Қоғам • 15 Қаңтар, 2020

Партизандар

4223 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Сонау күндей күркіреп өткен сұрапыл соғыста оқ бораған, отқа оранған майдан даласында фашистермен жан беріп, жан алысып шайқасқан жауынгерлермен бірге Ұлы Жеңіске партизандар да үлкен үлесін қосқаны тарихтан белгілі. Жау тылында жасырын жүріп, озбыр ойлы басқыншылардың жанын мұрнының ұшына келтіретін, үрейін ұшырып, шошытып оятатын халық кекшілдері небір ауыр айқаста олардың адымын аштырмай ойран салды. Біраз аумақты басып алып еркінсіген, есірген дұшпанның талайын жер жастандырды. Әскер, қару-жарақ тиелген жүк пойыздарын құлатты, деревнялардағы топтап қырылған жазықсыз бейбіт халықтың жақындарын жұбатты, Отанын сатқандарды (мұндайлар да кездесті ғой) сұлатты...

Партизандар

Украина, Белоруссия ормандарында, Ресей жерінде, тіпті Еуропа елдеріндегі жау тылында әрекет еткен партизандардың ішін­де жүздеген қаһарман қазақ­стан­дықтың болғанын да жақсы білеміз.

Мына суретте сол бір ер еті­гімен су кешкен, ат ауыздығымен су ішкен сойқан соғыста қар төсеніп, мұз жастанған, батыр­лық пен ерліктің ерен үлгісін көр­сеткен төрт қазақ партизаны бейнеленген. Атап айтсақ, олар Ғалым Ахмедияров (солдан оңға қарай) Қасым Қайсенов, Тоқтағали Жангелдин және Үсенбай Тастанбеков.

Сурет 1965 жылы 6 мамырда, тура жеңіс мерекесінің 20 жыл­дағы қарсаңында түсірілген. Қай жерде, қандай жағдайда, анық­тау мүмкін болмады. Се­бебі Үсенбай атаның жеке мұ­ра­ға­тынан алынған суретте аты-жөн­дері, жылы, күні ғана жа­зылған. Өзіміздің ойымыз­ша, кос­тюм киіп, галстук тақ­қан­дарына қа­ра­­ған­да бір салтанатты шара ке­зінде әрі бұрынғы астанамыз Ал­матыда түсірілген-ау...

Халық қаһарманы, даңқты Қасым Қайсеновты ел-жұрты ерек­ше сүйген, әлі де рухын ай­рықша ардақтайды. Тоқта­ғали Жангелдиннің кезінде партизандық жорықтары туралы бірнеше кітабы шыққан. Ға­лым Ахмедияров та Отан үшін кеудесін оққа тосқан майдан­гер­дің бірі ғой. Ал өзіміз жақсы біле­тін қарасайлық жүз жасаған қария, соғыс ардагері (2019 жылы сәуір айында дүниеден өтті) Үсенбай Тастанбеков кім болған еді, енді осыған аз-кем тоқталсақ дейміз.

Үсенбай ата Бақтиярұлы танкі­ші ретінде қан майданның қақ ортасында жүрген, қаһарлы партизан да болған. Ол кісінің «Жалынды күндердегі жазулар» атты кітабы жайында Қасым Қайсенов: «...Көп жыл­дар өткеннен кейін, бас­тан ке­шіргендерін ой елегінен өт­кіз­геннен кейін сол сұрапыл со­ғыс­та жау тылында шайқасқан пар­­тизандар Т.Жангелдин, Ә.Шә­рі­пов, Н. Көшекбаев, Ү.Тас­тан­­­беков өз естеліктерін жазды.

...Кітапты оқып шыққаннан кейін автордың кім екенін аңғару қиын емес. Бұл – Ұлы Отан соғысының батыр партизаны, армиямыздың тәжірибелі де білгір, тапқыр командирі Үсенбай Тастанбеков. Ол «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, ажал аузынан аман қалып, сол сойқан соғыстың тірі куәгері ретінде жас ұрпаққа сол жылдардың шындығын жеткізіп отыр» деп пікір жазған.

Ү.Тастанбековтің Жамбыл, Ең­бек­шіқазақ, Қаскелең аудан­дық газеттерінің редакторы бол­ғанын, шәкірттерінің ішінде тұ­ма жырдың тұнығы, ұлы ақын Тұманбай Молдағалиев (ал­ғашқы өлеңдерін жариялаған), ән өлеңінің классигі Нұрсұлтан Әлімқұлов, жазушылар Мұхамет­жан Етекбаев, Заманбек Жәкенов, белгілі журналист Жұмаш Ар­ғын­баев, атақты фототілшілер Сай­лау Пернебаев, Нұрманбет Қи­затов, көп жыл «Социалистік Қазақ­станның» (қазіргі «Егемен Қазақстан») Шымкент облы­сындағы меншікті тілшісі қыз­метін атқарған Алтынбек Жол­дасбеков бар екенін де айта кет­кеніміз жөн. Өзі Алматы об­лысының, Қарасай ауданының құрметті азаматы атанған еді, нағыз ана тілінің жанашыры еді...

 

Берікбай ҚАДЫҚОВ,

журналист 

 

Алматы облысы,

Қарасай ауданы