Қоғам • 16 Қаңтар, 2020

Елдің ежелгі атауына қиянат қылмайық

770 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертеден халықтың санасына сіңіп қалған тарихи атауы Шідерті ауылы туралы 2013 жылдан бастап даулы мәселе туып отыр. Бұл ауылдың басынан өткен жайға оралып өткім келеді. Қазіргі атауы – Зеленая роща. Басқа ұлттың өкілдерінен бірде-бір адам тұрмайтын ауылдың осылай аталуы неге деген заңды сұрақ туады. Столыпин реакциясы тұсында ішкі Ресейден үйсіз-күйсіз, еріксіз жер аударылып көшіп келген мұжықтар қазақтың малға, егінге жайлы жақсы қоныстарын тартып алды. Сол кезде колхоз басқармасы Ворошилов деген болған. Ауылға тал егіп, бақша салғандықтан олар Шідертіні Зеленая роща атап кеткен. Бұл атау ешбір құжатта көрсетілмеген.

Елдің ежелгі атауына қиянат қылмайық

Патшаның бір жапырақ қағазынан сес­­кенген ел азаматтары қулыққа көшеді. Кезінде беделді азамат, Павлодарда тұратын Лекердің Жақыбына ақыл сұрап  барған ауылдың намысты адамдары мекенімізді қалай қайтарып аламыз дегенде төмендегі ақылды айтқан. Содан ауыл­дан ұзап, тышқан аулаған мысықтарды ұстап алып, құйрықтарына шала жанған қиды байлайды да түн жарымда қоя береді. Жан ұшырған мысық өзінің үйіне не қорасына қарай жүгіреді. Күшті күзетке қарамай, қорасы немесе үйі өртенгендер кейін бұл жерді «киелі» деп айтып еді, деп түгелдей көшіп кетеді. Ауыл осылайша өз қоныстарына қайтып оралады.

Кеңес өкіметі орнаған тұста 1916-1917 жылдары Шідерті 11, Жаңаталап 10, Басқамыс 9, Ақкөл бұрын Қаражар деп аталған, ол 8, қазір Ленинск кенті (сол баяғы қалпы) 7 ауыл аталып келеді.

Ауыл ашаршылық жылдары да талай зардап шекті. Әкеміз Бабылбекті 6-7 жас шамасы болса керек, шамамен 8-9 шақырым Жақсыат деген ауылға, бала онша көзге түсе қоймас деген оймен, туыс­тарына тамақ апарып беруге жұм­сай­ды. Шапанының бір жақ қойнында бір литрдей сүт, екінші жағында қаймақ. Аш-арықтарды көрсең қаш, жеткізбейсің, тіпті соңыңнан қалмаса сүтті жерге қо­йып кет, деп ескертеді. Ай жарық. Жан-жа­ғыма қарап жүгіріп келем, бір кезде Ші­дертінің жарынан бір салт атты шыға келді, алдында өңгерген бірдеңесі бар. Тани кеттім. – Ағатай-ай, мені Жақсыатқа жеткізіп тасташы, қорқып келемін, дедім. – Апару қайда?! Біреуге біреу қарайтын заман ба еді, – дегені бар.

Қылышы жалаңтаған 1937-1938 жылдар. Біздің ауылдан бірде-бір сотталған, көрсетілген адам болған жоқ. Ахмет келіні Күлай апатайымның айтуынша артық ауыз сөз Шідертінің екінші жағалауына өтпеген. Сол жылдары ауылға Лебяжі жақтан бір адам отбасымен көшіп келеді. Солар келісімен, жоғарыға жолданған хаттар байқалады. Сезіктенген ақсақалдар хатты ашып көрсе, ауыл адамдарын жамандаған хаттар. Жігіттер жиналып келіп, ауыл туралы ауызыңды ашсаң оңбайсың деп қорқытып, бір түнде көшіріп жібереді. Кейін бейбіт күнде ауылдың бір адамына кездесіп, сол кісі мұндай ауыз бірлікті ауыл көргем жоқ, еліңе дұғай сәлем деген екен. (Аты-жөнін ұмыттым, білетіндер болса пікірін жазар).

1950 жылы үш Шідерті, Ақжар, Басқамыс колхоздарын қосып, орталығы Шідерті болады. Басқарма төрағасы Сағынтай Асайынов, кейіннен Мәкен Ахметов басқарады.

1941 жыл. Іргелі, еңселі елден Ұлы Отан соғысына 106 ер-азамат аттанған. Ел-азаматтары батырларын ардақтап, ауылдың дәл ортасындағы саябаққа құлпытас қойып, есімдерін мәңгіге есте қалдырды. Шағын ғана бір ауылдан (бір шаңырақтан бірнеше жігіт) осынша ер-азамат шыққанына таңданасың.

Тың игеру кезінде жаңа совхоздар пайда болды. Ақкөл совхозы да сол жылдары құрылып, біздің ауыл Ақкөлдің №2 фермасы (бөлімше) деп аталды. Тәуелсіздік жылдары едәуір күш ала бастаған шаруашылықтар тарап, үйлер сүріліп жатты. Ал ежелден ата қоныс болған елді мекендер, мысалы Шұға, Шідерті ауылдары қайта түлеп, екі қабатты үйлер салынып, заманауи қаладағы үйлердің үлгісімен ішіне су енгізіліп, әжетхана, жуынатын бөлмелер пайда болды.

Асан қайғы «шідерлемей ат тұратын жер екен» деген Шідерті ауылының өткен тарихы осындай.

Даулы «Жайылма» деген атау қалай берілді?

Ауысымы көп Павлодар облысының бір әкімі жол түсіп, Ақкөл ауылына келеді. Сонда: «Зеленая роща» ауылының атауын басқаша қалай өзгертуге болады?», деп сұрақ қойғанда, Ә.Түгелбаев «Ақкөл-Жайылма» деген белгілі атауды екіге бөліп «Жайылма» дейік деген екен. («Отарқа» газеті, 2019 жылғы 14 қараша, №46,). Содан біраз уақыт ауылдың тұсында «Жайылма» деген тақта ілініп тұрды. Сырттан таңылған атауды тұр­ғын­дар қаламады.

Ежелден тоғыз көлдің су жайылатын алқаптары Ақкөл-Жайылма аталады. Кәрі тау Ерейментаудан күн шығысты бетке алып, Қоянды-Қойтасты кесіп, Өлеңті өзені сол жерлерге құнар беріп, Итмұрын, Бестөбе, Қойайырған, Маңқабай, Найза, Миялы, Шаңды, Бақай, Ақкөлге дейін су жайылған.

Ақкөл-Жайылма деп аталуы да жайыл­ған су негізінен Ақкөлдің көп жер­лерін қамтиды. Тасқын су көлдерінің тіз­бегі Әулиекөл, Дуана, Бәсентиін, Қылдыкөл, Сасық, Өмірзақ, Бозайғыр, Ащыкөл, Көктөбені (тоғыз көл) суға толтырып, Тоққұлы, қазіргі Аяқ деген жерден өтіп, Ақкөл ауылы орналасқан Жырық деп аталатын су арнасымен Шығанақ көліне, одан Жалаулы теңізіне барып құяды.

Ал Қазақстандағы ұзындығы жөнінен Ертістен кейінгі екінші өзен Шідерті өзені Қарағандының Қушоқы шағын жотасынан бастау алып, Мұздыбұлақ, Сарыапан, Қарасу мен Сарыбұлақ, Бесқұдық, Бала жылға, жол бойы Шыбынды көл, Тұзды өзектен өтеді де, тағы да Қарасу деп аталып, екі өзен де басқа атаумен Шығанақ көліне, одан шығып Жалаулыға (халық арасында оны теңіз деп атайды) құяды. Екі өзеннің де табиғаты тамаша, жағалай біткен тал, шілік, су жайылған өлкенің шөбі шүйгін, гүл-жапырақты, миялы, өлкемізге ерекше нәр беріп тұрған өзендер еді. Кейін Қ.Сәтбаев каналы салынып, Шідерті өзенінің арнасы бөлек-бөлек бөлініп, Қарағандыға суды өрге шығаратын насос стансаларына (саны 24) айналды. Өлке тілімденіп, көлтабанды суғару алаңы пайда болды. Қазір ол жерлерде қамыс-қоғалы, құнарсыз шөп өседі. «Елу жылда ел жаңа», өзіміз талай бәйшешек, жуа терген белдер, өзенді көмкерген, жапырағы иіліп тұрған талдар да жоғалды. Суына түйе бойламайтын, аққу-қазы арылмайтын Шідерті келмес­­ке кетті.

Біздің Шідерті ауылының атауына дәлел, қолда бар Мәкен Ахметовтің төл құжаты, туған жылы 1903, Павлодар облысы, Краснакутск ауданы, Шідерті колхозы, еңбек кітапшасында:1953ж. ауылдық кеңестің төрағасы, Куйбышев ауданы, Шідерті ауылы, Несіп Ахметова Мәкенқызы 1938 ж. Шідерті колхозы, Куйбышев ауданы, Дамет Смаилова Бабылбекқызы 1949 ж. Шідерті колхозы, Куйбышев ауданы, Павлодар облысы. (Құжаттардың көшірмесі редакцияға жолданды).

Осы дәлелдер де жеткілікті болар деген ойдамын.

Сөздің түйіні: Шідерті ауылы нақты дәлелдерге арқа сүйесек, Жайылма бола алмайды. Тағы бір жай Шідертінің біздің ауыл орналасқан бетінің табиғаты да ерекше, жері құмдақ, өсімдіктер дүниесі де бөлек. Өзен нағыз табиғи шекара сияқты, бергі бетте жаңбыр жауса, арғы бет құрғақ қалады. Арғы бетке өтсең болды, сап-сары саз балшықтан аяқ баса алмайсың.

Тағы бір кедергі, кейін 1967 жылдары Шідертінің бойына су қоймасы салынып, сол жерде Шідерті кенті пайда болды. Бір ауданда екі бірдей атау болмайды дегенді алға тартып, Шідерті ауылы деген атауды қанша ұсынса да мәслихат өткізбеген сыңайлы. Бірі Шідерті кенті (поселок), екіншісі Шідерті ауылы. Заман ағымына сай қазіргі кезде осы атауды екі жерге берген ерсі емес, ежелгі ауыл атауы өзіне қайтарылса екен. Көп тілегі жерде қалмаса екен.

Атауына орай, талай қилы заманды басынан өткерген Шідерті ауылы тәуелсіз елде өзінің оң бағасын алып, өзінің тарихи сонау Асан қайғыдан бері жалғасып, халық есінде мәңгі жатталып, сақталып қалған өз атауын алуға лайық деген пікірдеміз. Өткен тарихты өзгертуге еш хақымыз жоқ.

 

Дәмет ҚАРАШАШЕВА,

Журналистер одағының мүшесі

 

НҰР-СҰЛТАН