ең әуелі оның тілін меңгеру керек. Алдағы уақытта Абайдың қара сөздері мен шығармалары он шақты тілге тәржімаланатыны ерекше қуантты. Бұл арқылы өзге мемлекеттер де Абай мұрасымен таныса алады. Шетелдіктер бізді Абайдың елі деп танып жатса нұр үстіне нұр болар еді. Сондықтан Абайдың тағылымдарын бірінші орынға қою керек. Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында байыпты сараланған. Президент Абайдың халқының жетілгенін қалайтындығын шығармаларынан үзінділер бере отырып, керемет мысалдармен баяндаған.
Сондай-ақ мақалада Абай шығармалары арқылы сананы жаңғырту керектігі жазылған. Абайды тереңдеп білу әсіресе жастар үшін қажет екенін Мемлекет басшысы астын сызып айтыпты. Меніңше, бұл – нағыз бағдарламалық мақала. Бұл – елді, жастарды тәрбиелейтін тағылымды мақала. Үлгі беретін дүние. Терең ой тұр, терең ізденістерге жол сілтейді.
Сонымен қатар, мақалада мәдени шараларға да ерекше мән берілетіні жазылған. Алдағы уақытта негізгі өзегі Абай тақырыбына арналатын республикалық және халықаралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Одан бөлек, Абайдың туған жеріндегі тарихи-мәдени нысандар жаңа талапқа сай жаңғыртылып, ұлы ақынның мерейтойына келетін жұртшылыққа қолайлы жағдай жасалатын болады.
Әділ АХМЕТОВ,
қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор