Руханият • 20 Қаңтар, 2020

Адамдықтың қайнары

489 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында елімізде күтілетін бірегей шара – ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойының өткізілуінің, оған жаппай халық болып дайындалудың қаншалықты маңызды және қажетті екендігі айтылады. Бұл шаралар «той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» дейді Президент сөз басында мәселені бірден ашып.

Адамдықтың қайнары

Даңғазалықты уақыт көтермейді. Данышпан ақын айтқандай, «бекер мал шаш­пақ­тан» арылатын кезіміз жетті. Сондықтан ұлы ақынға ар­нал­ған 500-дің үстіндегі іс-шара уақыт талабына сай жаңаша дең­гейде атқарылуы тиіс деген Қасым-Жомарт Кемелұлы ой-толғамдарын «Ұлттық бол­мыстың үлгісі», «Мемлекет ісінің мүдделісі», «Жаңа қоғам­ның жанашыры», «Әлемдік мәде­ниеттің тұлғасы», «Торқалы той­дың тағылымы» деген мақала тақырып­тарын­да түйіп айтады.

Абай заманы мен бүгінгі уақыт бір емес. Алайда ортақ мәселелер жеткілікті. Әсіресе сол кездегі қазақ қоғамына терең үңілген хакім Абай халықты кері тартатын дерттерді тамыршыдай дәл танып, алдыңғы қатарлы мәдениетті елге қайтсек жетеміз, кім болуымыз керек, ел болашағы – жастардың бойында қандай қасиеттер болсын, неден қашсын, неге ұмтылсын, жақсылығы­мыз қайсы, жамандығымыз неде деген тәрізді өмірлік сұрақтарға жауап іздеді. Батысқа, Шығысқа үңілді, ой қорытты, жол нұсқады.

Міне, сол кездерде Абай айт­қан ащы шындық, ескертулер бүгінгі тәуелсіздік заманында да алдымыздан андағайлап шығып отыр. Жойылып кеткен жоқ. Өз бетінше жойылар түрі де жоқ. Одан арылудың жолын тағы да Абайдан іздеуіміз керек.

Бұл ретте Президент Қ.Тоқаев жалпылыққа бармай, Абайдың өзіне жүгініп, ХХІ ғасырдағы бүгінгі Қазақ­станның көкейкес­ті мәселелерімен байланыстырады. Адам өміріндегі білім мен ғылымның, көп тіл білудің, оны ел игілігіне жұмсаудың маңызын Абай терең сезінген. Автор ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге», «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» деген ой толғамдарын қазір­гі уақыт талабымен сабақтас­тыра талдай отырып, бүгінгі заман үшін өте маңызды интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алғанын алға тартады.

«Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін өзі тануы. Адамның өзін өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интел­лектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай Абайдың сөзі ұрпақтың бағыт алатын темір­қазығына айналуы қажет», дейді мақала авторы.

Интеллектуалды ұлт – бүгінгі уа­қыт­­тың да өзекті мәселесі. Бұл ыңғай­да тағы да ұлы ақынға жүгінеміз. Ал Абайда интеллектуалды ұлт болудың жайына арналған қазыналы ой мол. Алысқа бармай-ақ мына бір ұлағат­ты сөзіне назар аударалық: «Тегін­де адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшы­лық», дейді хакім. Міне, бұл – біздіңше, интеллектуалды ұлт болудың негізгі қағидаларының бірі деп білемін. Бұл ғибратты ой-толғауды оқып, жалаң жаттап алу аз, оны мемлекет бас­қарып отырған шенеуніктен бастап қара­пайым еңбек адамына, от-жалыны бо­йын­дағы еліміздің болашағы – қа­рымды жастар­ға дейін өмірлік ұстаны­мы­на айналдырса, еліміздің жетер биі­гі, алар асуы жоғарыда болмағы сөзсіз.

Әділетті қоғам құру Абай­дың басты арманы болатын. Пре­зидент Қ.Тоқаевтың «Ха­лық үніне құлақ асатын мем­лекет» құру тұжырымдамасы әділетті қоғам құру мақсатымен үндес­кен Абай арманының орындалуы деп білеміз. «Заң үс­тем­дігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан аза­мат­тарға, әсіресе жас­тарға мем­ле­кетті сыйлаудың мән-ма­ңы­­­зын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұр­асы­на зейін қойған абзал», дейді Қа­сым-Жомарт Кемелұлы. Ашық диа­логтер алаңын құру ел мүд­десі, ұлт мұраты ортақ екенін білдіреді.

Абай өз заманында-ақ бұл бағытта сындарлы ойларын айтқан. «Келелі кеңес жоғал­ды, Ел сыбырды қолға ал­ды», «Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ», «Қу тіл­менен құтыртып, Кетер бір күн отыртып» деп келетін ой-толғамдардан туындайтын келе­лі мәселелерді мақала авторы орынды тарата айтып, әрқайсы­мызға үлкен ой салады, қо­ғам алдындағы жауапкершілікті жүктейді. Қазіргі кезде популизм теріс тенденцияға айналып барады. Әлеуметтік желілерді пайдаланып, тасада отырып, қазіргі заманның тыныштығы­на, халықтың берекелі тірлігіне тас ататындарды кім-кімде біледі. Олар небір сұрқия ойларымен, «түймедейді түйедей етіп» көрсетуімен халықты адас­тырғысы келеді. Жалаң ұран, әсіре қызыл сөзді судай сапырады. Шындап келгенде, бұл елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті құбылыс екеніне назар аударылады. Президент Абай айтқандай, артық мақтанға салыну, өзгені қор көріп, өзін зор тұту, өнімсіз дау қуу адамдықта да, елдікте де жараспайтынын еске салады.

ХХІ ғасырдағы жаңа қоғамда ұлты­мыз қандай қасиеттерді бойымызға сіңіруіміз қажет дегенде, тағы да ұлы Абайдың даналық философиясы алдымыздан шығады. Ақынның «То­лық адам» формуласы – қазақ халқының өмірлік филосо­фия­сына айналуы тиіс, дейді Президент Қ.Тоқаев. Ал «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деп келетін «Толық адам» формуласын халық болып терең зерделей алдық па? Бұл үлкен сұрақ. Сондықтан да Абай мерейтойын өткізу, жоғарыда айтқандай, жай той тойлау емес, ғұламаның дүниетанымына, ұстанған өмірлік концепциясына, ұлтқа ұсынар бағдарламасына кешенді зерттеулер жүргізу, оны халыққа жеткізу, қарапайым сөзбен түсіндіріп бойына сіңіру, өмірлік қағидаға айналдыру екенін алға тартады.

«Біз Абайдың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерде­леуіміз керек. Бұл бағытта ғалым­дары­мыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласынан, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», дейді автор.

Абай айтқан өсиет бүгінде де ма­ңызды. Масылдықпен күрес, уайымсыз салғырттыққа, бостекі ойын-күлкіге салынбау, еңбек­тің қадірін білу, кәсіппен шұғыл­дану, шаруақорлық дағды­ларын бойға сіңіру жөніндегі ой-толғаныстар қазіргі кездің де басты қағидасына сәйкес келетіні сөзсіз. «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?» дейді Абай. Тура бүгінгі уақыттың сөзі емес пе? Кәсіп­керлікке кең жол ашылып отыр. Кәсі­біңді тап, еңбектен, ізден, – бұл мем­ле­кетіміз ұстанып отырған басты бағыты.

Ұлы Абайды өзіміз ғана танып қоймай, әлемге таныту, Қытай елі Лао-цзы, Конфуциймен, Ресей Достоевский, Толстоймен, Франция Вольтер, Руссо­мен танылса, келешекте «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деген ілтипатқа иеленуі керек, дейді Президент. Бұл әрине өз-өзімен атқарыла қалатын шаруа емес. Ол үшін Абай еңбектері әлем тілдеріне: ағылшын, араб, жапон, испан, италиян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аударылуы керек деген міндет қойылады. Абай туралы деректі фильм мен телесериалдардың түсірілуі, республикалық, халықаралық дең­гейде театр және өнер фести­валь­дарының өтуі, әдебиет және өнердің үздік туындыларына Абай атындағы мемлекеттік сый­­лық­­тың тағайындалуы ақын тойы­ның жай той емес, Елбасы айтқан рухани жаңғыру саласындағы үлкен серпіліс болатынын білдіреді.

Бұл кім-кімге де үлкен жауап­кер­­­шілік міндеттейді. М.Х.Дулати атын­дағы Тараз университеті де бұл бағытта ауқымды жұмыстарды жүргізеді дегім келеді. Өйткені Абай тойы – халық тойы, рухани серпіліс, жаңғыру шарасы болмақ.

 

Махметғали САРЫБЕКОВ,

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері