Кіші ракетканы қолға алғандар турнир бағдарламасының жеті түрі бойынша күш сынасқан болатын. Атап айтқанда, ерлер және әйелдер командалары өз тараптары бойынша мықтыны анықтаса, жігіттер мен қыздар жекелей сында өзара сайысты. Сонан соң, теннисшілер жұптар және аралас жұптар арасында чемпионат жүлделері үшін таласты.
Жарыстың бас төрешісі Татьяна Ким әрбір ойынның аса тартысты өткенін атап өтті. «Чемпионат барысында ел құрамасының сапында жүрген шеберлер өздерінің мықтылығын дәлелдеп шықты», дейді маман. Атап айтқанда, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы Кирилл Герасименко бұл жолы да жолындағысын қоғадай жапырып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көерілді. Алматылық теннисші финалдық сында Батыс Қазақстан облысының мықтысы Айдос Кенжеғұловтан басым түсті.
Бұдан бөлек, Кирилл Герасименко жұптасып өнер көрсету сайысында елордалық теннисші Александр Герасименкомен тізе біріктіріп, жарыс жеңімпазы атанды.
Ал әйелдер арасындағы тартысты сында қарағандылық қыз Зәуреш Ақашеваның айы оңынан туып, топ жарды. Чемпионаттың алтынына таласқан шешуші сайыста ол елордалық теннисші Анастасия Лаврованы тізе бүктірді. Сондай-ақ, болашағы зор Зәуреш теннисші шымкенттік Сарвиноз Миркадировамен жұптасып өнер көрсетіп, чемпионаттың тағы бір алтын медалін мойынына ілді. Ол ол ма, қарағандылық дарынды жас аралас жұптасып өнер көрсету сайысында да тамаша табысқа қол жеткізіп, жерлесі Владислав Захаровпен бірге ел чемпионы атанды.
Сонымен, чемпионаттың абсолютті жеңімпазы атанған Зәуреш Ақашева алдағы уақытта үстел теннисінен өтетін Азия кубогы жолындағы сайыста бақ сынауға мүмкіндік беретін жолдаманы жеңіп алды. Біздің теннисші қызымыз қатысқалы отырған бұл дүбірлі додада құрылықтың ең үздік деген 16 теннисшісі өнер көрсететін болады. Зәурешпен бірге аталған жарыста Кирилл Герасименко да күш сынайды.
Үстел теннисінен спорт шебері, Ұлттық құрама команданың мүшесі Зәуреш Ақашеваның аталған спорт түрімен айналысқанына 12 жыл болыпты. Кейінгі жеті жылда талантты теннисші Қарағанды облысының аға бапкері Эльмира Әлиеваның қарамағында жаттығып жүр екен.
«Менің табысқа жетуіме психологиядық әзірлік көп көмегін тигізеді. Көбіне мен жалғыз қалып, ойға шомғанды ұнатамын. Жүйкені әбден тынықтырып алған соң, алдағы ойындардың тактикалық тәсілдерін ойша құрастырғанды ұнатамын», дейді Қазақстанның су жаңа чемпионы.
Айтпақшы, Зәуреш үшін бұл чемпионат ересектер арасындағы тұңғыш турнир болды. Бұдан бұрын жасөспірімдер арасында Қазақстанның екі дүркін чемпионы атанған дарынды спортшы үлкендер арасындағы додаға тайсалмай түсіп, еліміздің ең мықты және тәжірибелі теннисшілерін далада қалдырды.
Чемпионат қорытындысы бойынша қыздар арасындағы командалық сында Батыс Қазақстан облысының теннисшілері бәрінен басым түсті. Алматылық шеберлер күміс жүлдегер атанса, елорда мен Қарағанды облысының ұжымдары қола жүлдені қанағат етті.
Ал ерлер арасындағы командалық сайыста Нұр-Сұлтан қаласының ұжымы үздік шықты. Шымкенттің шеберлері жүлделі екінші орыннан көрінсе, Алматы қаласы мен Қарағанды облысының теннисшілері үшінші орынға табан тіреді.
Жалпы, Қарағандыда өткен Қазақстан чемпионаты турнирінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айта кеткен ләзім. Жарыстың ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің арнайы қатысып, спортшыларға құттықтау сөз арнағанының өзі бұл спорт түрінің Арқа өңірінде құрметтің төрінде екенін аңғартса керек.
Чемпионаттың марапаттау рәсімінде жеңімпаз және жүлдегер теннисшілерге облыс әкімі атынан ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Қарағанды облысы