Сұхбат • 17 Қаңтар, 2020

Ұстаздың қоғамдағы беделіне бәріміз жауаптымыз

1454 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді. Осы орайда аталған құжатты дайындауға белсенді атсалысқан Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл МҰҚАШЕВАМЕН әңгімелескен едік.

Ұстаздың қоғамдағы беделіне бәріміз жауаптымыз

– Айгүл Мақсатқызы, «Педа­гог мәртебесі туралы» Заңды дайындауға қатысушы ретінде салалық кәсіподақ аталған құ­жатқа қандай мәселелерді ен­г­ізді?

– Соңғы жылдары отандық бі­лім беру саласын дамыту, ұс­таз­дардың мәртебесін арттыру қоғамда қызу талқыланды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұр­мыс сапасын арттыру» атты Қазақ­стан халқына Жолдауында мұға­лімдердің құқықтық мәрте­бе­сін арттыруға, сонымен қатар әлеу­меттік жағдайын жақсартуға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеп, қабылдауды тапсырған еді. Бұл мәселе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы халыққа Жолдауында да қозғалды. Мем­лекет басшысы ұстаздар қауы­мының мәртебесін арттыруға қа­тысты шараларды қолға алумен қатар, білім сапасын арттыру, отбасы және бала институ­тын қолдауды да тапсырды. Бірін­шіден, бұл білім беру саласында және Қазақстанның жаңа буынын тәрбиелеуде қордаланған мәселелерге байланысты қолға алынды. Екіншіден, әлемнің тез дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Білім саласы жаңа сипатқа көшіп жатыр. Бұл ретте мектеп пен педагогке қойылатын талап та жоғарылауда. Үшіншіден, Қа­зақ­стан алдыңғы қатарлы, бәсе­кеге қабілетті, дамыған елдер қатарына кіру керек. Бұл өз кезе­гінде білім саласына зор жауап­кер­шілік жүктейді. Білім саласы қоғамдағы барлық реформалар­дың қозғаушы күші. Сондықтан білім мәртебесін арттыру – ұстаз­дар­дың беделін арттырумен тең.

Ұстаз мәртебесін көтеру мәсе­лесі кәсіподақтың күн тәртібі­нен түскен емес. Салалық білім кәсіп­одағы бұл мәселені Парла­мент, Үкімет пен Білім және ғы­лым министрлігі алдында ұдайы көтеріп келді. Біздің бастамамызбен бірнеше рет парламенттік тыңдау, ұстаздар қауымы­мен, БАҚ өкілдерімен дөңгелек үс­телдер өтті. Кәсіподақ басшы­лы­ғы саладағы өзекті мәселелер­ді республикалық БАҚ-та көтер­ді. Білім беру саласы қызметкерле­рінің кәсіби мүддесі мен еңбек құқығын қорғайтын ұйым ре­тінде кәсіподаққа ең бірінші педа­гогтердің әлеуметтік мәсе­ле­лерін шешу, ұстаздарға жұ­мыс істеуге барынша қолай­лы жағдай жасау маңызды. Кәсіп­одақтың салалық кеңесі құжат­тың негізгі әзірлеушісі Білім және ғылым министрлігімен бір­лесіп, ұстаздардың бірқатар мәселелеріне назар аударуға ты­рысты. Оның арасында ұстаз­дар­ды еңбегіне лайықты еңбек­ақымен, әлеуметтік кепілдік­термен қамтамасыз ету, сала қыз­­меткерлеріне жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасау, табысты еңбек ету үшін ынталандыру, сондай-ақ педагогтерді міндетіне тән емес қызметтерден босату бар. Заң жобасын әзірлеу барысында кәсіподаққа 40 мыңнан астам ұсыныс түсті, бәрі де жұмыс тобына жеткізілді.

Аталған заңнан басқа жуыр­да Президент «Қазақстан Респуб­­лика­сының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға да қол қой­ды. Қабылданған заңды жү­зеге асыру үшін 2024 жылға дейін Үкіметтен 5,3 трлн теңге бөлінді. Бұл мемлекеттің белгілі бір жауапкершілік алғанының айқын көрінісі. Бұған қарап заң­ды жұмыс істейді деуге негіз бар. Кәсіподақтың салалық кеңесі мыңдаған ұстаз бен еліміздің кәсіподақ активінің атынан заңды әзірлеу барысында ұсыныстарымызды қолдап, иық тіресе жұмыс істегені үшін Парламент депутаттарына алғыс айтады.

– Заңның қай баптарына ерекше назар аударар едіңіз?

– Әуелі педагогтерге қарасты­рыл­ған негізгі әлеуметтік ке­піл­­діктерге тоқталсақ. Бар­лық деңгейдегі білім беру ұйым­да­­рында жұмыс істейтін педа­гогтерге ұзақтығы 56 күнтізбелік күнді құрайтын ақысы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысы тағайындалды. Бұрын мек­тепке дейінгі білім беру ұйымда­рындағы тәрбиешілердің, әдіскер­лердің, қосымша білім беру педа­гог­терінің ақысы төленетін еңбек демалысы 42 күнтізбелік күн болатын. Оқушылары ха­лық­ара­лық олимпиада, бай­қау, спорттық жарыстарда жүлде­гер болған педагогтерге үш лауа­зымдық жалақы төлеу туралы норма қарастырылған. Заң­ның маңызды шарттарының бірі ретінде «Қазақстанның ең­бек сіңірген ұстазы» атты мем­лекеттік награданың жаңа түрі белгіленетінін атауға болады. Бұл награда 1000 АЕК мөлшерінде бір­жолдық төлем жасауды көз­дейді. Жаңа заңға сәйкес, жер­гілікті атқарушы органдар бір­жолғы сыйақы төлей отырып немесе сыйақысыз, жергілікті ерек­шелік белгілері мен құрмет­ті атақтарды тағайындау және ын­таландырудың өзге де нысандары арқылы, оның ішінде Қазақстан Республикасында бел­гіленген мерекелік күндерге орай педагогтерді көтермелеудің қосымша шараларын белгілеуге құқылы. 2021 жылдан бастап оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету жоспарлануда, бұл ретте педагогтер 16 сағатқа қазір 18 сағатқа төленіп отырған жалақысын алатын болады. Со­нымен қатар магистр дәрежесі бар мектеп мұғалімдеріне 10 АЕК көлемінде қосымша төлеуге қатысты нормаға да назар аудару қажет. Бұдан бөлек, сыныпқа жетекшілік еткені және дәптер тексергені үшін төленетін үстеме­ақы көлемі екі есеге артады. Заңда қарастырылған осы және басқа да әлеуметтік кепілдіктер барлық деңгейдегі ұстаздардың ынтасын көтеруге қызмет етуі тиіс.

– Кәсіподақ ұстаздардың әл-ауқатын арттыруға бағыттал­ған қандай мәселелерді заңға ен­гізе алмады?

– Әлбетте, салалық кәсіп­одақ білім саласындағы қыз­мет­кер­лер­ден келіп түскен педа­гогтердің әлеуметтік жағ­дайын арттыруға бағытталған бірнеше ұсыныстарды заңға енгізуге тырысты. Негізінен, мұ­ғалімдердің ең көп ұсынысы зейнет жасын қысқарту туралы болды. Біз педагогтердің, әсі­ресе балабақша, мектеп қыз­меткерлері жұмысының пси­хологиялық-эмоционалдық жүгі ауыр екенін білеміз. Мұндай жағ­дайда тәрбиешілер мен мектеп мұғалімдеріне 63 жасқа дейін жұмыс істеу мүмкін емес. Сондықтан салалық кәсіподақ еңбек өтіліне байланысты зей­неткерлік жасты 58 жасқа дейін тағайындауды ұсынды. Жеңіл­детілген ипотекалық несиелеу мәселесі де бар. Елімізде ор­та­ша есеппен ұстаздардың 60 па­йызында баспана жоқ, олар­дың бәрі жалдамалы пәтерлерде тұрады. Әсіресе бұл ірі қала­лар­да жиі кездеседі. Үкімет қа­был­даған жеңілдетілген несие­леу бағдарламаларының көп­тігіне қарамастан, ұстаздарға бағдарламалардың көбі қол­жетім­сіз болып отыр. Мұның бір ғана себебі бар – ұстаздардың жалақысы төмен. Осыған орай педагогтерге бастапқы жарнасыз пайызы төмен ипотекалық бағдарлама әзірлеу мәселесі ұсы­нылды. Тағы бір ұсыныс – сауық­тыруға арналған екі жалақы кө­лемінде жәрдемақы беру. Бұл өзекті мәселе. Аталған норма заңға енгізілгенде, мұғалімдер жыл бойы сарыла күтетін жазғы еңбек демалысына шыққанда ұстаздарға көрсетілген қолдау болар еді деп есептейміз. Өкінішке қарай, бұл ұсыныстарымыз қолдау таппады. Дегенмен, салалық кәсіподақ бұл мәселелерді күн тәртібінен түсірмейді және оны шешу жолында жүйелі жұмыс жүргізуді жалғастырады.

– Мұғалім еңбегіне лайықты жалақы төлеу әлі де өзекті. Бұл мә­се­леге қатысты не айта аласыз?

– Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев­­­тың тапсырмасына сәй­кес, 2020 жылы педагогтердің жалақысы 25 пайызға өседі және алдағы төрт жыл ішінде екі есеге артады. Бұл жаңалықты сала қыз­меткерлері мемлекеттің мұға­лімдердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға бағыттаған қадамы ретінде қабылдады. Алайда нақ­­ты жағдайды са­раласақ, бұл ша­ралардың мұға­лімдердің ең­бегіне лайықты жалақы төлеу мәселесін шеше алмайтынын ай­туға мәжбүрміз. Салалық ке­ңес жүргізген мониторинг нә­ти­жесінде, жалақы бірнеше рет көтерілгеніне қарамастан, қа­зақстандық мұғалімдердің жа­л­ақысы 2019 жылдың 1-жар­­тыжылдығында 100 мың тең­гені құрады. Ал республика бо­йын­ша орташа айлық жалақы 168 мың 489 теңгеге тең, яғни 64%-ға артық екені анықталды. Сондықтан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеу барысында, жалпы педагогтердің әлеуметтік жағдайына қатысты мәселе көтергенде бірінші кезекте – педагог мәртебесін арт­тыруды нақты шарадан – ел­дегі ұстаздардың жалақысын көтеруден бастау керегі айтылды. Бұл ретте педагогтердің ең­­­бекақысын есептеу әдісінде базалық лауазымдық жалақыны (17697 теңге) ең төменгі жалақыға (42500 теңге) алмастыру керек. Бұл мәселеде Қазақстандық салалық кәсіподақ Қазақстанның Кәсіп­одақтар федерациясымен бірігіп Халықаралық еңбек ұйымының №131 «Ең төменгі жалақыны тағайындау туралы» конвенциясын ратификация­лау жөніндегі жұмыстарды жал­ғастыруы қажет. Бұл ең төменгі жалақы деңгейін анықтау ке­зінде жұмыскердің және оның отба­сының қажеттіліктерін, ел­дегі жалақының жалпы дең­гейін және тұрмыс құнын есеп­теуге мүмкіндік береді. Еңбек кодексінде және Үкімет деңгейін­де қарастыра отырып, жалдамалы жұмысшылардың жалақысын жыл сайын индекстеуді қарастыратын норманы енгізу туралы мәселені шешу маңызды әрі қажет.

– Кейінгі кезде мұғалімдерге ата-аналар және басқа да тұлға­лар тарапынан қол жұмсау се­кіл­­ді келеңсіз жағдайлар орын алуда. Педагогтарды қорғауда заңның қандай қауқары бар?

– Педагогтердің ар-намысын, абыройын қорғау мақсатында заңнамамен алғаш рет педагогтің абыройына қол сұққаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы норма енгізілді. Айталық пе­дагогтерге тіл тигізгені үшін жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл (1 АЕК – 2 651 теңге) салынады. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде қайталанатын болса 40 АЕК көле­мінде айыппұл (106040 теңге) немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу қарастырылған. Егер кәмелет жасына жетпегендер педагогке тіл тигізсе, олардың ата-анасына немесе ата-анасының орнын алмастырушыларға 20 АЕК көле­міндегі айыппұл салынады (53020 теңге). Құқық бұзушылық қайталанса айыппұл көлемі 30 АЕК болады. Заңда мұғалімдерді кәсіби міндетіне жатпайтын жұ­мыс­­тарға тарту мәселесіне жіті көңіл бөлінген. Педагогтерді қыз­метіне сәйкес емес жұмыс­тар­ға тартқандарға ескерту бері­леді, құқық бұзушылық қайта­ланса кінәліге 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады (318120 теңге). Көзделмеген есеп­ті­лікті ұсынуды талап ет­кендер­ге де ескерту беріледі, құқық бұзу­шылық қайталанса 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Көзделмеген тексерістер жүргізген кінәлі лауазымды тұл­ға­лар да осындай жазаға тартылады.

– Заң талаптары жұмыс істеуі үшін бірінші кезекте білім беру органдарына, кәсіподақ ұйымдарына, елдегі ұстаздар қауымына қандай жұмыстар жүргізу қажет?          

– Біріншіден, педагог мәрте­бесін арттыру – қоғам міндеті, заң талаптарын жүзеге асыруға бәріміз де жауаптымыз. Сондық­тан биліктің барлық органдарына, қоғамдық ұйымдарға, педагог мәртебесін арттыруға ынталы бар­ша азаматтарға жаңа заңға бай­ланысты кеңінен түсіндірме жұмыстарын жүргізу маңызды. Заң шарттарын әр педагогке, бі­лім беру саласының әр ұйымына жеткізу керек.

Заңның қабылдануына бай­ла­ныс­ты, ұйым алдында кәсіп­одақ мүшелерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы жарғылық міндеттері мен білім-ғылымды дамыту сала­сын­дағы мемлекет саясаты­ның басым бағыттарын орындауға бағытталған кәсіподақтың XIV съезінің шешімдерін, 2019-2024 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру жауапкершілігі жүктелген. Маңызды міндет – педагог кадрлардың әлеуметтік мәртебесін көтеру, әлеуметтік әріп­тестікті дамыту, білім саласы қызметкерлерін құқықтық тұрғыдан қорғау тиімділігін арттыру. Заң педагогтердің көптеген әлеу­меттік кепілдіктерін шешу­ге, коммуналдық төлемдерді тө­леуге, жергілікті бюджет есебінен ауыл мұғалімдеріне отын сатып әперуге жауапты жер­гі­лік­ті өкілдік және атқарушы ор­ган­дарға үлкен жауапкершілік жүк­тейді. Өкінішке қарай, жергі­лікті жерлерде заңнамамен қа­рас­­тырылған көптеген жеңіл­дік­тер мен кепілдіктер қажетті қаржының жоқтығынан орындалмай отырғанын айту керек. Сондықтан кәсіподақ ұйым­да­рына заңнама талаптарын орындау мәселесінде жергілікті билік тарапынан қалдық қағидасын болдырмау үшін жұмысты күшейту керек.

Заң қабылданғаннан кейін құжаттың артықшылықтары мен кемшін тұстары туралы көптеген әңгімелер айтылуда. Бұл болуы тиіс жағдай. Жалпы, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қа­был­дануын салада жасалған оң өзгерістердің бірі деп бағалау керек. Жаңа заң өз деңгейінде әре­кет етіп, қазақстандық педагог­тер мен білім беру саласының игі­лігіне жұмыс істейді деп сенеміз.

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»