Аймақтар • 21 Қаңтар, 2020

Оңдасын Оразалин кемшіліктерге жол берген басшыларға аяушылық танытпауды тапсырды

766 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жылы өңірде атқарылыған жұмыстарды  сараптауға арналған кеңейтілген аппараттық отырыс өтті.

Оңдасын Оразалин кемшіліктерге жол берген басшыларға аяушылық танытпауды тапсырды

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары және видеобайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты. Аймақ басшысы алдымен әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің артқанын атап өтті.

«Облыстың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы 105,7% құрап, өнеркәсіп – 105,9%, инвестиция – 107,5%, ауыл шаруашылығы – 103,7%, бөлшек және көтерме сауда – 104,9%, құрылыс – 105,8%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 112,4% құрады»,- деп атап өтті облыс әкімі.

Бұдан соң, облыс әкімінің орынбасары Руслан Мамунов  өңірдің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен 2020 жылға қойылған  міндеттері туралы баяндады. Соңғы үш жыл қатарынан  өңірдің экономиқалық өсімі 5% құрап, барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш көлемі артқан. Қазір облыста тау-кен өндіру секторында  200-ге жуық кәсіпорын жұмыс істейді, олар жыл сайын шамамен 6 млн тонна мұнай өнімдерін, 6 млн тонна хром рудасы, 4,5 млн тонна хром концентраттары, 3 млн тонна мыс кендері, сондай-ақ 400 мың тонна құрамында алтыны бар кендер және 300 мың тонна мыс концентраттары өндіріледі.

Сонымен қатар, Руслан Мамунов өңірге инвестиция тарту бүгінгі күні басты мақсат болып отырғанын жеткізді. Инвестицияның НКИ өсуі 107,5% құрап, 600 млрд теңгеге жуық тартылған. Дегенмен, Ырғыз Шалқар және Байғанин аудандары инвестиция тартуда көрсеткіштері төмен.

Облыстағы құрылыс кешені, жол инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын  дамыту бойынша атқарылған шаралар жайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Рахат Сыдықов өңірде құрылыс жұмыстарының көлемі 194 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы деңгейден 5,8% асқанын айтты. 1,02 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. 2020 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру үшін 7,5 млрд теңге бөлінеді. 2020 жылы сомасы 31,9 млрд құрайтын 98 ірі жоба іске қосылуы жоспарланып отыр. Қазіргі таңда республикалық және облыстық бюджеттің қаржыландыру есебінен жалпы құны 4,3 млрд теңгеге 15 газдандыру жобасы жүзеге асырылуда. 2020-2022 жылдардың республикалық бюджетін қалыптастыруға сумен жабдықтау бойынша құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 16 жоба қолдау тапқан.

Облыс әкімі осы тұста құрылысы ұзаққа созылған нысандарды сынға алды.

«Біз мектеп, денешынықтыру ғимараттары, әлеуметтік нысандар салу керек дейміз, бюджеттен тиісті қаражат бөлініп отыр, құрылыстардың тым ұзаққа созылуына кім кінәлі?» деген аймақ басшысы кемшіліктерге жол берген басқарма басшыларына аяушылық танытпауды, тіпті  жұмыстан босатып,  тәртіптік шара қолдануды ескертті.

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов өнеркәсіп, бизнесті дамыту бағдарламаларының жүзеге асырылуына тоқталды. 2019 жылы өнеркәсіп көлемі 1,9 трлн теңгені құрап, 600 млрд теңгеге өнім  өндірілген. Өңірдегі кәсіпорындар жалақыны арттырған. 2 176 кәсіпорын 75 203 қызметкерінің жалақысын орташа есеппен 10-15%-ға көтерді. 2020 жылы  28 ірі және орта кәсіпорын 22 053 қызметкердің еңбекақысын арттыруды жоспарлап отыр. Кәсіпкерлікті дамыту бойынша  даму институттары арқылы қаржыландырудың барлық көздерінен  2,1 мың кәсіпкерлік субъектісіне 33 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді.

ж

Облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің көрсеткіші жайын баяндаған облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин  ауыл шаруашылығы саласында 275,2 млрд теңгенің өнімі өндірілгенін жеткізді.  «Ақтөбе облысындағы  агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы» бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов 2019 жылғы мемлекеттік органдардың атқарушылық тәртібін баяндады.

Жиынды қорытындылағын аймақ басшысы атқарылған жұмыстарға баға бере отырып, барлық салада қарқынды дамытуды қамтамасыз ету керек екенін айтты.

«Жалпы, жыл қорытындысының көрсеткіші жаман емес, дегенмен шешуді қажет ететін  кемшіліктер де  жетерлік. Әрқайсысыңыз өз салаларыңызға қатысты қорытынды шығарып тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, өңір экономикасының дамуына жұмылып жұмыс жасау керек»,-деді Оңдасын Оразалин.

Сонымен қатар, орынбасарларына, басқарма басшыларына, қала, аудан әкімдеріне халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуды, олармен  кездесулер ұйымдастырып, Үкімет тарапынан қабылданып жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламаларды  түсіндіріп, тікелей байланыс орнатуды тапсырды.

г