Аймақтар • 21 Қаңтар, 2020

Таразды түрлендіретін тың жобалар қандай?

184 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Тараз қаласында бірқатар нысандар ашылып, көпшіліктің көзайымына айналған еді. «Көне Тараз» бен «Тектұрмас» кешендері, «Сағат» стелласы, «Әулиеата» ескерткіші және тағы да басқа шаһардың сәулетін арттыратын жобалар мәңгі ел есінде қалды.

Таразды түрлендіретін тың жобалар қандай?

Екі мың жылдан астам тарихы бар шаһардың шырайын арттыратын жобалар ағымдағы жылы да жалғасатын болады. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов қала құрылысының кеңесін өткізіп, жиналғандар осы мәселені талқылады.

Жиында ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстар легі сараланды. Мәселен Тараз қаласының жаңа 15-шағын ауданыңда алдағы уақытта Салтанат сарайы, Оқушылар сарайы, Жеңіл атлетика манежі, Неке қию сарайы тағы да басқа нысандар бой көтереді.

Жиында қазіргі таңда тиісті құжаттардың дайындалып жатқаны айтылды. Сонымен қатар, басқосу барысында Мамыр, Орталық саябақтарын абаттандыру жұмыстарының жобалары да қаралып, нақтыланды.

Тараз қаласының көрікті жерлерінен саналатын Талас өзенінің бойынан демалыс жағажайы, қала маңынан жасыл белдеу салу мәселелері де назарға алынды. Сондай-ақ, биыл «Тектұрмас», «Көне Тараз» кешендерінің екінші кезеңдері де жүзеге асатын болады. Бұл мәселелер бойынша Асқар Мырзахметов тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар берді. Қала құрылысының кеңесі алдағы уақытта да тұрақты түрде өтіп, жоспарлы шаралардың орындалу жайы бақылауда болады.

 

Жамбыл облысы