Қазақстан • 14 Қаңтар, 2020

Америка асқан алғашқы қазақтар – соғыс тұтқыны болған Мұхтар Қарабай АҚШ-қа қалай барды?

7515 рет
көрсетілді
40 мин
оқу үшін
Америка асқан алғашқы қазақтар – соғыс тұтқыны болған Мұхтар Қарабай АҚШ-қа қалай барды?

2019 жылғы 9 маусым, Нью-Йорк қаласы, Бруклин ауданы. Күн ашық, түс қайтқан уақыт, температура 20 градус шамасында. Метро станциясынан жиырма минут жаяу жүріп бір жер үйге жеттік. Ескертусіз келдік, үйде кісінің бар-жоғын білмейміз. Бірақ ойлаған адаммен кездессек, жолға кеткен екі сағат уақыт еселеп ақталатындай. Биіктігі белден аспайтын темір қақпаны ашып, аулаға кірдік. Кірпіштен соғылған бір қабатты ескілеу үй екен. Есігін қақтық. Өмірі көрмеген адамның үйі, арғы атамызды көретіндей толқып тұрмыз. Ешкім шықпады. Үн жоқ. Он минут кідіріп, қайтуға оқталғанда, үй ішінен жетек арбаға сүйенген әжей шықты.

– Рәбия Қарабай деген сіз бе? – деп сұрадым ағылшын тілінде.

Әжей басын изеп, кімсіңдер дегендей ишара білдірді. Қор­қыңқырап тұрғаны байқалды, есікті ашпады, терезе арқылы сөйлесіп тұр­мыз. Жартылай қазақ тілінде, жар­тылай ағылшын тілінде кім еке­німізді, не үшін келгенімізді айттым.

– Ноу инглиш, ноу қазақ, онли түркиш, – деді Рәбия әжей. Біз сөйлеген ағылшын және қазақ тілдерін білмейтінін, тек түрік тілінде сөйлейтінін айтып тұр.

Бұл әже екінші дүниежүзілік соғыста тұтқындалып, босап­ шық­қан соң елге оралмастан Аме­рикадан бір-ақ шыққан Мұх­тар Қарабайдың жары еді. Мұхтар ақсақал туралы алғаш рет тарихшы, диаспоролог Гүлнәр Мең­ді­құловадан естідім. Тарихшы 1994 жылғы Америкаға барған сапарында ақсақалмен арнайы кездесіп, бастан кешкенін қағазға түсірген екен. Меңдіқұлованың жазуынша, америкалық атанған отандасымыз Ақтөбе облысы, Ыр­ғыз ауданы, Жабасақ совхозы­ның тумасы екен. Дүниеге 1919 жыл­ғы 7 қарашада келіпті. Герма­нияның КСРО-ға басып кіруінен үш ай бұрын Украинаға әскерге шақырылып, Житомир қаласының маңындағы бөлімшеде болған. Соғыс басталғанда бірнеше рет қор­шауда болып, кейіннен Харь­ков қаласының маңында неміс тұтқынына түскен. Кеңес әскерінің шабуылы күшейген соң, Мюнхенге жіберіп, қара жұмысқа салған. Сол жерден 1945 жылы одақтастар әскері құтқарып алыпты. Амери­каның соғыс тұтқындарына арнал­ған лагерінде біршама уақыт өт­кізіп, елге қайтуға дайындалып жат­қанда, тұтқындарды елге алып бара жатқан пойыздың апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп, жас Мұхтар елге қайтудан бас тартып, әскери комиссияға түрікпін деп, Түркияға жіберілген. Сол елде үйленіп, балалы-шағалы болып, 1964 жылы АҚШ-қа қоныс аударған. Мұхтар ақсақал осы жолмен өткен жалғыз қазақ емес екен. Тарихшының дерегіне сенсек, 60-жылдары Америкаға неміс тұтқынында болған 13 қазақ отбасымен көшіп барған. Ғалымның топшылауынша, олар атақты Түр­кістан легионының мүшесі болуы ық­тимал. Бірақ өздері оны мойындай қоймапты.

Мұхтар Қарабайдың өмірімен танысу дүние танымымды төңкеріп жіберді. Ұжымдастыру мен ашар­­шылық болмаса көрші елге баруы екіталай қазақтың мұхит асып, Американы мұншалықты ер­те ашқанын елестету қиын еді. Оның үстіне, атамның соғыстан қайтпаған екі бауыры да осылай тірі қалмады ма екен деген бір сәт­тік үміт оянды. Мұхтар ақ­сақалды көрсем, атамның бауырларын көретіндеймін. Өкінішке қарай, бұл мүмкін емес еді. Ақсақал 2007 жылы қайтыс болған. Онымен тағдырлас өзге отандастарымыз да дүниеде озған екен. Сөйтіп әттеген-айлап жүргенімде әңгіме жазуды үйреткен ұстазым Майкл Шапиро: «Адамды тану үшін өзімен тілдесу шарт емес, оның көзін көргендердің куәлігі де құнды», деген еді. Осы сөз қанат бітіріп, журналистік зерт­теуімді бастап кеттім.

Таңдаудың Мұхтар Қарабайдың отбасына түсуі бекер емес еді. Тарихшы Меңдіқұлованың жазуын­ша, әлгі 13 отбасының ішінде қазақылыққа мейлінше жақын болғаны да осы Мұхтар ақсақалдың отбасы еді. Шетте жүрген соң, қазақ қызға үйленудің реті бола қоймаған сыңайлы. Мысалы, Күнтуған Байзелбек дейтін өзге бір отандасымыз неміске үйленген екен. Мұхтар Қарабайдың жары Рәбия да қазақ емес еді. Бірақ ол тілі мен дәстүрі қазақтікіне ұқ­сас Қырым татары болатын. Та­рихшы еңбегінде Рәбияның да, оның Мұхтар ақсақалдан тапқан ба­лаларының да қазақ тілін жақсы білетінін жазған екен.

Рәбия әжеймен жүздесіп тұр­мыз, қазақ тілін білмеймін деп тұр, бұл қалай болғаны, ұмытып қалды ма екен, әлде тарихшы әсіреледі ме деп абдырап тұрғанымда, ме­ні­мен бірге ере барған Талғат дей­тін жігіт түрік досы бар екенін, қо­ңырау шалып аудармашы бол­уын сұрай алатынын айтты. Талғат әлгі түрікке телефон арқылы жағ­д­ай­ды түсіндіріп жатқанда, Рәбия әжей күтпеген жерден қазақша сөй­­лей бастады. Түрікше-татарша ак­центпен айтылған сөздердің қазақ­тыкі екенін басында аңғармай да қалыппыз. Дегенмен мұқият тыңдасаң, ойын жап-жақсы жет­кізіп тұр.

– Қазақ тілін жақсы білмеймін, ұмытыңқырап қалдым. Мұхтар ағаң барда келгендеріңізде ғой, – деді ол.

Қорқынышы басылып, күдігі сейілген Рәбия әжей есікті ашып сыртқа шықты да, есік алдындағы орындыққа жайғасып, әңгімесін бастады. Айтуынша, 1932 жылы Қырымдағы Одесса қаласында туып­ты. Үш жасында Түркияға көшіп, Эскишехир қаласында бой жеткен. Мұхтар ақсақалмен сол жер­де танысып, 1951 жылы екеуі шаңырақ көтерген.

– Ағаларың Эскишехирге ке­ліп, құда түсіп алды, – деді әжей күлімсіреп.

Төрт бала туыпты: үшеуі ұл, біреуі қыз. Тұңғышы Мұстафа екі айлығында қайтыс болған екен. Мұхтар ақсақал Эскишехирдегі ұшақ шығаратын зауытта жұмыс істепті. Күнкөріс қиын болған соң, Америкаға көшуді ойластырыпты.

– Ағаларың өзі жұмыс істейтін зауыттан бір Қырым татарын тауып, сол біздің Америкаға келуімізге көмектесті, – деді Рәбия әжей. – Оған 1200 доллар бердік. Ол кезде үлкен ақша.

Меңдіқұлованың жазуынша, 60-жылдары Түркиядағы әс­кери төңкерістердің, саяси және эко­номи­калық тұрақсыздықтың әсе­рінен және АҚШ пен Канада секіл­­ді елдерде шетелдік жұ­мыс­шы­­лар­дың құқықтарын қорғау­ға арнал­ған заңдардың қабыл­да­нуы­нан көптеген түркиялық мұхит асып­ты.

– Мұнда келгенде көп қиындық болды, – деді әжей. – Спик инглиш жоқ. Инглиш білмесеңіз, жұ­мыс бермейміз, деді. Балалар кіш­кентай, не жұмыс тапсақ, соны істедік.

Бүгінде Рәбия әжей үлкен ұлы Алтайдың қолында екен. Біз бар­ған үй соныкі. Одан кейінгі ұлы Қа­дыр қаланың ең қымбат ауданы Ман­хэттенде тұрады. Өзінің ірі ком­паниясы бар.

– Қыздың аты Гүлзаде. Күйеуім қарындасының атын берген, – деді әжей. – Ең кенжесі, кенже болса да, 59 жаста.

Қазақстандағы саяси жағдай­лардан хабардар екен.

– Назарбаев кетіпті ғой? - деді әжей.

– Иә, үш айға жуық уақыт болды. Бүгін сайлау болып жатыр елде. Америкадағы қазақтар да дауыс беріп жатыр. Консулдықтан келе жатырмыз.

– Жаңа басшы кім?

– Әлі соңғы нәтиже шықпады, Тоқаев болатын шығар.

– Қалай? Халық қолдап жатыр ма?

Елдегі жағдайды, қай өңірдің тумасы екенімізді сұрап барып, елдегі жағдай туралы ойын айтты.

Сәлден соң әжей бізді үйге шайға шақырды. Жалғыз өзі екен, әуреге салмайық деп бас тарттық.

– Қазақтар қонақжай халық. Үйге келгенді құр қол жібермеген, шай ішкендеріңізде болар еді, – деген әжей үй ішінен екі бөтелке шырын алып шықты. – Құр қол кеткендеріңіз ұят болады.

Рәбия әжеймен қоштасып, қуанышым қойнымай сыймаған күйі үйге келдім. Ноутбугымды ашып, поштамды тексерсем, ­әжейдің екінші ұлы Қадыр Қара­байдан хат келіпті. Жазу сарыны оның ашулы екенін аңғартты.

«Әкемнің өміріне қызығу­шы­­лық танытқаныңызға рахмет, бірақ Гүлнәрдан естігеніңізге қо­­сатын ештеңе жоқ. Әкем 12 жыл бұрын қайтыс болды және өзінің оқиғаларын жариялауға қы­зықпады… Мен сіздің анама, немере ініме және үйімдегі күзетке қал­дырған барлық сәлемдемеңізді ал­дым. Біз әкемнің оқиғаларын қай­талап айтып беруге мүдделі емес­піз…», деп жазыпты ағыл­шын ті­л­ін­де.

Бұл оның жазған хаттарыма, шалған қоңырауларыма және жіберген смс-хабарламаларыма алғашқы үн қатуы еді. Шамасы, анасының үйіне ескертусіз барып, әңгімеге тартуым ерсі көрініп, жауап қатпасқа шарасы болмаған көрінеді.

Негізінде, Рәбия әжейден гөрі осы Қадырмен жолығу мақсат еді. Қанша дегенмен жастау, естеліктері де тың болар деген ой болды. «Тергеу журналистикасы» сабағында меңгерген машықтарды пайдаланып, телефоны мен электронды поштасын оңай таптым. Бірақ нәтиже болмады: телефонды көтермеді, хатты жауапсыз қалдырды. Әлеуметтік желіде аккаунты бар екен, бірақ белсенді емес. Немере інісінің онлайн отыр­ғанын көріп, оған жаздым, оқыды да, үнсіз қалды. Бір айдан соң елге қайтуым керек, одан кейін Америкаға жол түсе ме, жоқ па белгісіз. Қайткен де жолығу қажет. Не керек тәуекелге бел будым. Үйіне баратын болдым.

Сол күні Рәбия әжейге бармас бұрын Қадырдың үйіне соққан едік. Қаланың әлемге әйгілі Ман­хэттен ауданындағы көп қабатты үйде тұрады екен. Бірінші қа­батта отыратын күзетшіге мән-жайды түсіндіргенімізде, көзімізше Қа­дыр­дың пәтеріне қоңырау шалды. Өзімен сөйлесіп тұрғанын бай­қадық. Тұтқаның арғы жағын­дағы кісінің айтқанына тоқтаусыз бас изеп тұрып, көз қырымен бізге қара­ды. Бір нәрсенің дұрыс емес еке­­нін ұға бастадық. Тұтқаны қо­йып, «Ол кісі қазір бос емес екен, телефон нөмірлеріңізді қал­дыр­­­саңыздар, өзі хабарласады», деді.

Алдын ала келіспей үйіне бар­ғанымыз ыңғайсыздау еді, сірә. Алайда америкалық журналистер үшін бұл үйреншікті тәжірибе.

– Ең тиімді әдіс – есік қағу, – деді бірде журналистикалық тергеуді үйреткен ұстазымыз. – Хатты елеусіз қалдыру оңай, теле­фонды тастай салуға болады. Жүзбе-жүз кездесудің реті бөлек. Сұхбат беруге келісе қоймаса да, тым құрығанда  кейіпкеріңіздің сұрағыңызға деген реакциясын көресіз.

Қазақы ұяңдықты бір сәт ұмы­тып, америкалық болуға тура келді. Дегенмен, үйінің алдына барып тұрып кездесе алмағанымызға аздап қынжылып қалдық. Теле­фонымызды күзетшіге қалдырдық-ақ, бірақ Қадырдың хабарласатыныны күмәнді еді. Соңғы амал Мұхтар ақсақалдың үлкен ұлы Алтайдың үйіне бару еді.

 * * *

Қадырдың ашулы хатына бір күн өтіп көлемді жауап жаздым. Кім екенімді білмей күдіктенген болар деп, өзім туралы бүкіл ақпаратты: қайда туып, қайда өскенімді, Аме­рикада не істеп жүргенімді, отба­сылық жағдайымды және қай жерге тоқтағанымды тізіп шықтым. Со­ңында Мұхтар ақсақалдың өмірі бір адамның емес, бүтін бір ұлттың тарихы екенін жаздым. Келесі күні жауап келді.

«...Екі аптадан соң хабар­ла­сыңыз… Кездесудің реті бола ма, жоқ па сол кезде айтармын», – депті.

Шілденің бесі күні түске таман метроның 7-пойызына отырып, Манхэттен аралындағы Grand Central Terminal вокза­лына тарттым. Бұл аралдың ең тығыз орналасқан орталық аудан­дарының бірі еді. Жарты сағатта жеттім. Температура 30 градус шама­сында, қапырық, кептеліс, құжы­наған адам, көше тағамының иісі. Көшенің арғы бетінен өтіп, Pershing Square кафесіне кірдім. Қадырмен кездесу сағат 14:00 уақытына белгіленген еді.

Уағдаласқан уақытта келді. Үстелге жайғасып үлгерместен: «Мен сені КГБ-ның адамы деп ойладым. Біз туралы туралы бәрін білесің ғой?», деді. Қай ақпаратты қайдан алғанымды түсіндіріп жатсам, «Американың сонысы жаман, жеке адам туралы тым көп ақпарат береді, қауіпті»,  деді.

Құр алақан келмепті, қо­лын­да бір бума естелік суреттер.­ Әр­қайсысының тарихын ай­тып берді. Жарты сағат деп жос­парланған кез­десуіміз екі жарым сағатқа созылды.

Меңдіқұлованың жазғаны ғы­лыми еңбек болған соң, ол жерде Мұхтар ақсақалдың өмірі фактілер негізінде хронологиялық тәртіппен қысқа әрі нұсқа сипат­талған. Кеш­кен қилы өмірі­не көркемдік келбет беретін детальдар аз еді. Қадыр не­­нің керегін сез­гендей, әкесі айт­қан әңгімелер мен өзі көрген жағ­дай­ларды әдемілеп баяндауға көшті.

– Әкемнің айтуынша, – дейді Қадыр, –  қазақ, өзбек секілді ұлттың адамдарын арақ беріп, алдыңғы шепке қойыпты. Соғыс алаңына қатар-қатар болып аттаныпты, соңғыларында мылтық та болмаған. Алдыңғы қатардағы солдаттар қаза тапса, солардың қаруын алуға мәжбүр болған. Әкемнің жолы болып, кейінгі қатарда жүрген, соның арқасында аман қалған.

Кеңес солдаттарының бәрінде бірдей қару болмағаны жиі айтылады. Тіпті көркем әдебиетте де кездеседі. Мәселен, Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» романында Сабыт ақсақалдың күйеу баласы Баймұқанның: «Соғыстың басында әскерге қару жетпеген. Кейбір әскер қарусыз отырып-ақ қырылып қалған. Екі адамға, үш адамға бір мылтық. Автомат деген кейін келді», дейтін жері бар.

Қадыр әкесінің соғыста жиі жара­қат­танғанын айтты: «Госпитальда жат­қанында бір бөтелке арақ, бір қорап темекі және бір бөлке нан береді екен. Әкем нанын жеп, арақ пен темекіні сақтап қойып жүрген. Дәрігер жарасына лейкопластырь жабыстырса, оңаша қалғанда оны ашып қояды. Ұзағырақ жазылсын дегені ғой. Дәрігер онысын байқап қойса, жинаған арағы мен темекісін ұсынады екен».

Тапқырлығымен бірге ақжолтайлығы да бар көрінеді. Қадырдың айтуынша, бірде граната түсіп, әкесі ғана тірі қалып, қасындағы солдаттардың бәрі қайтыс болыпты. 1980 жылдары рентгенге түсіргенде сол гранатаның жарықшағы денесінде қалып қойғаны белгілі болған.

Кеңес өкіметінің өз адамын аяма­ғанын, айналаның бәрін шпион көргенін білген соң, Мұхтар ақсақалдың не себепті елге қайтқысы келмегенін түсіну қиын емес еді. Азаптаудан қорыққан болуы керек.

– Азаптау емес. Олар тұтқындарды азаптап әуре болмаған. Келген вагон­дарды сыртынан құлыптап, тірідей өр­теген. Мұны әкеме қазақ генералы айтыпты, – деді Қадыр.

Ақпаратты жеткізген адамның генерал болуы екіталай, генерал болса да, қазақ болмауы мүмкін. Себебі со­ғыс ке­зінде қазақтан шыққан генерал көп бол­маған. Генерал-майор Сабыр Рақы­мов 1945 жылғы 26 наурызда қаза тап­қан, ал Шәкір Жексенбаев соғыс аяқталғанда Прибалтика майданында болған екен. Кім біледі, бәлкім шені генералдан төмен әскери болар.

Константин Богуславский дейтін тарихшының «Азаттық» радиосының Ресейдегі бюросына берген сұхбатында айтқанындай, неміс тұтқынына түскен КСРО азаматтарының саны 4 миллионнан 6 миллионға дейін ауытқиды. Оның үштен екі бөлігі қаза тапқан екен.

Тұтқындардың мұншалықты үл­кен көлемде қаза табуының себебі, Гер­манияның да, КСРО-ның да соғыс тұтқындарының құқықтары жөніндегі Женева және Гаага конвенцияларын сақтамауы. Ол конвенцияларға сәй­кес, тұтқындарды ауыр жұмысқа са­лу­ға болмайтын. Олардың дұрыс тамақ­тануға, медициналық қызмет алуға және туыстарына хат жазуға құқықтары болушы еді. Тарихшылардың айтуынша, кейінгі жылдары Германия және оның одақтастары тарапынан тұтқындар жө­нінде біршама бастама жасалған, бірақ Кеңес Одағы ешқандай мәмілеге бармапты.

Тарихшы Богуславскийдің айтуын­ша, 1941 жылғы желтоқсанда Германия, Венгрия, Румыния, Италия және Сло­вакия елдері КСРО-ға хабарлама жіберіп, тұтқындармен алмасуды ұсынған. Кремль бас тартқан. Тарихшы сондай-ақ Халық­аралық Қызыл Крест комитетінің КСРО сыртқы істер халық комиссары Вячеслав Молотовқа жіберген екі телеграммасын тауып алған. Бірінде швей­цариялық банк есебінен неміс тұтқынындағы Кеңес солдаттары үшін Африкадан азық-түлік алдыртуға мүм­кін­дік бар екені айтылса, екіншісінде сол тұтқындарға қант таратуға болатыны жа­зылған. Бірақ ол үшін КСРО тарапы да өздеріндегі неміс солдаттарына сол шамадағы азық-түліктің берілуіне рұқсат етуі керек болды. Кеңес билігі сірә бұған да келісім бермеді. Келіссе, Қызыл Крест өкілдерінің елге кіруіне рұқсат беріп, неміс солдаттары ұсталған лагерьлердің жайын көрсетуге мәжбүр болар еді.

Оның үстіне Сталиннің жауға бе­рілмеуді, берілген адамның көзін жоюды талап еткен 1941 жылғы 16 тамыздағы №270 бұйрығы бар. «Бізде әскери тұтқындар жоқ, сатқындар бар» дейтін ұстаным осыдан кейін пайда болса керек.

Демек, миллиондаған Кеңес солда­тының неміс лагерінде қаза болуы­на бел­гілі бір деңгейде Кремль де жауап­ты болды.

Соғыс бітіп, тұтқыннан сау шыққан­дардың одан кейінгі өмірі де оңай болмады. Немістің қолына түсіп, тірі қал­ғандарды Кеңес билігі жаппай фильтрлеу лагерьлеріне жіберіп, ол жерде қатаң тер­геді.

Тарихшы Арайлым Мұсағалиеваның айтуынша, тұтқынға түскен Кеңес солдаттарын тексеру жұмыстары Польшада жүрді және көбі Магадан мен Колыма секілді жерлерге 25 жылға дейінгі мер­зімге жіберілген екен.

– 1956 жылғы XX съезден кейін ғана соғыс тұтқындары ақтала бастады, – дейді Мұсағалиева. –  Бірақ Түркістан легионында болғандар осы күнге дейін ақталған жоқ.

* * *

Мұхтар ақсақалдың тірі екенін оның ауылындағы туыстары 1961-1962 жылдары бір-ақ білген екен. Қадырдың айтуынша, сол жылдары әкесінің Түркиядағы танысы Қазақстанға іссапармен барғанда, елдеріңде қазақтар бар ма деп сұрапты. Ол жалғыз қазақты білетінін және оның Мұхтар Қарабай екенін айтқан көрінеді.

– Әлгі адам, – деді Қадыр, – әкемнің бауыры Сапаны таниды екен. Әкеме сол танысы арқылы сәлем жолдап, Сапаға хат жазуын сұрапты. Әкем хатты жазды да. Бірақ ол хат Жабасаққа жеткенше, Сапа көшіп кеткен екен. Қуанышқа орай үйдің жаңа иесі Сапаның досы болып, хатты жеткізіпті. Содан бері хат алмасып тұрдық. Әкем оны АҚШ-қа жиі шақыратын.

Бірақ Сапаның АҚШ-қа баруына Кеңес өкіметі рұқсат бермепті. Ол кезде Кеңес Одағының азаматтары шетелге шығуы үшін барар елдің визасымен қатар өз өкіметінің кету визасын (выез­д­ная виза – ред.) да алуға тиіс болған.

1972 жылы Сападан қуанышты хат келіпті: Кеңес өкіметі ақыры рұқсат берген екен, 45 күнге келетін болыпты.

– Сапа келгенде әкем ғана емес, бәріміз қуандық. Қырық бес күн ішінде әбден қыдырттық, – деді Қадыр. Эмпайр-стэйт билдинг пен 2001 жылғы 9 қыркүйекте террористік шабуыл кезінде қираған Дүниежүзілік сауда орталығы ғимараттарын көрсетіпті. – Бір қызығы, біз оны ешқалай таңғалдыра алмадық. «Қараңыз, мына егіз ғимарат 110 қабаттан тұрады. Өміріңізде мұндайды көрдіңіз бе?»,  деп сұрадым. Міз бақпастан: «Бізде мұндайдың төртеуі бар», деді. Бұл қалай болғаны деп таңырқап қалдық.

Сапа тағы бір қылығымен таңғал­дырып­ты. Көшеде жүрсе, артына бұ­рылып қарай берген. Үйде отырса, он бес минут сайын терезеден далаға сығалап қояды екен.

Күндер өтіп, Сапаның қайтуы жақын­дағанда, Қадыр КСРО елшілігіне барып, көкесінің визасын создырып алыпты.

«Көкемнің үйде жүргені әкеме қуа­ныш сыйлады. Тосын сый жасайын дедім. Кеңес елшігіне барып, «Әкем бауы­­рымен бірге ұзағырақ болғысы келеді, визаны ұзартып бересіздер ме?», деп сұрадым. Елшілік келісе салды. Мен болсам қуанып, үйге қайтып келе жатқанда жолдан шампан шарабын алып, атап өтуді ойластырып қойдым. Үйге келіп, жағдайды айтсам, ол: «Жоқ, жұмыс қалып барады. Мал бар, шаруа бар», деді.

Естеліктің бәрін ағылшын тілінде баяндап отырған Қадыр ағасының осы сөздерін қазақ тілінде нақышын кел­тіріп айтты. Айтуынша, Сапа ақсақал ке­терінде әперген киімдерін де алмай кетіпті. Қалай келсе, солай қайтқан екен.

* * *

Сапа ақсақал келіп кеткен соң, ел­дегі қазақтармен қатынас күшейген. Қадырдың айтуынша, сол жылдары үйін­де Нью-Йоркке тағылымдамадан өтуге барған Көпжасар Нәрібаев пен Төре­гелді Шарманов болған екен. Бірі Қазақ КСР-інің Білім министрі болса, екіншісі Денсаулық министрі болған.

– Америкаға барардың алдында бізге ол жақта қазақтар тұратынын, бірақ олар­дан алшақ жүруіміз керек екенін айт­ты, – деді Шарманов. – Олар отанды сатқандар, жолықсаңдар, сендер де сатқын боласыңдар деп қорқытты.

Бірақ бұл Шармановты тоқтатпапты. Мұхтар ақсақалмен бәрібір жолыққан. Басында сыртта кездесіп, кейін үйіне барған екен. Содан бері бір-бірімен жақ­сы араласып тұрады. Шармановтың ұлы Алмаз бен Қадыр дос болып кеткен.

– Мұхтардың жүрегі қазақ деп соғып тұр, бірақ қазақ тілін ұмыта бастаған екен, – деді Шарманов алғаш кездескенін еске алып. – Немістерге ұсталды, одан кейін Түркияда болды. Қазақтармен қарым-қатынас болмаған. Жастайынан кеткен. Орыс тілін де білмейді. АҚШ-та жүр­генімен, қара жұмыс істеп, ағылшын тілін де дұрыс үйренбепті. Бірақ сөйтіп жүріп балаларын аяққа тұрғызды.

Қазақтармен қатынаспады деуге болмас. Өйткені Мұхтар ақсақал ол кез­де Нью-Йорктегі жалғыз қазақ болма­ған. Мұхтар ақсақалдың тағдырлас құрдас­тары бар еді. Қадырдың айтуынша, бір-бірінің үйіне қонаққа барып, жиі жиналып тұрған.

– Апта сайын кездесетінбіз. Әрқайсы­сы кезек-кезек үйіне шақыратын, – де­ді Қадыр.

Жас Мұхтар әскерге орыс тілін біл­­мей аттаныпты. Ер жет­кенше ауы­лы­нан шықпаған көрінеді. Әскерде орыс солдаттар бірдеңе десе, түсінбейді екен. Әлгі солдаттар оның орыс тілін біл­мейтініне сенбей, қулық жа­сап жүр деп ойлап, бір күні тексермек болады.

– Таңғы сағат 3 шамасында ұйықтап жатқан жерінен үстіне мұздай су төгіп жіберіпті. Қысылтаяңда орысша боқ­тайды деп ойлаған, – деді Қадыр.

Әлгі орыс солдаттар күткен сөзді есті­­меген соң, одан кейін тиіспейтін бо­лыпты.

Нәрібаев пен Шармановтан кейін Қазақстаннан келетін қонақ үзілмеген екен. Ол уақытта шетелге, әсіресе АҚШ-­қа екінің бірі бара бермейтін, бар­са тек ғалым не лауазымды тұлғалар бара­тын. Сол себепті Мұхтар ақсақал дастар­қа­нынан дәм татқан қазақтың бәрі елде беделі бар азаматтар еді.

Бірақ елден келгеннің бәрін құшақ жая қарсы алған Мұхтар ақсақал, туған же­ріне баруға батылы жетпепті. – Cта­лин­­нен, қала берді Кеңес Одағының өзі­нен қатты қорықты, – дейді Қадыр әкесі ту­ралы.

Америкаға Сапа ақсақалдан кейін туыстардан ешкім келмеген. Тек хат алысып тұрған. 1991 жылы КСРО-ның ыды­рауынан бірнеше ай бұрын Мұхтар ақсақал маңызды шешім қабылдапты.

– Өлтірер болса, өлуге дайынмын, Қазақ­станға барамын, – деді. Кеңестер әлі де соттауы немесе өлім жазасына ке­суі мүмкін деп ойлады. Әкемнің бұл қала­уын орындау мен үшін абырой еді. Өзім апа­ратын болдым, – деді Қадыр. – Анам да бірге барғысы келетінін айтты.

Қадырдың айтуынша, жолға 1991 жылғы 17 шілдеде шығыпты. Бағыт –Нью-Йорк – Мәскеу – Алматы – Ақтөбе. Ал­ды­мен Pan Am әуе компаниясының ұшағына отырып Мәскеуге тартқан.

– Әкем Мәскеуге қонған бойда қолы­на кісен алып, түрмеге әкетеді деп күтті. Бірақ ешкім келмеді. Жеңілдеп қалдық, – деді Қадыр. – Орыс тілін білмейміз, Ки­рилл қарпін танымаймыз. Содан досымнан күтіп алуды сұрадым.

Америкалық қонақтарды Мәскеу әуежайынан күтіп алған Қадырдың досы грек-рим күресінің палуаны Дәулет Тұрлыханов еді.

Қадыр Тұрлыхановпен 1989 жылы танысқанын айтты. Сол жылы палуан КСРО құрамасы сапында Аме­рика­ға жа­рысқа барған. Құрама жаттық­ты­ру­шысы Қырым татары екен. Ал ол уақытта Нью-Йоркте Қырым татар­ларының үлкен ассоциациясы болған. Жат­­тықтырушы өз жігіттерімен сол ас­со­циа­цияға соққан кезде, ондағы­лардың бірі Тұрлыхановтың қазақ екенін естіп, Мұхтар ақсақалмен таныстырыпты. Со­дан бері жақсы араласады екен.

Мәскеуде бір күн болып, Тұрлыха­новпен бірге Алматыға ұшқан. Ол жерден Мұхтар ақсақалдың інісі Сапа қарсы алған. 

– Ұшақтан түскенімізде әкем жерді сүйіп, көзіне жас алды, – деді Қадыр. – Алматыда ешқашан болмаған. Тіпті Ақ­тө­бені де көрмеген-ау шамасы. Әскер­­ге кеткенше ауылдан шықпаған ғой.

Қадырдың айтуына қарағанда, Жа­басаққа жеткенде, мыңдаған адам жи­налған екен. Жалғыз Ақтөбе емес, өзге облыстардан да келіпті. Көбінің қо­лында кезінде соғысқа аттанып, бірақ оралмаған туыстарының суреттері. Мұх­тар ақсақалдан туысын көрді ме екен соны сұрайды.

«Бір жетпіске таяған әйел есімде қалыпты. Күйеуі соғысқа әйелінің жүкті екенін білмей кетіпті. Оралмаған. – Үмітімді он жыл өтті үзбедім, жиырма жыл өтті үзбедім. Отыз жыл өтіп үмітім үзіле бастағанда сен келіп тұрсың. Үмітім қайта оянды», деді.

Тарихшы Мұсағалиеваның айтуын­ша, соғысқа Қазақстаннан 1, 2 миллион адам аттанған. Оның жартысы қайт­паған. Олардың қатарында қаза тап­қаны да, жоғалғаны да, Мұхтар ақсақал секілді тұтқыннан босап шығып, шетелде қалып қойғаны да бар.

Ақтөбеге барғанымда Сападан: «Көке, өзіңіз айтқан төрт биік ғимаратты көрсетіңізші қане», деп сұрадым Нью-Йоркте айтқанын есіне салып. Қолын бір сілтеді. АҚШ-қа жібермес бұрын Мәс­кеуге алдыртып, әбден дайындаған екен. Ешнәрсеге таңданыс білдірме, не көрсетсе де, бізде екі есе көп дей бер. Әр­бір қадамыңды аңдып отырамыз, бөлмеде 6-7 адам болса, соның бірі біздің агент болатынын ұмытпа деп қорқытып қой­ған екен.

Сапа ақсақал елге оралған соң да, Аме­рика туралы ауыз толтырып әңгіме айта алмаған. Америка озып кетіпті деген сөз тарамауы қажет. Әкесінің ауылында екі апта болған Қадыр алдымен Алматыда, одан кейін Қырымда бірнеше күн болып, Мәскеуге бағыт алған. Қа­сында досы Дәулет болған.

– Мәскеуге жеткенімізде, Дәулет екеу­міз Қызыл алаңға барғанбыз. Сөйт­сек алаңда танкілер тұр, адам көп, – деді Қадыр.

Қадыр мен Дәулеттің тап болғаны 1991 жылғы 18-21 тамыз күндеріндегі «Тамыз бүлігі» болатын...

– Басында танкілерді кө­ріп қорқып кеттім. Бірақ жақындай келе байқасам, солдаттар жайбарақат отыр екен. Түрлерінде агрессия жоқ. Халықтың көңілі көтеріңкі. Мен де танкінің үстіне шығып, суретке түскенім бар, – деді Қадыр. – Америкаға ұшарда әуежайға ерте бара салғанмын, дұрыс жасаппын. Сағат бірлерге жоспарланған рейсіміз он бірге ауысқан екен, шекара жабылып, әуе қатынасы тоқтап қалмай тұрып ұшып кету керек болған. Кеннеди әуежайына қонғанымызда бізді көптеген журналист күтіп алды. Бүлік басталғалы Мәскеуден келген алғашқы рейс екен.

 

 Назарбаевпен кездесу

 

– 1990-жылдардың басында Назарбаев 120 қазақпен бірге Америкаға келді. Ерлан Ыдырысов екеуміз әуежайдан күтіп алушылардың қатарында болдық, деді Қадыр.

Қадыр Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ кәсіпкерлерімен бірге барған сапарын меңзеген болуы керек. Назарбаев 2015 жылы жарық көрген деректі фильмде осы сапарды еске алды. Жаңа құрылған ел болған соң және елімізді ешкім танымаған соң, аздап өтірік айтқанын, мысалы көлік жөндеу стансалары Нұрлан Смағұловты америкалықтарға көлік жасаушы магнат деп, киім сатып жүрген Болат Әбіловты сауда алыбы деп таныстырғанын айтқаны бар.

1

Қадырдың айтуынша, Назарбаевпен сол күтіп алу кезінде танысыпты.

– Әкем туралы айтқан едім, қатты таңғалып, кездескісі келетінін айтып, тоқтағалы отырған қонақүйге ертіп әкелуімді сұрады – деді Қадыр.  – Әкеме мән-жайды айтқан едім, толқып кетті. Туған елінің басшысымен кездесуді мәртебе көрді.

Сол сапарда Назарбаев делегациясымен бірге Нью-Йорктегі әлемге әйгілі Waldorf Astoria дейтін қонақүйге тоқтаған екен. Қадырдың айтуынша, Қазақстан Президенті Мұхтар ақсақалмен екі-үш сағат әңгімелескен.

– Сол күні Нью-Йоркте үлкен қазақ пати (сауық кеші – ауд.) болды. Жүз елу адамдай болды. Америкада қазақтар мұндай көлемде алғаш рет жиналған еді,  деді Қадыр.

Осы кездесуден кейін Қазақстандағы БАҚ өкілдері Мұхтар ақсақалға және оның ұлы Қадырға назар аудара бастаған. Мәселен, 2014 жылы «Сұхбат» дейтін газеттің 12-18 шілде аралығында жарық көрген №28 санында Қадырдың көлемді сұхбаты шығыпты.

 Ақжардан қыз алған Қадыр

Ұлттың бәрі тең, өз ұлтыңнан ғана жар таңдау шарт емес дейтін Америка қоғамында өскен Қадырдың Қазақстанның тумасына үйленгенін есту тағы бір таңсық жаңалық еді.

– Қазақстанға барған сайын, – деді Қадыр, – достарым, туыстарым сол жақтың қыздарымен таныстыруға әуес болатын. Соның ішінде білім министрлігінде жұмыс істейтін бір қызды жиі айтатын. Үндемей құтылатынмын. Бір күні қоймадыңдар ғой, таныстырыңдар, дедім.

Таңдау Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақжал ауылынан шыққан Жанар есімді қазақтың қызына түсіпті. Той 1997 жылы Алматыда өткен.

– Әміржан Қосановты біле­сің ғой? – деп сұрады Қадыр. – Менің тойымда болып, тілек айтқан. Бір бет қағазға әр жолы «Қ» әрпінен басталатын өлең жолдарын жазып әкеліпті. «Құрметті, Қадыр!» деп басталып, «құрметпен, Қосанов» деп аяқталады. Арасында «құттықтаймыны» бар.

Тойда тілек айтқаны, қалай танысқаны Қосановтың да есінде бар екен. Айтуынша, Қадырмен ол үйленерден бір-екі жыл бұрын танысып, содан бері дос ретінде араласады.

– 1995 жылы ма әлде 1996 жылы ма, АҚШ пен Канадаға ресми сапармен бардық, – деп бастады Қосанов әңгімесін. – Ол кезде мен Премьер-Министрдің баспасөз хатшысы болатынмын.

Сапар аясында үкімет басшылығы Америкада тұратын қазақтармен кездескен. Көбі кәсіпкерлер мен қаржыгерлер. Арасында Қадыр да болған.

– Есте қалғаны, орысша білмейді екен, – деді Қосанов. – Бізде сол заманда бәрі орысша білетін еді ғой. Қазақша, ағылшынша сөйлеп, орысша білмегені мені таңғалдырды.

Қосанов АҚШ-қа сапарында Қадырдың үйіне тоқтап, Мұхтар ақсақалдың әңгімесін тыңдағанын айтты.

– Ауылдан шыққан бала, соғыс трагедиясын көрген, бірнеше елде тұрған. Өмірді қабылдауы мүлдем бөлек. Мына біздің ардагерлер коммунистік насихаттың құрбаны болып, Сталинді пір тұтады. Сол ұрпақтан Сталинді қарғаған, сынаған осы кісі болды. Өйткені әулетіне, еліне, ауылына жете алмай қалды – деді ол.

Қосановтың айтуынша, ақсақал жырақта жүрсе де, қазақылығын ұмытпапты. Домбыра тартып, жыр-дастандарды жатқа айтқан екен. Шежіре тарқатып, тарихи оқиғаларға баға беріпті.

– Бір ғимаратты көрсетіп, соның күндіз терезесін жуғанын, кешке ішін тазалағанын айтты, – дейді Қосанов. – Қадырдың әкесіне деген құрметіне ризамын. Cоңғы барғанымызда Манхэттендегі Біріккен Ұлттар Ұйымының қасынан пәтер алыпты. Неге ол пәтер десеңіз, балконынан әкесі өмір бойы жұмыс істеген әлгі ғимарат көрініп тұр екен.

Нью-Йорк парктерінде орындықтарға кісі аты жазылған тақтайша қағып қою тәжірибесі бар. Қосанов Қадырдың өз үйінің жанындағы бір парктегі орын­дыққа әкесінің құрметіне сондай бір тақтайша орнатқанын айтты.

– Қадыр сондай ұлтжанды азамат. Өзі Америкада туып, сонда өссе де, қазақта бар барлық қасиет бойынан табылады. Менің қуанатыным, өзі де, жұбайы да балаларына сол үлкен қасиеттерді сіңіріп жатыр, – деді Қосанов.

Қадыр өзінің қазаққа жақын болуы анасы Рәбияның арқасы екенін айтты.

– Анам бізді қазақылыққа тәрбиеледі, – деді Қадыр. Жастайынан өзін америкалықтарға қазақ деп таныстырады екен. – Кеңес Одағы кезінде қиын болатын, қазақпын десем ешкім білмейді. Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан кейін барып, ұлтымның кім екенін түсіндіру жеңілдей түсті.

Қазақстанға көшіп, сонда бизнес ашу жөніндегі Қадырға көп ұсыныс жасалыпты. Елмен тығыз байланыс орнатуды құп көрсе де, біржола көшіп баруға келіспеген.  Америкада жеке компаниясы бар, сол елдің заңына, сол елдің ережесіне бейімделген. Бірақ Қазақстан азаматы болуға ниет білдірген екен.

 2

– Қазақстанның әділет министрі Нағашбай Шайкеновты танитын едім. Соған айттым. Ол Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынғанын айтты, – деді Қадыр. – Қос азаматтық көп елде бар. Мысалы мен АҚШ және Түр­кия азаматымын.

Қадырдың кездесуімізге арнайы әкелген суреттерінің ішінде аты аталған кісілердің барлығы бар екен. Мынау пәленше, мынау түгенше дей келе, бір суретке тап болдық. Ресторандағы үстел, екі жағында екі адам. Бірі Қадырдың өзі, екіншісін танымады. Қазақстаннан келген журналист екенін, бірақ атын ұмытып қалғанын айтты. Қадырға қарама-қарсы отырған Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрі болған Дархан Мыңбай еді. Қадыр Мыңбайдың атын білмесе де мамандығын дәл тауыпты. Сурет ескі, 1990-жылдары түскен болуы керек. Дархан Мыңбай ол кезде расымен де БАҚ саласында жұмыс істеген.

Әміржан Қосановпен дос екенін білген соң, оның елдегі президенттік сайлауға қатысқанын айта бастап едім, «Тоқаевты да танимын», деді Қадыр. Рәбия әжеймен кездескен күні Қадыр қос танысының Қазақстандағы тартысын бақылап отырған екен.

– 2003 жылы  әлде 2004 жылы ма, есімде жоқ. Ұлым дүниеге келіп, нағашыларына көрсетейін деп Қазақстанға бардық, – деді Қадыр. – Қайтар кезде Ыстанбұл арқылы ұшатын болдық, Turkish Airlines ұшағының бірінші класына билет алғанмын. Рейс жарты сағатқа кешіктірілді. Бізге техникалық мәселелер бар деп айтты. Бір уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев кіріп келді. Алты сағат бойы бірге ұшып бардық.

Қадырдың айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев­пен мұның алдында, Олжас Сүлейменовтің кітабының тұсаукесерінде танысқан екен.

– Қазақстанға барсаңыз, елге сәлем айтыңыз», – деді қоштасып жатып.

Дархан ӨМІРБЕК