03 Тамыз, 2013

Қуатты серпіліс – ертеңгі табыс кепілі

340 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

2493866

Ежелгі философтардың бірі «Күте білгендерге бәрі өзінің уақытында келеді» деген. Мемлекетіміз реформалардың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл реформалар қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатысты. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өзін өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамның биліктің жұмысына бақылау жасауын күшейту бойынша ауқымды шаралар қолға алына бастады. Мәселен, Елбасымыздың саяси шешімінің арқасында егемендігіміздің тарихында тұңғыш рет барлық ауыл округтері, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткелі отыр.

 

2493866Ежелгі философтардың бірі «Күте білгендерге бәрі өзінің уақытында келеді» деген. Мемлекетіміз реформалардың жаңа кезеңіне қадам басты. Бұл реформалар қоғамдық өмірдің барлық салаларына қатысты. Мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру, өзін өзі басқару жүйесін дамыту, қоғамның биліктің жұмысына бақылау жасауын күшейту бойынша ауқымды шаралар қолға алына бастады. Мәселен, Елбасымыздың саяси шешімінің арқасында егемендігіміздің тарихында тұңғыш рет барлық ауыл округтері, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткелі отыр.

Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың 5-9 тамызы аралығында 2457 ауылдық округ пен аудан­дық маңызы бар қалалары, ауыл­дық округтің құрамына кір­мей­тін кенттері мен ауылдары әкімдерін мәслихат арқылы сай­лау өтеді. Бұл еліміздегі бар­лық әкімдердің 91,5 пайызы болып табылады. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бо­йынша, аудан әкімдері жергілікті қоғамдастықпен келісе келе, бала­малы негізде 7173 кандидатты ұсы­нып отыр және олардың 7018-і­ тіркеуден өткен. Мұның өзі жер­гілікті өзін өзі басқаруға деген ықыласты көңілдің жарқын кө­рі­нісі екендігі әрі бұл сайлау ел­дің демократиялық дамуы үшін маңызды десек қателеспейміз. Жалпы, әкімдер сайлануын­ енгізудің басты мақсаты – ел­де­гі мемлекеттік басқарудың ең оңтайлы, айқын және тиімді мо­делін қалыптастыру екендігін айтқан жөн.

Негізі, Ата Заңымызда көрсе­тіл­ген жергілікті өзін өзі басқару жүйесін іске кірістіру тәуелсіздік алғаннан бері көтерілуде. Бұл мәселенің, әсіресе, оппозиция және билікті үнемі сынап жүретін бұқаралық ақпарат құралдары тараптарынан жиі айтылып, сая­си мақсатқа пайдаланып кел­гені де белгілі. Олардың осы мә­се­леге қатысты билікке мін та­ғып, Қазақстанда демократияға қастандық жасалынуда деп байбалам салғандары әлі есімізде. Ал, шындап келгенде, кешеуілдеудің сыры мемлекеттің қалыптасу кезеңінде бірден мұндай қадамға баруға болмайтындығында еді.

Осындайда еріксіз ойға түседі. Баяғыда бір бозбала шөп тиеп келе жатып шылым шегіпті. Содан абайсызда өрт шығып, арбасы да, шөбі де жанып кетеді. Сөйтіп, ұн­жырғасы түсіп ауылға келсе, біреу «темекіні неге түсіп шекпедің» десе, келесісі «үйге келген соң да темекіні шегуге болар еді» деп ақыл айта бастапты. Сонда кі­нәлі жігіт: «Байқаймын, шөбі өртенбегендердің бәрі ақылды екен ғой» деген екен.

Сол айтқандай, төменгі буында белгілі бір дәрежеде іске асыруға болатын кейбір ұсыныс-пікірлер мемлекеттік деңгейде басқаша сипат алып, олардың шешімін та­буы күрделі мәселеге айналуы мүмкін. Сондықтан жоғарыда атап өткеніміздей, әр нәрсе өзінің ретімен әрі кезегімен орындалып жатуы ләзім.

Бір қызығы, ауыл әкімдерін сайлау керек деп жүргендердің ішінен осы туралы шешімнің шы­ғуы мұң екен, оны сынаушылар тағы да табыла кетті. Мен Сыртқы істер министрлігі жанындағы Адам өлшемдері жөніндегі кон­сультативтік кеңестің мүшесі ре­тін­де оның ай сайынғы өтетін отырыстарына қатысамын. Сол тұс­та құқық қорғаушылардың кейбір өкілдері алдағы болатын сайлау неге мәслихат арқылы өтуі керек деп айтып жататыны бар. Бұл кемшілікті көрме, ешкімді сынама, мінеме деген сөз емес, әрине. Бірақ, олардың сөз саптау­лары маған, шындап келгенде, елдік мүдделерді етектен тартып жатқандай көрінеді. Егер олар бұл мәселеге тереңірек үңілсе ауыл әкімдерін сайлау демократиялық үрдістен бір мысқал да алыс жатпағанын аңғарар еді. Өйткені, жанама сайлауларды дүниежүзілік тәжірибеде көптеп кездестіруге болады. Басқаны айтпағанда, демократияның атасы саналатын АҚШ елінде мемлекет басшысы, яғни президенті жалпыхалықтық емес, белгілі бір сайлаушылардың өкілеттігіне иелердің қатысуымен жанама сайлау негізінде өткізіліп кел е жатқандығы баршаға мәлім.

Менің ойымша, негізгі мәселе, алдағы сайлаудың ашық және қатаң заң талаптары бойынша өтуіне саяды. Өйткені, сайлаудың нәтижесінде қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылының күнделікті өмірімен таныс, оның қыр-сырын білетін, бірлесе шеше алатын басшылар билікке келулері керек. Себебі, мемлекетті нығайту күшті билікті қамтамасыз етуге тікелей байланысты. Сондықтан бәріміз соған мүдделі болуымыз керек. Және де солай боларына мәслихат депутаттары сол халықтың ішінен шыққандар болғандықтан, әрі әр ауылдың өзінің ел сыйлайтын, аузына қарайтын беделділерді жақсы білетіндіктен еш күмән жоқ.

Әрине, елде осындай маңыз­ды реформалар жүзеге асыры­лып жатқанда, азаматтық қо­ғам институттарының және бұ­қаралық ақпарат құралдарының жауапкершілігі ерекше екені сөзсіз. Осы ретте, Қазақстан Рес­публикасының аудандық ма­ңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауын қадағалау жөніндегі Рес­публикалық қоғамдық комис­сия­ның құрылғанын айтқан жөн. Құрамында еліміздің белгілі азаматтары басқаратын бірқатар республикалық қоғамдық бір­лестіктері бар аталмыш комиссия жоспарға сай өз жұмыстарын бас­тап та кетті. Соның алғашқысы ретінде 1 тамызда комиссия мү­шелері республикалық БАҚ үшін арнайы брифинг өткізіп, алдағы атқарылатын іс-шаралар жөнінде толық мәліметтер берді. Олар тек сайлау науқанының заң аясында таза өтуін бақылаумен қатар, сайланған әкімдердің бюджеттік бағдарламаларының орындалуы барысын қадағалау қажеттігін де ескертті және бұл тұрғыда ақпарат құралдарының орыны ерекше екендігін атап өтті.

Иә, қазіргі күні аудандық ма­ңызы бар қалалар мен кент­тер­дің, ауылдардың әкімдерінің дербес бюджеттері жоқ. Алайда, олар 15 бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады. 2013 жылы осы бюджеттік бағдарламалар іске асу үшін 100 миллиард 300 миллион теңге қаражат қарастырылып отыр. Мұның сыртында, салалық бағдарламалар үшін респуб­ликалық бюджеттен 36 миллиард 100 миллион теңге трансферт жоспарланғанын айтқан жөн. Бұл деректер, түптеп келгенде, жергілікті өзін өзі басқару бойынша әкімдердің қаржылық жағынан қамтамасыз етілуінің көкжиегі кеңейіп келе жатқанын айқындап отыр. Тек осы қаржылардың елдің игілігіне жұмсалуын толықтай қамтамасыз етуіміз қажет.

Жалпы, жергілікті өзін өзі басқарудың екі кезеңнен тұра­тынын айтқан жөн. Оның ал­ғашқысы 2013-2014 жылдар­да жүргізіліп, жергілікті билік­тің әлеуетін арттыру, оны қаржы­ландыру мен басқару қызметін жолға қоюды көздесе, ал екіншісі – 2015-2020 жылдарға арналған кезеңінде мемлекеттік басқаруды орталықсыздандыру әрі қарай тереңдетіліп, жергілікті биліктің бюджетін қамтамасыз ету сияқты өзге де маңызды мәселелерді қарастырады. Сайып келгенде, мұның бәрі түпкі нәтижесінде өңірлердегі ауылдар мен кент­тердің өзекті деген көптеген мәселелері шешіліп, оларды жүзеге асыру жолында әрбір азаматтың араласуына толық мүмкіндік туатын болады. Яғни, бұл жергілікті жерлердегі мәселелерді шешудің тиімділігін түбегейлі арттырумен қатар, азаматтардың мемлекетті басқару шаруасына белсенді атсалысуын қамтамасыз етеді.

Қорыта келгенде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткен­дей, билік халыққа қызмет етуі тиіс, сол себептен де мемлекеттердің есептілігі күшейеді және халықтың қамын ойлау, жағдайын жақсарту тек биліктің еншісіндегі ғана іс емес, ол онда тұратын әрбір саналы азаматқа қатысты екенін ұмытпаған жөн. Себебі, бірлігі жарасқан, жаңаруға икемді, саяси,­ экономикалық және әлеуметтік жаңғыртуға бейім ұлт қана табысқа жетеді. Бүгінгі күнгі қуатты сер­піліс пен қарышты да нақты қадам – ертеңгі табысымыздың кепілі.

Кенжеболат ЖОЛДЫБАЙ,

саясаттанушы,

Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық

қоғамдық комиссияның мүшесі.

АСТАНА.